Жаңалықтар

Карантинде бас бостандығынан айырылған жігіттің монологы

Басқасын қайдам, отбасының жан-жаққа шашылатын ақшасын үнемдеген сияқты ма, қалай? Аптаның күніне қарамай өтетін той-томалағымыз азайғаны рас.

Пәленше ұлын үйлендірді. Түгеншенің төрт жыл қатарынан қызы ұзатылды. Той көп болғаны жақсы ғой, одан көбейіп жатқан жалақының жоқтығы қинайды ғой. Жақын досыңның баласының шілдехана, бесік тойы, құрдасыңның жалғыз баласының сүндет тойы. Енеңнің мерейтойы, одан қала берді қол алысып амандасып жүрген жандардың туған күндері. Аптаның жеті күні асабалар секілді босамайсың ғой, шіркін! Бес күн бойы майда-шүйде отырыстарға барсаң, сенбі, жексенбі қимас жандардай ащы сумен қолтықтасып, келесі күнді бас жазумен бастайсың. Айына келетін жалақыңнан күніге дайын тұратын ойын-сауығың жетерлік. Ой сенен келіншегің қалыссын ба? Кластас, курстас, әріптес, гәптес, таныс, общым жолай кеткеннің бәрімен дастархандас болуға асығыс. Балаларың да өзіңнен қалыспайды. Мегасы бар, сегасы бар, киносы мен поп-корны бар, амал нешік, ол да қалта қағары рас. Қазір үйге қамалып қалған еркектерге қайда жақсы болды-ау деп ойлап қоямын. Ызыңдаған келіншегіңді күніге көруге шыдап бақсаң болды. Бұрын көшеден тойып келіп, тамағын жемей диванға құлай салатын едік. Қазір олай істесең, аш қаласың. Ботқа жегісі келмейтін балаларың сияқты жеуге тура келеді. Тұзы ащы болса, су ішіп, қамыры қатты болса, шайнамай жұта саласың. Болмаса әйелің "онсызда тек ішіп-жеп жатырсың" деп көзіңе көк шыбын үймелетеді. Әй, шіркін-ай, сағындық қой сайрандап жүрген шақтарды. Өз үйіңде болсаң да, үйдегі көзге түсе беретін жаман жиһаздай болдық. Бұрынғыдай кездескің келмеген адамға "жұмыста едім, бір шаруалармен шығып кеткенмін, үйде емеспін" деген сылтау айтуды да сағынады екенсің. Басқа-басқа жұбайларымызға сылтау айтып, алдай алмай қалдық қой?! Мына карантин нағыз еркек қауымының басының бос еместігін, үйлі-баранды екенін қатты сездірді-ау! Бала күнімізде анамыздан қалай қорықсақ, әйелімізден солай қорқатын сияқты ма, қалай? Бұрын таңертең жұмысқа кетіп, кешке даусымыз қатты шығып келетін едік. Қазір жұбайыңның даусы өзіңнен қаттырақ шығады. Әрине, оның айма-ай балалары үшін үкіметтен алатын ақысы бар. Ашуы келсе тамаққа тоймайтын күйеуінен алатын ақысы бар. Не керек, әзірге әйелдің дәурені жүріп тұр. Осыдан карантин бітіп, көшеге шығайық, баяғы абыройды тез жинап алу керек. Бастың бостандығынан артық ештеңе жоқ екен. Тапқаның тойыңа да, бала-шағаңа да жетеді екен.