«Елімізде доңыз бизнесі дамып, шошқа тану кафедралары ашылмақ»
«Елімізде доңыз бизнесі дамып, шошқа тану кафедралары ашылмақ»
Олар талпақ танау бизнесімен айналысам деген кәсіпкерлерге шошқаны қалай бағу керек екенін үйретпек.
Мамин Үкіметі халқымыздың о бастан қалыптасқан қой, жылқы және сиыр шаруашылығын ысырып қойып, шошқа бизнесіне көңіл аударып жатыр деген ақпарат расқа айналар түрі бар. Кешеден бері бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Қытайға шошқа етін экспорттауға қызу дайындалып жатыр деген ақпараттар тарап жатыр. Керек болса, талпақ танау бизнесімен айналысам деген кәсіпкерлерге шошқаны қалай бағу керек екенін үйрету үшін Швейцария елінен мамандар келмек көрінеді, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Skifnews.kz порталына сілтеме жасап.
Алдағы уақытта еліміздің жоғарғы оқу орындарында талпақ танау мамандарын даярлайтын яғни шошқа тану кафедраларын ашу, кадрлардың жаңа буынын дайындау, «асыл тұқымды» доңыздарға арналған жаңа фермалар құру секілді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Осы мақсатта Ауыл шаруашылығы министрлігі отандық шошқа өсірушілеріне арнайы оқыту семинарын өткізу жөнінде үлкен пилоттық жоба жасап, ел Үкіметіне ұсынып қойыпты.
Сонымен бірге аталмыш министрлік Қытай кеденіне шошқа өсіретін 34 қазақстандық кәсіпорнының тізімін жіберген.
Dalainform ақпарат порталында Сауда және интеграция министрлігінің швейцариялық «SUISAG» компаниясымен Қазақстанның шошқа шаруашылығы саласын дамыту мәселелерін талқылағаны туралы ақпарат тарады. Онда Қазақстанның шошқа шаруашылығы ҚХР нарығына шығуға қызу дайындық үстінде отырғаны айтылған.
Жиынға қатысушылардың айтуынша, доңыз етінің экспортын ұлғайту әлеуеті 780-1100 млн АҚШ долларын құрайды. Бұл тұста бастысы Қытай нарығы болып отыр.
Өткен жылдың қыркүйегінде ҚХР мемлекеттік кеден басқармасымен Қытайға мұздатылған шошқа етін экспорттауға қойылатын талаптар бойынша хаттамаға қол қойылып, сондай-ақ ветеринарлық сертификат келісілген. Енді қазақстандық шошқа шаруашылығы кәсіпорындарын ҚХР бас кеден басқармасының тізіліміне енгізу күтілуде.
Осы орайда, ағымдағы жылдың маусым айында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Қытайдың бас кеден басқармасына 34 қазақстандық кәсіпорынның (30 ет өңдейтін және 4 шошқа өсіретін) жаңартылған тізімін жіберген, - деп жазған аталмыш дерек көзі.
Сонымен қатар, бұл жиында «SUISAG» компаниясының өкілі Маттео Эппли қазақстандық шошқа шаруашылығы саласының өкілдеріне Қытай Халық Республикасына шошқа етін экспорттау мүмкіндіктері, кедергілер мен сондай-ақ сертификаттау мәселелері және экспортты арттырудың өзге де мүмкіндіктері туралы айтып берген.
Қазіргі уақытта, швейцариялық компанияның генетика, жасанды ұрықтандыру және денсаулық мәселелеріне назар аудара отырып, Ұсыныс ретінде Қазақстан шошқа шаруашылығы орталығын (Швейцария үлгісі бойынша) құру қажеттігі талқыланып жатыр.
Айтпақшы, Сауда министрлігінің «сүйіншілеп» отырған тағы бір жаңалығы бар екен. Еліміз осы жылдың мамыр айында «Қазақстан шошқаның классикалық обасынан азат ел» деп танылып, халықаралық эпизоотиялық бюро сертификатын алыпты.
Естеріңізде болса, осыдан біраз уақыт бұрын белгілі журналист, тележүргізуші Мақсат Толықбай өзінің facebook парақшасына жылқы шаруашылығына қатысты сұмдық жайттың бетін ашып көрсеткен жазба жариялаған болатын.
Онда ол бұдан былай мемлекет жылқыға бір теңге тіпті бір тиын субцидия бөлмейтін болғанын, сол секілді қой малынаың жем-шөбіне деп бөлінетін қаржының төрт мың теңгеге дейін азайғанын айтқан.
Есесіне шошқа баққанның жағдайы жақсармақ көрінеді.
«Субсидиялардың барлығы қайда кетіп жатыр дейсіз ғой?! Оның барлығы шошқа шаруашылығын дамытуға жұмсалмақ. Яғни бұдан былай бір шошқа сатып алатын болсаңыз мемлекет сізге 140 мың теңге ақша береді. Әрі ол қайтарымсыз ақша.
Ол аз десеңіз одан бөлек жем-шөбі деп беретін сыйы тағы бар. Доңыздың қарны ашып қалмасын деп жылына тағы 40 мың теңгеден беретін болды. Мен түсінер едім, егер де жылқы, қой шаруашылығы дамып кетіп, еттің келісі 300 теңгеден болса, ол бөлек әңгіме. Әлде біздің қазақ халқы тек қана шошқаның етін ғана жейтін болған ба?
Ауылдағы шопандар онсыз да әрең жүр, жем-шөпке ақша таппай. Олардың ауызынан жырып субсидияның барлығын шошқа шаруашылығына аудару қаншалықты дұрыс?», - деп жазған өз жазбасында.