Жаңалықтар

Қазақстанда ТЖ мерзімі ай соңына дейін ұзартылды

Қазақстанда ТЖ мерзімі ай соңына дейін ұзартылды

Бүгін сағат 11:00-де президент Тоқаевтың төрағалығымен өткен комиссия отырысында астанадағы және елдегі ТЖ мерзіміне қатысты шешім қабылданды. Мәжіліс депутаты Владимир Божконың сөзінше, мемкомиссия ТЖ мерзімін сәуір айының соңына дейін созған. 13 наурыз алғашқы науқастар тіркелгеннен кейін екі күн өткен соң, президент Тоқаев 16 наурыздан бастап 15 сәуірдегі 7:00-ге дейін елдің барлық аумағында төтенше жағдай жариялауға №285 қаулысын шығарып еді. ТЖ режимі мерзімінің аяқталуына 5 күн қалғанына қарамастан, кейбір өңірлерде карантин енді енгізілді. 17 наурыз – Алматыда, 19 наурыз – астанада, 30 наурыз – Атырау және Ақтауда, 31 наурыз – Ақмола облысында, 1 сәуір – Қызылорда облысында, 4 сәуір –  Шымкентте, 6 сәуір – Ақтөбе облысында, 7 сәуір – Қарағанды облысында, ал кешегі күннен, 9 сәуірден бастап Жамбыл облысында карантин жарияланды. Әлемнің «есін шығарып, көз тоқтатып ойлануға мәжбүрлеген» індеттен Қазақстанда 9 адам қайтыс болса, ай өтпей жатып 800-ден астам адам жұқтырып үлгерді. Тіркелген кейстер саны бойынша әлемде әзірге 73-орынға тұрақтады. Италия үкіметінің басшысы Джузеппе Конте елде коронавирустың таралуын шектеу мақсатында карантинді 3 мамырға дейін  ұзартуға шешім қабылдағанын мәлімдеді. Көптеген елдер ТЖ режимін ұзартып жатса, Жапония енді қолға алды. Кеше, 9 сәуір жапон премьер-министрі Синдзо Абэ елде 6 мамырға дейін төтенше жағдай енгізді. Бұл жағдайдың әлі де тұрақтамағанын аңғартса керек-ті. Қытай сарапшылары  індеттің «екінші толқынынан» қауіптеніп отыр.