Жаңалықтар

Шымкентте ауылшаруашылығына арналған 17 инвестициялық жоба іске асырылады

Шымкентте ауылшаруашылығына арналған 17 инвестициялық жоба іске асырылады

Бұл туралы бүгін ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен брифингте Шымкент қаласы ауылшаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков мәлім етті. Шымкент қаласында ағымдағы жылдың 2 айында ауыл шаруашылығы экспортының көлемі 23,5 млн. АҚШ долларын құрап, өткен жылмен салыстырғанда 1,0% немесе 0,5 млн. АҚШ долларына артты. 2020 жылдың 2 айында мал шаруашылығы бойынша тірідей 839 бас ІҚМ, 380 бас уақ мал, өсімдік шаруашылығы бойынша 3449 тонна басты пияз, 522 тонна томат, 512 тонна қырыққабат (капуста), 135 тонна тұрып (редька), 40 тонна сәбіз, 13 558 тонна ұн, 20 764 тонна картоп, және т.б. экспортталған. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, инвестиция және несиелендіру бойынша жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 7,6 млрд. теңгені құрайтын 17 инвестициялық жоба іске асырылады. Оның ішінде қарқынды алма бағы - 1, жылыжай салу - 4, тауарлы сүт фермасы - 2, ешкі сүтін өндіру және қайта өңдеу - 1, құс шаруашылығын кеңейту - 4, жеміс-көкөніс өнімдерін қайта өңдеу - 2, сүтті қайта өңдеуді кеңейту - 1, мал бордақылау алаңын салу және кондитерлік өнім өндіру. Бұдан бөлек, «Аграрлық Несие Корпорациясы» АҚ арқылы 260 млн теңгеге 6 жоба және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасымен 723,5 млн. теңгеге 23 жоба бойынша жеңілдетілген несие қарастырылды. Оның ішінде 102,3 млн. теңге мемлекет тарапынан субсидияланған. Аталған бағытты қолдауға республикалық және жергілікті бюджеттен 2 280,5 млн теңге, несиенің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға 500,0 млн теңге, ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге 164,3 млн теңге бөлінген.