Олар кез келген құрметке лайық! Ақтөбелік кәсіпкер дәрігерлерге тосын сый жасады. Тәулік бойы көз ілмей, науқастарға көмек көрсетіп, күндіз-түні шақыртулардан қолы босамайтын жедел жәрдем бекетіндегілер мұндай қошеметті жоғары бағалады. Атымтай жомарттық танытқан кәсіпкердің тосын сыйы не? Бұл туралы
Еуразия бірінші арнасына NewsRoom+ Ақпарат тілшісі сілтеме жасап хабарлайды.
Демалыс базасына жолдама дәрігерлер үшін нағыз таптырмас тосын сый болды. Оны тынығуға келген қызметкерлердің өздері де айтты. Өйткені, биыл бірде-бірі жазғы демалысқа шықпаған. Себеп - айтпаса да түсінікті.
АРДАҚ ЖҰМАБАЕВ, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БЕКЕТІНІҢ КӨЛІК ЖҮРГІЗУШІСІ:
«Ешкім отпускке шыға қойған жоқ, бәрі жұмыста. Тек ауырып қалып 1-2 апта «больничныйға» барып келді, қазір бәрі жұмыста. Бәрінің де еңбектері бар, жалғыз біздікі емес. Бірігіп жеңетін іс ғой. Тезірек бітсе деп ойлаймыз, тілегіміз сол. Ал мына коллективке үлкен рахмет! Алтын уақыттарын бөліп, дастархан жайып, қонақ қылып жатқандарына».
Олар сынға жиі ұшырайтынын да біледі. Бірақ, әлеуметтік желідегі әрбір айтылған сөзді көңілімізге алып, ренжуге уақыт тапшы дейді. Бұрын да қолдары босай бермейтін жедел жәрдемгелілер індет кезінде жауапкершіліктің онан сайын артқанын айтты. Тәулігіне мыңнан астам шақыртуға барған кездер болыпты. Үй көрмей, сапта жүргендерге сондай сәтте жақындарының сөзі дем берген.
АЙГҮЛ ПРАЛИНА, ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ БЕКЕТІНІҢ ҚЫЗМЕТКЕРІ:
«Дәрігерлер жұмысынан кетіп жатыр, жұмысқа шықпай жатыр. Өтірік «больничный» алып жатыр. «Мама, сен ше?» дейді. Жоқ, балам, менің жұмысым ғой десем, балам айтады, «Мама, мен саған сендім!» деп. Баламның сол сөзінің өзі жігер болды маған. Балам сенгесін әрі қарай жұмыс істей бердім. Өз мамандығымды сүйемін!».
Демалыс базасы қаладан жырақта, табиғаты әсем жерде орналасқан. Кәсіпкер сауықтыру орталығынан бөлек, саумал мен қымыз өндірісі, балық шаруашылығын қолға алған. Иппотерапиямен айналсады. Мұғалжар тұқымды жылқыларын өсіріп отыр. Шипалы сусынынға сұраныстың көптігі сол, тек Ақтөбе емес, өзге өңірден де іздеп келетіндер артқан. Демалыс орнының қожайыны індетпен күресіп жүрген ақ халаттылардың да дәмнен ауыз тиіп, бір сәт тыныққанын қалапты.
ЕРКЕБҰЛАН ШЫНБЕРГЕНОВ, ДЕМАЛЫС БАЗАСЫНЫҢ ӨКІЛІ:
«Індет уақытында біздің Қазақстанның азаматтарына көп көмектесіп, емдеп жатқан адамдарға осылай ас беріп, өзіміздің қолдауымызды көрсеткіп, әрі қымыз ішіп, саумал сүтінің дәмін көрсін. Қазақтың бұрынғы емдік пайдасы бар сүтінің бірі болған ғой. Сосын базаны көрсін деп».
Демалыс дәрігерлерді сергітті. Жайылымдағы жылқыларды қызық көріп, тамашалап, суретке түсіп, бұлақтың мөлдір суынан дәм татты. Ал ұйымдастырушылар болса, келушілердің қызықты, көңілді демалуларына барын салыпты.
Әкімдіктегілер індетпен күресіп жатқан дәрігерлердің денсаулығына алаңдап, атымтай жомарттық танытып жатқан өзге де бизнесмендер бар екенін айтты.
«ӘДІЛГЕРЕЙ ӘУЕЛБАЕВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ АЛМАТЫ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ:
«Кәсіпкердің ісін әрі қарай жалғастыратын тағы да біздің ауданымызда кәсіпкерлер көп. Олар да ұсыныспен шығып жатыр. Біздің ауданымыз бойынша екі біреуі провизорлық туббольница, екіншісі «Чайка», соған біздің аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен кәсіпкерлер жұма сайын түстен кейін қымыз, шұбатын, керек заттарын апарып тұр».
Жолдама бір күндік. Яғни, келушілер ас-суын ішіп, жылқыға мініп, балығын аулап, саумал мен қымызын ішіп, тынығады. Барлығы тегін. Кәсіпкер күніне 50 адамнан , 500 дәрігерде осындай сый жасамақшы.