Жаңалықтар

Қош бол, чемпион !

70 жасына қараған шағында өмірден өткен Жақсылық Үшкемпіровтің жерлеу рәсімі бүгін 4 тамызда өтеді. Тұңғыш Олимпиада чемпионын ақтық сапарға шығарып салуға  қазіргі пандемияға байланысты тек отбасы мен жақын туыстары ғана қатысады. Даңқты балуан, арда туған азаматтың денесі Алматыдағы Кеңсай зиратына қойылады. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат тілшісі сілтеме жасап  хабарлайды. 2020 жылы  еліміздің  біраз жақсылары мен жайсаңдарынан айырылдық. Көңілі ортайып жүрген отандастарды Жақсылық Үшкемпіровтің қазасы, тіпті, есеңгіретіп жібергендей. Қазақтан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионымен бірге қазақ спортының бір дәуірі кетті. ОЛЖАС САҚ,  «ЖАҚСЫЛЫҚ» ФИЛЬМІНДЕ  Ж.ҮШКЕМПІРОВТІ СОМДАҒАН АКТЕР: "Кино кезінде Жақсылық ағамен алдын ала жолыға алмадық. Дегенмен, интернеттен ол кісінің Кеңес кезінде күрестерін қарап, өзімше шығардым деп ойлаймын. Киноны ол кісі жақсы қабылдады. Батасын берді". 1980 жылғы Мәскеу Олимпиадасына қатысу оңай болған жоқ. Спорттың айналасындағы әділетсіздіктер Жақсылық ағаның да алдынан шықты. 1976 жылы грек-рим күресінен ұтып тұрған жерінен Олимпиадаға жолдама бермеді. 1980 жылы 29 жастағы балуанды үлкен жарысқа шығару  басшылар арасында біраз талас-тартысқа түсті. ҚУАНЫШ СҰЛТАНОВ  ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: "Жаттықтырушы Кеңес Одағы құрамасының бапкері екен. Бұл оған айтпаған. Бұл алдында аяғы шығып кеткен. Тобық тайып кеткен. Соны жасырып финалға шыққан. Айтқанда мұны денсаулығы маңызды деп алып тастар ма еді". ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ: "Б. Әшірович маған айтады, не қалайсың дейді. Шынымен бересіз бе, айтайын дедім. Сол сәт есімде. Мен ауылды сағындым, шынымен беретін болсаңыз  бір кесе қымыз болса дедім. Ол кісі ойлаған ғой машина сұрай ма, үй сұрай ма деп. Бұл бір кесе қымыз дегенде әй мынау ер екен деді". Сол жолы боз кілемде «не өлемін, не жеңемін» өз-өзіне деп серт берген  даңқты балуанның жеңісін қазақстандық спортшылар 20 жылдан кейін ғана қайталады. Сидней Олимпиадасында.  Чемпионның ел мақтайтын қасиеті баладай ақ көңіл, ақ желең, қарапайым болмысы.  МҰХАМЕДЖАН ТАЗАБЕКОВ - АҚЫН «Ж.Үшкемпіров Қазақстанда не істеймін десе қолынан келетін адам. Бірақ, мен сол кісінің қарапайымдылығына таңқалатын болдым. Олимпиада, Әлем чемпионы елпілдеп, саған біреу шай құйып берейін деп жатса соны саған әкеп беріп жатқанда қарадан қарап  ұяласың. Атағы анандай, адамгершілігі одан да биік". Күрес өнерінің классигі Жақсылық Үшкемпіровтің негізгі мамандығы зоотехник. Жамбыл облысында туып өсіп, Семейдің мал дәрігерлік институтын бітірген. Спорт саласында түрлі құрылымда еңбек етіп, 1995 жылы ешкі өсіруді қолға алады. Кейін Алматы облысындағы Мыңбаев ауылында үлкен шаруашылық құрып, тұралап қалған елдімекенді қайта түлетті.    ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ: "Мен келгенде осы жерде 2 мың халық болған. Қазір 6 мың болды. Газ жүргіздім. 15 км тартып. бірінші қуанған аналарымыз болды. Менің мақсатым - бұл жерден баю емес. Менің мақсатым - жастарға үлгі болу. Қолымыздан келгенше жастарды тартуымыз керек ауылға". Мал өсіріп, тұтас бір ауылды көтеремін деп қолға алғанда аяқтан шалып, арыз жазғандар да табылды. Жастайынан спортта табандылық пен шыдамдылыққа үйренген Үшкемпіров елжанды, еңбекқорлығымен елдімекен тұрғындарының сенімінен шықты. Сол үшін бірнеше рет мемлекеттік награда да алды. НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ  ҚАЗАҚСТАН  РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ: "Жас жұбайларға пәтер салып бердің. Балабақша салдың. Спорт комплексін салдың, қазір 200 бала күресіп жатыр". ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ: "Одан басқа қанша адам келеді маған. Жетім-жесірлер бар, қиналған адамдар. Қолымнан келгенше көмектесем. Мал жетеді, бәріне бөліп берем". Жақсылық Үшкемпіровтің спорттағы жетістігін 20 жылдан кейін қайталаса, ал  бір ауылды асыраған  азаматтығын қанша жылдан кейін қайталар екенбіз... ЖАҚСЫЛЫҚ ҮШКЕМПІРОВ: «Менің бір арманым бар. Көп болса Қазақстанда 5 мыңдай ауыл бар шығар. Сонда 5 мың қазақтың жігіті ауылымызды көтеріп жіберсек, одан басқа қандай бақыт керек» Бұл арман да орындалар, бірақ енді  өзіңіздей Жақсылық Үшкемпіров тумайтыны ақиқат. Бар қызық көрген түстей боп, ыстық жас жерге тамады. Бақұл бол, тұңғыш чемпион, Қош, қазақ күресінің классигі.