Арыс қаласында ІТ сынып ашылды

03 Желтоқсан, 2018 597 0

"Цифрлы Қазақстан" бағдарламасы аясында «Нұр Отан» партиясы балаларға арналған тегін ІТ сыныптар ашу және ІТ мамандар даярлау ісін қолға алған болатын. Бағдарлама аясында Арыс қаласында орналасқан С.Қожанов атындағы жалпы орта мектебінде алғашқы ІТ сыныбы ашылды. 

ІТ сыныбының көгілдір лентасын Арыс қаласы әкімінің орынбасары Р.Айтбаев, «Нұр Отан» партиясы Арыс қалалық филиалының консультанты Ғ.Қошаманов салтанатты түрде қиды. Ашылу жиынында қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев, «Нұр Отан» партиясы Арыс қалалық филиалының консультанты Ғ.Қошаманов, қалалық білім бөлімінің басшысы Ә. Мұсаев, мектеп директоры М.Үдерханов сөз сөйлеп, робототехника меңгерудің әліппесін ашқан шәкірттерге сәттілік тіледі. 

Жалпы, С.Қожанов атындағы жалпы орта мектебінің базасында ашылған заманауи ІТ сыныбында 8-16 жас аралығындағы барлық мектеп оқушылары робототехника саласын және бағдарлау негіздеріне үйренетін болады. Аталмыш сыныпта оқушылар ақпараттық технология саласын меңгереді. Web сайттар ашып, робот құрастыру және оны басқару, 3D принтинг және тағы басқа жеке жобалар жасауға үйренеді. Үздіктері республикалық, халықаралық ІТ байқауларға қатысып, тың идеяларын дамытуға мүмкіндік алады. 

Қалалық білім бөлімінің басшысы Ә.Мұсаевтың айтуынша, алдағы уақытта қаламыздағы тағы бір мектеп базасында ІТ сынып ашылса, келер жылы ауылдық округтерде екі сынып жұмыс істейтін болады. Осылайша, қала мен ауыл мектептері арасындағы білім берудің алшақтығы жойылмақ. Бұл білім сапасының артуына септігін тигізері анық.



Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.