Жаңалықтар

Белсенді «билік өкілін қорлады» деген айыппен жауапқа тартылды

Белсенді «билік өкілін қорлады» деген айыппен жауапқа тартылды

 width= Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, белсенді Ербол Есхожинге "билік өкілін қорлады" (Қылмыстық кодекстің 378-бабы, 2-тармағы) деген айып тағылып, қылмыстық іс қозғалды. Бұл туралы белсендінің адвокаты Ольга Эннс мәлімдеді,-деп хабарлайды Newsroom+Ақпарат агенттігі Азаттық радиосына сілтеме жасап хабарлайды. Адвокаттың сөзінше, қылмыстық іс 5 тамыз күні қозғалған. Мұны оған тергеуші хабарлаған.
– Бүгін, 6 тамыз күні сағат 17.00-де Ербол Есхожинге қатысты қылмыстық істің қаулысымен және сараптама жасау туралы қаулымен танысамын. Іс материалдары қазақ тілінде, ол аудармаға берілді, – дейді Ольга Эннс.
Құқық қорғау органдары белсендінің қай әрекетінен "билік өкілін қорлау" көргені белгісіз. Оқиғаның қашан болғаны да анық емес. Азаттық тілшісі Нұр-Сұлтандағы полиция департаментіне бірнеше мәрте хабарласқанымен, жауап алу мүмкін болмады. Ербол Есхожин 30 тамыздан бері қамауда отыр. Сол күні полиция оны құрылыс материалдарын сататын базардан ұстап әкеткен болатын. Белсенді "Бейбіт жиындар туралы" заңды бұза отырып, митингіге шақырды (Әкімшілік кодекстің 488-бабы, 7-тармағы) деп айыпталып, 15 тәулікке қамалған.
  • 45 жастағы Ербол Есхожин – 2020 жылы 25 ақпанда Нұр-Сұлтан абақтысында жұмбақ жағдайда көз жұмған Дулат Ағаділдің үзеңгілес серіктесі. Ол мамыр айынан бері Дулат Ағаділдің отбасы үшін жұртты жұмылдырып, оның аяқсыз қалған үйін салып беруге бастама көтерген.
  • Үй құрылысы аяқталар сәтте белсенділер 8 тамыз күні қүрылыстың аяқталғанын атап өтетіндерін айтқан. Құқық қорғаушылар осы шара қарсаңында 30-дан астам белсендінің 5-15 тәулікке қамалғанын, 20 белсендіге айыппұл салынғанын айтады.
  • Есхожиннің өзі 2019 жылдың мамырынан бері "заңсыз шерулерге қатысты" деген айыппен бірнеше рет әкімшілік жауапқа тартылып, 15 тәулікке қамалған.