Жаңалықтар

70 жыл ашылмаған есік

70 жыл ашылмаған есік

 width= Құдай берем десе, 70 жыл ашылмаған пәтерден де береді.. 2010 жылы Францияның оңтүстігіндегі шағын қалалардың бірінде мадам де Флориан деген кемпір қайтыс болады. Қайтыс болғаны рәсімделіп болған соң кемпірдің адвокаты артында қалған дүние-мүлкін анықтайды. Кемпірдің атында Париж қаласында пәтер тіркелген екен. Адвокат белгілі Оливье Шопин-Жанври аукционисті ертіп, кемпірдің мұрагерлерімен бірге Париждегі әлгі пәтерді ашып кіргенде Оливье Шопин-Жанвридің таңданысында шек болмайды.. Кең пәтердегі шаң басқан жиһаздар кемі ғасыр басында жасалғаны көрініп тұр. Жәшіктерге салынған антиквариатқа айналған ыдыс-аяқ, буылып-түйілген заттар, қабырғадан түсірілген картиналардан үй иесінің көшуге жиналғанын еске түсіреді. Әлдебір себеппен заттар қалып, тек адамдары шығып кеткен. Пәтердегі ең құнды зат - ал қызыл көйлекті сұлудың портреті екен. Кейін мамандар анықтағанындай, қайтыс болған кемпірдің әжесі Марта де Флориан бейнеленген картинаның авторы атақты итальян суретшісі Джованни Болдини болып шықты. Пәтерден Джованнидің Марта де Флорианға ғашықтық сезімін білдіріп жазған хаты да табылды. Марта де Флориан 1880 жылдары Париждегі ең атақты актриса, президент сарайына еркін кіретін адам болған. Оған премьер-министрден бастап, талай атақты бекзада ғашық болған. Осы картина кейін аукционда 3,4 миллион долларға сатылып, кемпірдің мұрагерлері қарық болып қалды.. 1939 ж. немістер Парижге жақындап қалғанда де Флориан ханым пәтерін кілттеп, асығыс түрде елдің оңтүстігіне қоныс аударған екен. Бірақ белгісіз себептермен қайтып оралмапты. 70 жыл бойы Парижде пәтері бар екенін де, коммуналды төлемақысын төлеп тұратынын отбасындағылардан ешкім білмепті. Осылайша 91 жасқа келіп қайтыс болған кемпір өз құпиясын өзімен ала кетті.. Марты де Флорианның портреті. Дж. Болдини

Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ