Жаңалықтар

Карантин салдарынан 300 мыңға жуық кәсіп көзі жабылып қалды

Карантин салдарынан 300 мыңға жуық кәсіп көзі жабылып қалды

Құтқармасақ құрдымға кетеді. Ашық жарияланған соңғы статистикаларға сүйенсек, қазірдің өзінде елімізде 300 мыңға жуық кәсіп көзі жабылып қалған. Карантин жалғаса берсе бұл көрсеткіш еселене түспек. Күн өткен сайын карантин салдарынан ісі тоқтаған азаматтар жиналып, нан табуға рұқсат етіңдер деп базынасын жеткізуде. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат тілшісі сілтеме жасап хабарлайды. «Ең алдымен біз шағын және орта бизнесті құтқаруымыз керек». Мемлекет тарапынан дер кезінде қолдау берілмесе бизнестің күні қараң. Бүгін Азат Перуашевтің бастамасымен өткен республикалық онлайн жиында бас қосқандардың негізгі базынасы осы болды.   АЗАТ ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Арендалық төлемдері бар. Салықтан босатса лицензиялық төлемдері бар. Банктік несиелері бар. Коммуналдық төлемдері бар. Ағымдағы төлемдерді кейінге қалдырса да несиені мерзімді осы тиісті әрі қарай жалғастырмаса, мерзім біткен соң олардың ағымдағы төлемдері 2-3 есе көтеріліп кетеді». Жеңілдік деген аты ғана демесең, жиналып қалған қарызды жинап төлеген оңай емес. Кәсіпкерлерге жеңілдетілген несиенің де жетпей жатқаны сөз болды. «Бүкіл магазин, айнала ашық тұр! Қай жаққа қарап отыр?!». Бұл Ақтөбедегі жағдай. Ішерге тамағымыз жоқ, жұмыс істеуге рұқсат беріңдер! - деп жиналған халық. Орталық базарда киім-кешек, азық-түлік сататын сауда орындарында 3 мыңға тарта адам еңбектеніп келген. Базар жабылғалы күнделікті табыстарынан қағылған. САЛТАНАТ ҚҰРМАНОВА, САУДАГЕР: «Бір үйде 8 бала асырап отырмын. Ішерге тамақ жоқ. Мына базардан тапқанымды үйге тек сығымдап алып барып, жеп отырдық. Бір күнде 4 буханка нан жеп, 1 литр сүтр ішеміз. Кішкентай баламыз бар емшекте. Үкіметтің беріп жатқан 42500 теңгесін алған жоқпыз. Пожалуйста, базарды ашып, жұмыс жасағымыз келеді! Бала-шағамызды асырайық! Базар ашылсын!». Жиналғандардың дені 42 500 теңгені де ала алмағандарын айтады. Тіпті, ол тиынға мұқтаж емеспіз деп, өзектерін өртеген өкініштерін жеткізді. Тек жұмыс істеуге мұрша берсе, барлық қауіпсіздік талаптарын сақтауға ант-су ішіп отыр. «Мына жерде қазір 400 адам, қай жаққа барамыз, аға? 400 адам, 300 адам бар. Осы адамдар қай жаққа барады? 10 адам жұмыс істесін, қалғандары күн көру керек қой. Ұрлық жасасын ба, қылмыс жасасын ба не жасауы керек? Оңай емес қой!". Бұл елордадағы базардың сатушылары. Олардың да талабы бір. Тек жұмыс істеуге рұқсат етіңдер дейді. Басқа ештеңе сұрамаймыз деп жалынғандай болды. БАҚТЫГҮЛ ҚҰДАЙБЕРГЕНОВА, САУДАГЕР «Біз айтқанын істейміз. Бәрін істейміз. Шу да шығармаймыз. Біздің жейтін нанымызды ашып берсеңіздер. Бізге 42 500 де керек емес. Өзіміз істеп, өзіміз табамыз. Кредитті жабуымыз керек. Үкіметке, банкке жаппасақ, тағы болмайды. Біздікі таза бейнет, балам!». Базардан нәпақасын тауып жүрген Тараздық кәсіпкерлердің де наразылығы өз алдына бір оқиға. Кәсіпкерлер егер базар ашылмаса қарызға белшемізден батамыз деп ашуланған болатын. СӘУЛЕ МЕЙІРМАНОВА, САУДАГЕР «Біздің шыдамымыз бітіп, осында келіп, әкімшілік өкілдері, прокуратура өкілдері келді. СЭС келді. Біз соларға сұраныспен шығып тұрмыз бізге базарды ашып берсін деп». Бұл жалпы жағдайдың бір көрінісі ғана. Карантиннің кесірінен қызмет көрсету саласының көптеген түрі жабылды. Бизнес банкрот болса, қызметкерлері  жұмыссыз  қалады. Қарапайым қағида. Шағын және орта бизнес дегеніміз халықтың нақ өзі. МЕРУЕРТ МАХМҰТОВА, ЭКОНОМИСТ «Кішкентай ғана микробизнеске қолдау көрсету керек. Себебі, ол қарапайым халықтың күн көруіне әсер етеді. Оған көптеген адамдардың күн көру деңгейі байланысты». Карантиннен көтерем болып шыққан бизнес қайта жандана түссе де, хал ахуалы мәз болмайды. Қолдауға зәру. Экономист мамандар жеңілдетілген несие дегенің қарапайым кәсіпкерлер үшін қолжетімсіз дейді. МАҚСАТ ХАЛЫҚ, ЭКОНОМИСТ «Кәсіпкерлерге керек қаражат 1-2 миллион теңге. Ары кеткенде 3 миллион теңгемен шешіледі мәселе. Ары қарай жұмысын жүргізіп кету үшін. Көпшілігіне сондай сома керек. Ал сондай ақшаны сұрап бару үшін сіз 10-15 миллион теңге тұратын дүниені кепілдікке қою керексіз. Бәрінің айтатыны сол да. Егер менің сондай мүлкім болса, осындай мүлікке пара пар қаржым болса , оны сатып жіберіп бизнесімді жүргізе бермеймін деген сұрақ туындайды». АЗАТ ПЕРУАШЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ «Қазіргі кезде банктерге қарыз болып кеткен. Қазіргі кезде банктерге несие жабуға жағдайы жоқ кәсіпкерлерді қалай біз қолдай аламыз? Қандай жеңілдік болады деген сұрақтарға нақты жауап әлі күнге жоқ». Бұл Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындалмай жатыр деген сөз. Атқарушы билік Президенттің пәрменін парыз деп қабылдап, орындауға келгенде сүннет деп ойлайтын сияқты. Айтып айтпай не керек, от пен судың ортасында шыр-пыр болатын сол қараша халық.