Ассамблея Құрбан айт күні 82 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті
Ассамблея Құрбан айт күні 82 миллион теңгеге гуманитарлық көмек көрсетті
Қазақстан халқы Ассамблеясы Құрбан айт күндері індетке қарсы күрескен дәрігерлерді қолдау мақсатында республикалық деңгейде «Мың алғыс» қайырымдылық акциясын ұйымдастырып, 82 527 150 теңге көлемінде гуманитарлық көмек көрсетті. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі хабарлайды.
Шараға ҚХА мүшелері мен кәсіпкерлері, меценаттар мен этномәдени бірлестіктердің өкілдері, «Жаңғыру жолы» республикалық жастар қозғалысының өкілдері мен еріктілері атсалысып, 11 674 медициналық қызметкерге және 7100 отбасыға қайырымдылық жасады.
Нақтырақ айтқанда, вирус анықталған науқастармен тікелей жұмыс істейтін медицина қызметкерлерінің отбасына, провизорлық орталықтарға, дәрігерлер оқшау тұрып жатқан жатақхана мен қонақүйлерге құрбандыққа шалынған мал еті таратылып, азық-түлік себеттері тарту етілді. Стационарда жатқан емделушілер мен қызмет барысындағы ақ халатты абзал жандарға ыстық тамақ жеткізіліп, көкөніс пен жемістер, тәттілер мен ұлттық сусындар үлестірілді.
Пандемия дертінен бақилыққа аттанған дәрігерлердің жанұясына да қаржылай көмек көрсетіліп, ұл-қыздарына мерекелік сыйлық жасалды. Мұқтаж отбасыларға да көңіл бөлініп, мал етінен бөлек, түрлі азық-түліктермен қамтамасыз етілді.
Ал Мақтааралда орын алған су тасқынынан зардап шеккендерге де этнос өкілдері жұдырықтай жұмылып, 101 936 000 теңгеге 335 тонна гуманитарлық көмек пен құрылыс материалдарын жөнелткен болатын.
Былтырғы жылы Ассамблеяның әртүрлі деңгейдегі қайырымдылық шараларға көрсеткен көмегі 4,5 млрд теңгеге жуықтайды.