Жаңалықтар

Тақтайдай жолдар жыл сайын жөнделеді

Тақтайдай жолдар жыл сайын жөнделеді

Министрлер мен депутаттардың жүретін жолы, тақтайдай болса да, тағы жөнделіп жатыр. Ал қала шетінде тұратын қарашаның қамын кім ойлайды? Қазір бас қалада талқыланып жатқан басты тақырыптардың бірі - осы жол мәселесі. Сол жағалаудағы жақсы асфальтты жылда аударып, жаңасын төсей бергенше, көліктің дөңгелегі тұтас кіріп кететін шұңқырлары бар шеттегі көшелерді неге дұрыстап салмайды дейді ел. Жөн. Әкімдік жөндеу жұмыстарына 12 млрд теңге бөлгенін растады. Бірақ халықтың ойында ол емес, Қабанбай даңғылын жөндеуге кететін атышулы 91 млрд теңге. Батыр бабамыздың қомақты қаржы талап етіп тұрғаны бірінші рет емес. Жемқорлықтың ескерткіші атанып, қаз-қатар саптағы сарбаздай тұрған ЛРТ бағаналары да дәл осы Ерасыл батырдың көшесін күзетіп тұр. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат тілшісі сілтеме жасапабарлайды. «Нұр-Сұлтан әкімдігі биыл 150 жолды жөндеуді жоспарлаған. Оның 50-і орталық көшелердегі тасжол болатын болса, қалған 100-і тұрғын алабындағы асфальтті жолдар. Мына менің артымдағы кішкентай ғана көшеге жөндеу жұмыстары жүргізілмеген сыңайлы. Өйткені брусчатка мен кірпіш бітелген жол. Айта кетейік, Нұр-Сұлтан билігі осы жылы барлық жөндеу жұмыстарына 12 миллиард теңге бөлмек». Иә, жергілікті билік жылда орталықтағы, әрі сол жағалауға жақын асфальтті қайта қопарып, жаңасын төсеп жатады. Ал, шағын көшелер қараусыз қалады. Соның бірі - қала шетіндегі Карбышев көшесі. «Жаман жол. Ремонт жасау керек. Көбірек жасау керек. Ақырын-ақырын істеп жатыр». «Бір жыл ма, сондай. Жөндейді, сосын қайтадан сондай болады. Жаңбыр, Астананың ауа-райы сондай» «Тревожный болғанда сол шет-шеттері ғой. Қаланың ішінде жыл сайын жаңа асфальт салынады. Ол жерде нормальный, шеттегілері жаманы бар». Биыл Рақымжан Қошқарбаев даңғылы да жөнделіп жатыр. Мұнда соңғы рет екі жыл бұрын ғана жаңа асфальт төселіпті. Бірақ оның өзі шыдамады, дейді тұрғындар. «Жаман. Беспонтовый. Міне, мына жер. Мүмкін жүруге. Бірақ ходовканы шаршатады». «Как видишь, вот это весь ремонт. Это год назад что-то делали, прямо на грязь. И все». Биылға жоспарланған 150 жолдың 50-ден астамы ретке келтіріліпті. Енді әкімдіктегілер қалғанын қыркүйекке дейін аяқтамақ.  РУСЛАН ӘБДУӘЛИЕВ, ҚАЛАЛЫҚ ЖОЛ-КӨЛІК БАСҚАРМАСЫНЫҢ БӨЛІМ БАСШЫСЫ «Бүгінде 27 көшеде 30 шақырымнан артық жол салынды. Тұрғын үй алаптарының маңында 28 көшеде 10 шақырымға жуық жол салынды. Жұмыстар жалғасуда. Әлі 35 көшеде жұмыс жоспарланған. Қалғнанын қыркүйекке дейін бітіреміз деп жоспарладық». Қалада тұрғындары арасында Қабанбай батыр даңғылын ретке келтіру мәселесі ең көп талқыға түскен еді. Өйткені оған  "91 миллиард теңге бөлінеді" деген ақпарат тараған болатын. Мәселенің анық-қанығын жобаға жауапты "Қазавтожол" компаниясынан сұрап білдік.  СЕРІК КЕРІМҚҰЛОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Оның бағасы құрылыс-монтаж жұмыстарына 88,9 миллиард теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жобалық-сметалық дайындалуда. Жұмыс құжаттар толық біткеннен кейін қарастырылады». Қыруар қаржыны «Қазавтожол» екінші деңгейлі банктен 20 жылға қарызға алмақ. «Салтанат сарайынан» бастап  Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайға дейін 17 шақырымдық асфальтты қайта төсеуге шетелдік компания тартылады деп жоспарланған.  СЕРІК КЕРІМҚҰЛОВ, «ҚАЗАВТОЖОЛ» АҚМОЛА ОБЛЫСТЫҚ ФИЛИАЛЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: «Құрылыс жұмыстарын жүргізу үшін Қытай компаниясы міндетті түрде болуы керек. Бұл жерде қазақстандық компания мен Қытай компаниясы 50/50 тепе-теңдік бойынша жұмыс атқарады». Бір шақырымы 760 миллион теңгені құрайтын Қабанбай даңғылы болашақта 6-8 жолақтық болады деп жоспарланған. Жол бойы қайтадан инфрақұрылымдық құбырлар мен сымдар қайта салынады, дейді мамандар. Ал, елдегі тас жолға жауапты ұйымның басшысы қандай жол болмасын, жоспар алдын-ала дұрыстап бектілуі керектігін айтады. ЗӘМІР САҒЫНОВ, ЖОЛ АКТИВТЕРІНІҢ ҰЛТТЫҚ САПА ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ: «Жолды саларда барлығын алдын ала ойластыру керек. Егер де асфальтқа су еркін сіңетіндей болса, оны өзгерте алмайсың. Онда оны қайта қопарасың, қайта төсейсің. Бір компания 5 шақырым жол салып, оны қайтара жөндесе, ол құрдымға кетеді». Айта кетейік, өткен жылы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Нұр-Сұлтанда тас жолдарды тексерген еді. Сонда бір ғана Үркер тұрғын үй алабындағы үш көшеден 30 үлгі алып, тура жартысы мемлекеттік стандартқа сай емес екенін анықталды. Кейіннен құрылыс кезінде мердігер компания ақшасын үнемдегені белгілі болды.