Берке ислам туын алғаш желбіреткен хан
Берке ислам туын алғаш желбіреткен хан
Оқшаулану кезінде біраз кітап ақтарып, фильм қарауға мүмкіндік алдық. Соны пайдаланып көрші мемлекетте шыққан «Алтын Орда» атты сериалды мұқият көріп шықтым. Мұның алдында «Орда» деген фильмі үлкен дау туғызғандықтан Ұлық Ұлыстың 750 жылдығы қарсаңында шыққан, біздің көптеген қандастарымыз ойнаған сериалдан соны жаңалық, бір жақсылық күткен едік, онымыз бекер болып шықты. Жазбаны Newsroom+Ақпарат агенттігі Egemen.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.
Әсіресе, Берке ханды ұнамсыз кейіпкер ретінде көрсетуі бізді біраз ойға қалдырды, қолға қалам алдырды. Қоңыраулы найза алып қол төңкеріп, күн түбіне күңірене жортып жорық жасаған Ұлық Ұлыстың әміршісі Батудың жанына ерген сайыпқыран сардар Берке еді. Жаужүрек көшпенділер арғымағын аялдатып, өркениет таңдағанда, ислам туын алғаш желбіреткен айбоз Берке еді. Мысырдағы Бейбарыспен одақ жасап, Крест жорығы мен Құлағуға тосқауыл жасаған данагөй, мәмілегер Берке еді. Жошы ұлдарының ішінде жолы бөлек, жосығы ерек жампозы Берке еді. Уақыттың толқыны толассыз жөңкіліп, ғасырлар парағы судырлағанда асылдарымыз күңгірт тартпас үшін қаламға серт.
Берке тұлғасы
Ұлық Ұлыстың ұзын тарихында Жошыдан бастап, жетпіске жуық хандардың аты аталады. Осылардың қатарында ғылым мен мәдениетті, саясат пен дипломатияны терең меңгерген тегеурінді тұлғалар аз емес. Мұндай пассионарлық қуатқа ие тұлғалар өз айналасын өзгертіп қана қоймай, жаһан тарихына да ұлы өзгерістер әкеліп отырған. Ұлық Ұлыс тарихында дәл осындай пассионарлық қуатқа ие тұлғаның бірі – Берке хан. Беркенің мемлекет құру жолындағы саяси реформалары, ислам әлеміне сіңірген еңбегі, ғылым мен мәдениетке қосқан үлесі жалпы тұлғалық қыры, адами болмысы осы ойымызды қуаттайды. Берке орта ғасыр тарихында Еуразиядағы саяси оқиғалар мен үдерістерге едәуір ықпал еткен тұлға. Оның күрделі өмірбаяны Ұлық Ұлыс тарихына қатысты ортағасырлық араб, парсы, орыс, қытай, түрк, батыс жылнамаларында біршама сақталған. Осылардың арасында ортағасырлық тарихшы әл-Жүзжанидің «Табакат-и-Насири» атты еңбегінде Беркенің балалық шағынан өмірінің соңына дейінгі тарихы баяндалған. Түрк тарихшысы Өтеміс қажының «Шыңғыс-наме» еңбегіндегі «Берке хан тарихының басталуы» атты тарауында әйгілі ханның өмірге келуі, хан тағына отыруы секілді маңызды оқиғалар қамтылған. Ал Беркенің есейіп, Дели, Мысыр, Бағдат сұлтандықтарымен хат алмасып, елші жіберіп, мемлекет ісіне араласа бастаған тұсы араб, парсы деректерінен өзге батыс тарихшыларының еңбектерінде де ұшырасады. Тарихи деректер бойынша, Беркенің әкесі – Жошы, анасы – Хорезм әміршісі Мұхаммед Ала әд-Диннің қызы Хан-Сұлтан болған. Болашақ ханның ислам дінін ұстануы және оның анасының бүкіл Орталық Азияда үлкен құрметке ие Ануштегін әулетінен шыққандығы Беркенің өмірінде маңызды рөл атқарады. Тарихшы Жүзжани, Беркені әкесі Жошы Хорезмді жаулап алып, Сақсын, Бұлғар және Сақлаб еліне бет алған жорығында дүниеге келген дейді. Ол Берке туралы «Жошы ханның ұлы Берке жорық кезінде мұсылман жерінде туған екен. Берке туар кезінде анасына Жошы былай деген екен:«Осы ұлды мұсылман ене асырасын, кіндігін мұсылман кессін, Берке мұсылман ананы еміп өссін, ол мұсылман болып өссін».Егер осы әңгіме шын болса, Жошының Алла тозақ отын жеңілдетсін. Сөзсіз осы батамен Берке өсіп ер жеткен соң мұсылмандыққа бет бұрды. Осы заман 658 хижра жылы (1259-1260) Жошыдан қалған мұсылман билеуші осы болатын» деп жазған екен. Ал Өтеміс қажы аталған еңбегінде Беркеге қатысты былай дейді: «Берке хан анасынан туғаннан бастап мұсылман болуымен әйгілі. Ол дүниеге келген соң өз анасын да, өзге әйелдерді де ембей қойды. Сол себепті Жошы оны бақсы-балгерлерге қаратты. Олар сонда: Бұл мұсылман болғандықтан кәпір әйелдерді ембейді. Оған мұсылман сүт ана керек деген соң мұсылман әйел тауып әкелді. Берке оны еме бастады», дейді. Бұл дерек әйгілі Оғыз хан аңызының әсерінен алынуы да мүмкін. Қалай болғанда көптеген тарихшылар Беркені қыпшақ даласында, мұсылмандар ортасында дүниеге келген дейді. Жалпы, Беркенің өмір тарихы Орталық Азияда ислам дінінің таралып жатқан кезімен сәйкес келеді. Сондықтан да болашақ билеушінің түркі-ислам әлеміндегі беделді тұлға ретінде қалыптасуына осы факторлар айтарлықтай әсер етсе керек. Ән-Насауидің пікірінше, Беркенің исламды қабылдап, Құран үйренуіне ұлы хан Өгедейдің ықпалы болған. Ал Жүзжани болса, жас ханзаданың исламға ден қоюына әкесі Жошы әсер еткен дейді. Осылайша аталған екі тарихшы да Ұлыстың болашақ билеушісі бала кезінен мұсылман болғандығын алға тартады. Сондай-ақ Беркенің ислам дінін егде тартқан шағында қабылдағаны туралы пікірлер де кездеседі. Араб тарихшысы Ибн Халдунның хабарлауынша, Берке Қарақорымға Мөңкені ұлы хан сайлауға барған сапарынан кері қайтарда Бұхарадағы сопылық тариқаттың көрнекті өкілі, әйгілі Нәжмәддин Кубраның халифасы әл-Бахарзидің қолын алып, ислам дінін қабылдаған. Қалай болғанда да, Берке хан тағына отырғанға дейін мұсылмандықты қабылдаған болуы керек. Себебі 1251 жылғы құрылтайда шалынған малдардың Беркенің құрметіне орай моңғол дәстүрімен емес, мұсылман әдебіне сай сойылуы осыны аңғартады. Берке ат жалын тартып мінгеннен бастап мемлекет ісіне араласып, Ордадағы беделді тұлға ретінде таныла бастайды. Оның өзіне тиесілі жеке иеліктерімен қатар, мұсылмандардан жасақталған отыз мың сарбазы болды. Тарихи құжаттарда Жошы өзінің ұлдарына иелік үлестіргенде Дешті Қыпшақтың оңтүстік бөлігі мен Батыс Түркістан аймағы Беркенің үлесіне тигендігі айтылады. Әл-Жүзжани «Жошы қайтыс болғаннан кейін таққа отырған Бату хан Беркенің жоғары мәртебесін растап, оның иеліктері мен көптеген бағыныштыларын бекітіп берді», дейді. Батудың Беркеге айрықша құрмет көрсетуі оның Ұлыста аса ықпалды тұлға болғанын айғақтайды. Таққа талас Өгедей, Шағатай ұрпақтары мен Төле, Жошы ұрпақтары арасында айтарлықтай асқынып, Күйік хан қайтыс болған соң тіпті ушығады. Ақыры бұл оқиға Төле, Жошы ұрпақтары одағының жеңісімен аяқталып, Төле ұлы Мөңке ұлы хан сайланады. Жалпы төртінші тақ иесі Мөңке – хандыққа екі рет сайланған тұлға. Алғаш рет Төленің ұлдары Мөңке, Құбылай, Құлағу, Арықбұға астыртын суыт жүріспен Батуға келеді де, Бату 1250 жылы Балқаш көлінің түстігіндегі Ала-қамақ деген жерде құрылтай шақырып, Мөңкені ұлы хан етіп жариялайды. Осылайша империяның іргесін кеңітіп, айбынын асқақтатқан ұлы әмірші Мөңкенің қазақ даласында тұңғыш хан көтерілуі – сол кезеңде әлемдік саясатта осы өңірдің геосаяси жетекші аймаққа айналғанын айқындайды. Алайда Шыңғыс ұрпақтары бұл оқиғаны кіндік атажұрттан жырақта өтті деп мойындай қоймайды. Сол себептен 1251 жылы Шыңғыс ханның атамекені Керулен алқабында Мөңкені екінші рет хан көтереді. Бату ұлы құрылтайды абыроймен өткізіп, тәртіп орнату үшін інісі Беркеге үш түмен әскер беріп, шұғыл аттандырады. Тарихшы А.Порсиннің пікірінше, Өгедей мен Шағатай ұрпақтарын биліктен шеттетіп, Мөңкенің ұлы хан сайлануы Жошы мен Төле ұрпақтарының үлкен жеңісі саналады.
Беркенің билікке келуі
Беркенің Ұлық Ұлыс тағына отыру қарсаңындағы оқиғаларда әлі күнге дейін шешімін таппаған мәселелер бар. Солардың бірі – Беркенің алдында таққа отыруы тиіс болған Сартақ пен Ұлақшының өлімі және оған Берке жақтастарының қатыстылығы. «Алтын Орда» фильмі де Сартақтың өліміне Беркені кінәлайды. Алайда А.Порсин секілді беделді зерттеушілер мұндай пікірлерді жоққа шығарады. Тарихи деректерге жүгінсек, Бату көзі тірісінде үлкен ұлы Сартақты Ұлық Ұлыстың келесі ханы ретінде ресми бекіттіруге Қарақорымға жібереді. Мөңке Сартақты жылы қарсы алып, оны мемлекеттің келесі тақ мұрагері деп жариялайды. 1256 жылы Бату қайтыс болып, Ордада тақ үшін талас басталғанда сыртқы күштер ықпал етуге тырысады. Көшпелілердің дәстүріне сәйкес ағасынан кейін інісіне тиесілі таққа Батудан кейін Берке отыруы тиіс-тін. Алайда ұлы хан Мөңкенің жарлығымен Сартақ хан сайланып, ол көп ұзамай қайтыс болады. Оның артынша таққа отырған Ұлақшы да көз жұмады. Берке осы уақытта Бұхарадағы Шейх Сәйфуддин Бахарзидің жанында болады. Өтеміс қажының хабарлауынша, Сайын хан (Бату) қайтыс болып, оның бектері өзара келісіп, Құлағуға елші жібергендігін естіген хазіреті Шейх Бахарзи Беркеге:«Әй, перзентім! Құдай тағаладан мынадай әмір келді: «Бабаларыңның жұртына барып, сонда билік құр деді», деп оны Бұхарадан Сарайшыққа шығарып салады.Бұл оқиға бізге Беркенің тек діни білім алған тақуа сопылығын ғана емес, оның сол дәуірдегі түрік тілінде еркін сөйлегенін айғақтайды. Оның араб, парсы яки моңғол тілінде дәріс алмағаны анық. Ұлық Ұлыстың алтын тағы енді Беркеге тиесілі болып, ол Мөңкенің жарлығымен 1257 жылы таққа отырады. Ұлыс билігін қолға алысымен түркі-ислам құндылықтарын негізге ала отырып, бірқатар реформаларды іске асыруды көздейді. Алдымен әйелі Чечек бегім мен інісі Тоқай Темірден бастап бірқатар ру басыларын ислам дініне кіргізеді. Өз иелігіндегі қалаларда мешіт-медреселер тұрғызып, еркін құлшылық жасауға жағдай жасайды. Ортағасырлық тарихшы ан-Нувайри: «Чечек бегім құлшылық жасау үшін үнемі өзімен бірге арба үстіндегі шатырлы мешітін алып жүретін еді», деп тамсана жазады. Мемлекет және дін істеріне мұсылман елдерінен Шараф ад-Дин ал-Казвини секілді оқымысты адамдарды алдырып, қазы, уәзір лауазымдарына тағайындады. Ол ислам қағидаларын берік ұстанып, басқалардан да соны талап етті. Рубруктың жазуынша, Беркенің ордасында мал мұсылманша сойылып, доңыз етін жеуге тыйым салынады. Берке таққа отырғанға дейін де яса мен шариғат ережелері арасындағы қайшылықтарға қарамастан, Ордада тамақтану рәсіміне өзгерістер енгізілген болатын. Осылайша Берке Шыңғыс хан әулеті арасында ислам дінін қабылдаған әрі оны кеңінен таратуға ықпал еткен алғашқы билеуші болды. Егер шоқынды Сартақтың ғұмыры ұзақ болып, ол өзінің миссионерлеріне ерік бергенде, ұлыс құрамындағы халықтардың, соның ішінде қазақ жұртының да тағдыр-тәлейі басқа арнаға ауып кетуі мүмкін еді. Ұлы даланың рухани келбетін өзгерткен Беркенің билікке келуімен бірге Ұлық Ұлыстың жаңа дәуірлеу кезеңі басталды. Оның бастамасымен сәулетті ғимараттар салынып, қалалардың құрылысы мен абаттандыру ісіне де үлкен мән берілді. Сарай-Берке, Сарайшық қалалары орта ғасырдағы Ұлы Жібек жолы бойындағы ең гүлденген шаһарлардың біріне айналды. Ұлыстың тағы бір маңызды саяси-экономикалық орталығы орналасқан Бұлғар қаласы да мәдениет пен өркениеттің орталығы саналды. 1261-1262 жылдары Венециядан келген саяхатшылардың жазбаларында Бұлғар қаласында Беркенің резиденциясы мен теңге шығаратын сарайы болғандығы айтылады. Ол өзге діндер мен мәдениеттерге құрметпен қарады. Мәселен, 1261 жылы князь Александр Невскийдің өтініші бойынша, Берке ханның рұқсатымен митрополит Кириллдің Сарайдағы Православ епархиясы құрылды. Осылайша Русьтың вассалды княздіктерімен тұрақты қарым-қатынасты сақтау қажеттілігімен қатар, Византиямен дипломатиялық қатынастарда православ дінбасыларын арағайын ретінде пайдалану мүмкіндігіне ие болды. Ұлық Ұлыс иелігінде фин-угор, славян, кавказ халықтарының да салт-дәстүрлері мен сенімдеріне еркіндік беріліп, қалаларда оларға арналған ғибадатханалар тұрғызылды. Берке Новгород, Псков, Ростов, Ярославль, Суздаль, Владимир сынды қалаларда болған көтерілістерді күшпен жаншыды, Литва мен Польшаға қарсы жойқын жорық жасап, Папа IV Иннокентийге арқа сүйеген князь Даниил Галицкийге күйрете соққы берді. Византия императоры Михаил VIII Палеолог тұтқынға түсірген Салжұқ сұлтаны Иззед-дин Кейкавусты құтқарып, оған арнайы сарай сыйлады. Ол Еуразия кеңістігінде жаңа тұрпаттағы империя қалыптастыру үшін мемлекеттің ішкі құрылымымен қатар, сыртқы саясатын да жаңа бағытқа өзгертті. Тарихтан мәлім, 1259 жылы Мөңке хан қайтыс болғанда, оның орнына Арық Бұға мен Құбылай таласып, Құбылайдың қарсыластары, оның ішінде Қайдудың да қолдауымен Арық Бұға ұлы хан тағына отырады. Ал Құбылай өз орталығын Ханбалыққа көшіріп, ол да өзін ұлы хан деп жариялайды. Құбылайдың бұл әрекетіне Шыңғыс ұрпақтары қарсы болып, кейбірі ат құйрығын кесіседі. Осы мүмкіндікті пайдаланған Берке де Құбылайдың билігін мойындаудан бас тартып, өзіне тиесілі иеліктегі әміршілерді де тек өзіне бағынуын қатаң бақылауға алады. Ол Қайдуды қолдау арқылы Орталық Азиядағы ынтымақтастықты бекемдеуге, Құлағуды ығыстыру арқылы салжұқтардың еркін тыныстап, Осман мемлекетінің ірге көтеруіне негіз қалады. Сонымен қатар Бейбарыспен одақтасып, мұсылман әлеміне қолдау көрсетіп, Крест жорығына тойтарыс беруді көздеді. Себебі сол тұста Ирандағы Құлағу мемлекеті мен Крест жорығы ислам дінінің жойылып кетуіне үлкен қауіп төндіріп тұрған еді.
Бейбарыс пен Берке одақтастығы
Берке өзінің әділеттілігі мен тақуалығына сай әрдайым мүміндердің қорғаны, қасиетті ислам дінінің жоқтаушысы ретінде танылды. Оның исламға қатысты ұстанымына орай, немере бауыры Құлағумен арада ежелден келіспеушілік бар еді. Нақты айтқанда, Берке Құлағудың Бағдад халифатына жасаған алғашқы жорығын ағасы Батудың ықпалымен тоқтатқан болатын. Кейіннен ол ұлы хан Мөңкенің пәрменімен Бағдадқа бәрібір басып кіріп, ондағы мұсылмандарды қырып, бүкіл қаланы қиратады. Бұған ашуланған Берке: «Құлағу дос пен дұшпанды ажыратпай, барлық мұсылман әміршілері мен жақындарын өлтіріп, халифатты күйретті. Енді, уақыты жеткенде, Жаратқанның қалауымен жазықсыз мұсылмандардың төгілген қаны үшін жауап береді», деді. Осы оқиғадан кейін Берке мен Құлағу арасында бітіспес дұшпандық туып, соңы ұзақ жылдарға созылған соғыстың тұтануына алып келеді. Тарихи деректерге сүйенсек, 1262 жылғы Ширванда болған алғашқы шайқаста Ноғай бастаған Ұлық Ұлыс әскері Құлағудың жасағына күйрете соққы береді. Осы тұста шағатайлық Алғу Құлағумен бірлесіп, Беркеге қарсы одақ құрып, Мөңке билікке келгеннен кейін өлтірілген туыстарының кегін алмақ болды. Құлағу да Бату және Берке әулеттерінен шыққан сұлтандардың көзін жоюға бұйырады. Осы оқиғадан кейін Берке Құлағуға қарсы соғысқа дайындалады. Құлағу да үш бөлік қол шығарып, бір қанатын өзі бастап Дербент арқылы Еділге жетеді. Алайда Беркеден ойсырай жеңілген Құлағу көптеген әскерінен айырылып, қайтар жолда аттары мен адамдары өзенге батып, Кавказ арқылы зорға құтылады. Бұл оқиға бүкіл мұсылман әлемін дүр сілкіндірді. Бұдан кейін де Құлағу мен Берке әскері арасында бірнеше рет қақтығыстар болады. Шыңғыс әулеттері арасындағы бұл қырғиқабақ қатынасты олармен шектесіп жатқан Мысыр, Дели, Византия мемлекеттері бақылап отырды. Бейбарыс пен Беркенің одақтас ретінде тарих сахнасына шығуы осы тұстан басталады. Ал Құлағу еуропалық мемлекеттермен одақ құруға ұмтылады. Зерттеуші А.Юрченко Берке, Құлағу және Бейбарыс сұлтандар арасындағы қарым-қатынастарды әскери, діни, дипломатиялық секілді бірнеше контексте қарастыруды ұсынады. Біздіңше, Берке мен Бейбарыстың сәтті одақтастығы Құлағудың халифатқа жасаған қанды жорығынан бөлек екі жақтың да әскерлерінің негізгі күші қыпшақ жауынгерлерінен құралғандығында сияқты. Осылайша 1261 жылы Ордаға Мысыр билеушісі әз-Заһир Бейбарыс сұлтанның сәлем-сауқаты мен мол тарту-таралғысын арқалаған алғашқы елшілер келді. Мысыр елшілері алып келген хаттың мазмұнында Бейбарыс сұлтан Беркемен бірлесіп Құлағуға қарсы соғыс ашуға дайын екендігі баяндалған. Берке де 1262 жылдың күзінде өзінің алғашқы елшілерін жіберіп, Бейбарыс сұлтанға ислам дінін қабылдаған татар әміршілерінің, олардың шыққан тегі мен руы қоса жазылған тізімі бар хатты жолдайды. Осы жолғы Беркенің елшілерімен бірге сұлтан Бейбарыс өзінің Күшербек ат-Түрки бастаған өз елшілерін қосып жібереді. Ол туралы араб тарихшысы Рукн-ад-Дин былай деп жазады:«Сұлтан (Бейбарыс) Беркенің елшілерін зор құрмет-қошеметпен қарсы алды. Қайтарында оған арнап Осман халифа жазған қасиетті Құран нұсқасын, түрлі-түсті кілемдер мен жайнамаздарды, Венеция матасы мен Ливант көйлегін, теріден жасалған қалы кілемдерді, франк дулығасы мен алтын жалатылған сауытын, Хорезм ер-тұрманы мен алтын жалатылған шамдалдарды, күміспен күптеліп, алтынмен апталған неше түрлі қару-жарақтарды, қара нәсілді қызметшілер мен аспазшыларды, араб сәйгүліктері мен нубий түйелерін, маймылдар мен тотықұстарды, тағы да басқа толып жатқан есепсіз дүниелерді тарту етті», дейді.Осыдан кейін де Мысыр сұлтандығы мен Ұлық Ұлыс арасында 50-ге жуық елшілік байланыс жасалады. Еділ мен Ніл бойындағы рухани мәдениеттің тоғысына негіз қаланады. Бейбарыс пен Беркенің әскери, саяси, дипломатиялық одақтастығы Құлағу мен Крест жорығына жойқын тойтарыс беріп, Еуразия мен Таяу Шығыста ислам дінінің өркендеуіне жол ашады. Алайда Берке Ұлық Ұлысты ұзақ билей алмады. Ол Иранды Құлағудың ықпалынан азат ету үшін оның ұлы Абағамен соғысуға бара жатып, 1266 жылы Тбилиси маңында қайтыс болады. Әйтсе де, Берке хан 1269 жылы өткен Талас құрылтайында толық дербестік алған Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың негізін қалап кетті. Оның өз атына теңге бастыруы соны айғақтайды. Бейбарыс сұлтанның елшілері арқылы Берке ханның кескін-келбеті, батырлық тұлғасы жылнамаларда сақталған. Ол туралы Абд аз-Захир:
«Бұл шақта Беркенің жасы елу алтыда. Сирек сақал, жалпақ бет, өңі сары кісі екен. Шаштары өріліп, құлағының артына қарай қайырылған. Құлағында сегіз қырлы қымбат тасы бар алтын сырға. Үстіне жібек шапан, басына мұрақ, аяғына қызыл сафиян етік киіп, беліне қымбат тастармен әшекейленген алтын белбеу буынған. Хан шатырында өзімен бірге 50 әмір жайғасқан екен», дейді.Бір қызығы академик Ә.Марғұлан Ұлытаудағы Жошы хан мазарын қазған кезде жоғарыда сипатталғандай «қызыл сафиян» етіктің қалдығын тапқан болатын. Біздіңше, Жошының кесенесін Берке салдырып, өз әкесін мұсылман ғұрпымен жерлеуі әбден мүмкін. Берке билік еткен аз ғана мерзім ішінде Ұлық Ұлысты Еуразиядағы мемлекеттік құрылымы қалыптасқан, қуатты мемлекетке айналдырып үлгерді. Беркенің дәстүрлі түркі-ислам мәдениетіне негіздеген өркениет өрісі Өзбек хан тұсында жалғасып, Орталық Азия халықтарына ғасырлар бойы рухани азық болды. Осы үшін де біз Беркеге қарыздармыз. Еділ бойындағы Сарай қаласы жаңа мәдениеттің рухани орталығына айналды. Көптеген ақын мен жазушы, ғалым мен ғұламалар ілім-біліммен еркін айналысты. Былтыр елімізде Президенттің арнайы тапсырмасымен Ұлық Ұлыс – Алтын Орданың 750 жылдығына қатысты көптеген игі іс қолға алынды. Жошының кесенесі мен Ұлытау қайта жаңғырды. Осы тұста Жошының бел баласы, Ұлық Ұлыстың негізін қалаушы Беркенің де ұмыт қалмағаны абзал. Есімі оқулықтарға енгізіліп, зерттеу еңбектері қолға алынса, танымдық деректі фильмдер түсіріліп, ескерткіші орнатылып, көшелерге аты берілсе, көмескі тартқан тұғырлы тұлғаның ұрпақтар жадында қайта оянары анық.
Дархан Қыдырәлі