Өз әйелін ваннадағы суға батырып өлтірмек болған
Өз әйелін ваннадағы суға батырып өлтірмек болған
Өз әйелін ваннадағы суға батырып өлтірмек болған ер адам бостандықта жүр. Келіншегін көгала қойдай етіп сабап, кейін пышақтамақ болған күдіктінің арам ойы жүзеге аспапты. Балаларын әдейі әжесіне жіберіп, жарын ешкім жоқта ажал құштырғысы келген азамат әкімшілік жауапкершілікпен құтылыпты.
Ал бұған дейін оның қолынан талай рет таяқ жеп, қорлық көрген нәзік жанның туыстары оның қатаң жазалануын талап етуде. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат тілшісі сілтеме жасап хабарлайды.
«Бетіме қарама, менің көзіме қарама, теріс қарап тұр а то мен сені өлтіре алмаймын», деп айтады дейді.
15 жыл отасқан жолдасы әйелін аяусыз ұрып-соғып, өлтірмек болғанда осындай сөздер айтыпты. Осыған дейін талай таяқтың астында қалса да жасырып келген нәзік жанды бүгінде жағы бірнеше жерден сынып, ауруханадан бір-ақ шықты. Осыдан төрт ай бұрын үйінен кетіп қалған келіншекті күйеуі балаларымен алдап қайтадан шақырып алған көрінеді. Бұдан кейін өлтірудің амалын қарастырып жоспар да құрыпты.
ЖӘБІРЛЕНУШІНІҢ СІҢІЛІСІ:
" Өзі де айтыпты, «мен бұл күнге дайындалдым, балаларды әдейі жібердім», деп. Сөйтіп, ұрып-соғып ваннаға су толтырып ішіне тұншықтырып, ол болмағаннан кейін пышақ алып келіп, пышақпен өлтірмек болған".
Таяқтың астында қалып, өлімше етіп сабаған келіншектің жақындары үйіне барып қан іздерін байқапты. Алайда арыз жазғанымен, тәртіп сақшылары белгілі бір уақыттан кейін зорлық жасаған адамды босатып жіберген көрінеді. Мұндай жағдаймен қоғамдық қордың жетекшісі мүлде келіспейді. Қазіргі уақытта әрбір дүниеге отбасы арасындағы ұрыс деп қараудың қажеті жоқтығын алға тартты.
ДИНА СМАИЛОВА "НЕ МОЛЧИ" ҚОРЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ:
"Біздің криминалистер отбасы арасындағы жанжал болған кезде оқиға орнына бармайды. Олар, отбасылық ұрыс-керіс деп қабылдайды. Бірақ, тым қиын болатын тұстары да бар. Бүгінгі жағдай соның бір ғана мысалы. Бәлкім ертең татуласып кетер деген ойдан ада болғандары дұрыс".
Салғырт қызметтен көңілі қалған көптеген нәзік жандылар осы себептен шағымдануға қорқады екен. Мәселен, статистикаға сүйенсек 10 әйелдің тек екеуі ғана өздерінің зәбір көргендерін айтып көмек сұрауға ниет білдіреді. Өйткені, көп-жағдайда күйеуі қайтадан үйлеріне оралып отыратынға ұқсайды. Ал, полицейлер жұбайын аяусыз ұрып-соққан күдіктінің қамап қойыпты.
АҚБОТА ӘЗІРБЕК, ОБЛЫСТЫҚ ПОЛИЦИЯ ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ РЕСМИ ӨКІЛІ:
«Аталған дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 107-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Күдікті бірден ұсталып, алкогольдік куәләндіруға жіберілді. Қазіргі таңда ұсталған азамат уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды».
Жағы бірнеше жерден сынған әйелге бүгін ота жасалмақ. Бір үйдің отын түтетіп отырған нәзік жандыны не себепті өлтіргісі келгендігі анықталуда. Мамандар, пандемия кезінде тұрмыстық-зорлық зомбылықтың 21 пайызға дейін өскендігін алға тартты. Ал, мұндай сәттерде аяушылығы жоқ азаматтар жазадан сытылып кетпес үшін, құқық қорғау органдары салғырттық танытпай әрбірін жіті қадағаласа дейді".