Жас ақын неге түрмеде отыр ?
Жас ақын неге түрмеде отыр ?
Мұқағалидай алыптардың жерлесі болғандықтан ба, ауыл жақтан жыр жазатын жылт еткен "ақын бала" көрсек болды, оның аяқ-алысы мен шабысына сын көзбен қарайтынымыз бар. Рас, желігі басылмаған көп бозбала ғашықтықтан қағаз бүлдіріп алып, артынша өлең ауылынан суынып кетіп жатады. Ал, солардың ішінде өлеңге біржола ен салып, асау шабытты ертеп мініп алып, сар желетіндер тым аз. Сол аздардың ішінен Санжар Келеке деген жігітті көріп едім, бір жолы. Өзін емес, кітабын...
Алматы облысының әкімдігі бір топ жастың тұңғыш жинақтарын шығарыпты. Рас, өтірік айтып қайтем, солардың ішінен жерлесім (Қарадала өңірінің Сүмбе ауылынан екен) Санжар Келекенің "Жүрек сөзі" деген тұңғыш кітабын суырып алғанмын. Оқып шығып, поэзия әлемінің дүлділ тұлпарлары Жарас Сәрсек пен Бақыт Беделханның артынан тағы да бір тайдың құлдыраңдай еріп келе жатқанын байқадым. Сүмбенің топырағының қасиетін мойындадым ба, жоқ әлде сол елдің құдіреті бардай сезілді ме, әйтеуір ақын інімізге ішім жылып қалғандай болған.
Дәл сол сәтте мен осы ақын інімнің басы тау мен тасқа соғылып, тар қапаста, тағдырдың тауқыметімен Мағжан бабасындай "абақтыда айдан күннен жаңылып" жатқанын білсемші...
Білсем, қазіргі Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастаған ағаларыма қозғау салмас па едім. Тыныштықбек Әбдікәкімұлы мен Әубәкір Қайрандай ақын ағаларын ұстаз еткен жас періге араша түсер арда азаматты табар ем ғой... Дәурен Қуат пен Сәкен Сыбанбай ағаларымның жан досы қазақтың Әмірханы, Әмірхан Балқыбектің "Қасқыр Құдай болған кез" атты кітабын іздей барып, құрбым Мақпал Жұмабайдың "Мақпал шерін" қолтығына қысып алған ақынның "адам өлтірмейтінін" түйсіну соншалық қиын болмаса керек-ті. Қыбырлаған құмырсқаны аяп, абайсызда басып кетпеу үшін аяғының астына зер сала жүретін ақындарын қылмыскер атандыру, оны түрмеге қамап тастап, жас ғұмырын тас-талқан ету ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтің дәуірінде болмауы қажеттей көрінеді, маған...
Бұл турасында Берік Уәли ағам президентімізге де айта жатар. Жоғарғы соттан бастап, барлық құзіретті органға талай хат жазылса да, былқ еткен ешкімнің болмауы, жас ақынның тағдырына көз жұма қарауы, әрине түсініксіз жағдай. Жазушының баласы президент тағында, сыншының баласы Сенатта отыр. Ал, сол Кемел Тоқаев пен Сағат Әшімбаевтің жолын таңдаған жас өркен ізденетін, кітапханада сарылып отыратын, қолын жайып жіберіп, жалындап өлең оқитын уағында тиіттей де күнәсі болмаса да, (абайсызда болған бір оқиға қанқұйлы қылмысқа бағаланып), сегіз жылды арқалап абақтыда отыр.
Әңгімені мүмкіндігінше түсінікті етіп баяндасақ. Санжар "Көк базарға" кітап алуға барады. Қалтасынан екі-үш рет телефоны түсіп кеткен соң, сол жерде кітаптардың шаңын сүртіп жүрген әйел "Телефоныңды анау үстелдің үстіне қойып қойсаңшы" деп кеңес береді. Әлгі жерге телефонын қойып кітаптар әлеміне кіріп кетеді, жас ақын. Сөйтеді де, Әмірхан Балқыбектің "Қасқыр Құдай болған кезі" мен Мақпал Жұмабайдың "Мақпал шерін" сатып алады. Арада көп уақыт өтпей, таксиге мініп, "Талғар қайдасың?" деп тартып отырады. "Мақпал шерді" оқып біте бере телефонын іздейді.
Бұл кезде такси жарты жолға жеткен еді. Телефоны әлгі әйел айтқан жерде қалғаны есіне түсіп, қайтадан Көк базарға қарай құстай ұшады. Телефон соншалық құнды емес еді, Санжар үшін. Ол өзінің екінші кітабына дайындаған бар өлеңдерін сол телефонда сақтайтын. Соңғы бір-екі жылғы еңбегі әне сол телефонмен бірге құрығалы тұр. Өлең деген ақынның өмірі емес пе?
Ол кітап сататын бутикке алқына жетеді. Саудагер Дүйсенбек Момынханов "Бәлеңді жаппа" деп ақынды бутиктен итеріп шығарып жібереді. "Телефон үшін қалтамдағы 10 мың теңгені сүйіншіге берейін" деп жалынады бала-ақын.
Оған көнбеген соң бұл ішке кірмек болғанда саудагерге дем жетпей қалып түрі бұзылып кеткен. Бар болғаны сол. Есі шыққан Санжар бет орамалмен оның аузына дем беріп, "Жедел жәрдем" шақыртады.
Жүрегінің бұрыннан талмасы бар адам екен. Сол күні дәрісі де таусылып қалған көрінеді. Рас, жас ақын мен саудагердің арасындағы кикілжің онсыз да ауырып жүрген науқастың ажалына дөп келіпті.
Санжардың туыстары қаза болған адамның отбасынан кешірім сұрайды. Ол тарап 10 млн теңге талап еткен. Жалақысы 50 мың теңгелік Санжардың анасы ол ақшаны тауып бере алмайды. Соның салдарынан іс абайсызда болған кісі өлімі емес, қасақана жасалған қылмысқа айналып шыға келген.
Әмірхан Балқыбек пен Мақпал Жұмабайдың кітабын қолтығына қысқан "қауіпті қылмыскер" содан бері абақтыда отыр.
Қазір оның жазасын жеңілдету үшін қарсы тарапқа морольдік шығынды өтеп беру керек екен. Мемлекет ол шығынның сомасын 10 млн-нан 3 млн-ға түсірген. Сол ақша төленсе, ақын жігіттің жазасы жеңілдеп, түрме маңына жұмыс істеуге, туған-туыстарымен емін-еркін кездесуге мүмкіндік алатын болса керек.
Анасы бүгін маған хабарласты. 3 млн несие алмақ болған екен, банк келісім бермепті. Ана байғұс құлыншағының жазасы сәл де болса жеңілдетсем бе деп (Каспий Голд 87757100959 ЖСН 720811402021, Болтаева Гүлмира Сатыбалдықызы, жеке куәлік нөмірі 038456183) шапқылап жүр.
Мен "Жүрек сөзін" осыдан бірнеше жыл бұрын қолыма алып оқығандықтан, өзіме бимәлім һәм өлеңдері арқылы өте белгілі ақын жігіттің осыншама тауқыметті тағдырды бастан кешіп жатқанын елден бұрын білгендіктен оны баршаға жар салуды жөн санадым.
Тым құрыса, әлгі 3 млн-ды жинап берерміз. Әйтпесе,
"Өмірді Алла жазады, өлеңді ақын,
Кім бар дейсің қазағым сенен жақын?
Еленетін жерлер де еленбей қап,
Еленбейтін жерде де еленді атым" деп жырлаған ақын жігіттің атын "өзіне жақын қазағы" абақтыда емес, азат күнде елесе екен деп тілеймін!
Мүмкіндігінше бөлісулеріңізді, ой-пікірлеріңізді жазуларыңызды һәм уатсап группаларға да таратуларыңызды сұраймын!
Қанат Әбілқайырдың фб-парақшасынан