Жаңалықтар

Әліппені кімдер жазып жатыр?

Әліппені кімдер жазып жатыр?

 width= Ел мақтаған бас мұғалім негізгі түйткілге нүкте қойды. Бұрынғы басшы тамырына балта шауып, күресінге тастаған "Әліппе" мен "Ана тілін" қайтарды. Ел ықыласына бөленіп тұрған министр Асхат Аймағамбетов қоғамдық пікірге нақты бағасын осылай берді. Бұл туралы Newsroom+Ақпарат агенттігі Жанарбек Әшімжанның facebook парақшасына сілтеме жасап хабарлайды. «Әліппе» мен «Ана тілі» қайтты деп» бөркімізді аспанға атып қуанып жатырмыз. Дұрыс-ақ. Мәселе сонымен бітті ме? Бір айдан соң жаңа оқу жылы басталады. Ал енді сол «Әліппе» мен «Ана тілі» қалай жазылып жатыр? Кімдер жазып жатыр? Биылғы жылы жедел әзірленген екі-үш оқулық тәжірибе ретінде бір жыл оқытылатын көрінеді, сосын келер жылы нақты шешімге келетін сияқты. Білуімше дәл осы күндері «қос өкпесін қолға алып» 12-13 баспа жарыса, жанталаса оқулық жазып жатқан көрінеді. Ертең «бабы» мен «бағы» келісіп, маңдайы жарқыраған бір-екі баспаның топтап қосқан тобы бәйгеден келеді. Бұл не? Социалистік жарыс па? Озық оқулықты Білім министрлігінің жанындағы арнайы құрылған сараптамалық комиссия қарап, тиісті шешім қабылдайтын көрінеді. Ол комиссия қалай құрылды? Қандай мамандардан құрылды? Бұл комиссияға баспалардың «бармақ басты, көз қысты» ықпалы қалай? Ең бастысы – сол комиссияға еліміздегі ең білікті мамандар тартылды ма? Осы күндері күндіз-түні ұйқы көрмей (аз ғана уақыт қалды ғой) оқулық жазып жатқан мамандардың өзі ол комиссияда бар ма? Болса, ертең ол өз «баспасының» жырын жырлап кетпей ме? Сауал өте көп… Оқулық жазу ісін жекелеген баспалар монополияға айналдырып алғаны ешкімге жасырын емес. Заманында оқулықпен екі баспа – «Мектеп» пен «Білім» ғана айналысатын, бірақ ол кезеңде тапсырыс беруші баспаның өзі ме, министрлік пе, есімде жоқ. Қазіргі күні оқулық жазу ісі толықтай баспалардың құзырына өткен, бар гәп осында… Тапсырыс беруші де баспаның өзі. Оқулық жазатын мамандарды да жасақтайтын баспа. Бұл қаншалықты дұрыс? Мұны зерттеген жан бар ма? Сауал көп… Білім министрі осы бағытта терең, өте терең ойлануы керек. Сосын, еліміздегі ұлттық мектептерге де жекелеген баспа оқулық жазатын көрінеді. Мәселен, өзбек және ұйғыр тіліндегі мектептерге оқулықты «Жазушы» баспасы жазады екен. Елімізге мәлім баспа. Олар да мамандарды сол ұлттың өкілдерінен өздері таңдап алатын көрінеді. Олар оқулықты қалай жазып жатыр?Идеологиясы қалай? Мектеп табалдырығын жаңа аттаған бала қай ұлттың құндылықтарымен қаруланып жатыр? Ертең олар Қазақ мемлекетінің патриоты бола ма? Бұл бағытта да ойланатын мәселе жетерлік. Мамандардың айтуынша, кеңес уақытында (ол дәуірді сағынып отырған жайым жоқ, бірақ сол дәуірдің білім беру саласы нақты жүйеге құрылғанын мойындау керек) оқулық жазуға тапсырысты Білім минстрлігі беретін. Сараптау комиссиясы да еліміздегі ең білікті, тәжірибелі мамандардан құрылған. Барлық жауапкершілік бір ғана тарапта. Бізге жеткен ақпарат бойынша, министрліктің жанынан құрылған сараптамалық комиссияны мұқият қарау керек. Комиссия мүшелерінің әрқайсына баспалардың ықпал-әсері дегенді пышақ кесті тию керек! Құрамды әділетті, майлы жілікті ұстап отырған баспа жетегінде жүрмейтін білікті мамандардан құру керек. «Бармақ басты, көз қыстылық» дәл осы білім саласынан түбірімен жою қажет. Бұл – біздің ұрпақтың тағдыры! Білімді ұрпақ – мемлекеттің тірегі!   ҰСЫНЫС! Оқулық жазуға тапсырысты Білім министрлігі өзі беруі керек! Еліміздегі оқулық жазатын ең білікті мамандарды өздері жасақтауы қажет. Баспалар тек дайындалған өнімді шығарып беруші ғана болу тиіс! Осы мәселеге Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мырза жіті назар аударады деп сенемін!   P.S. Министрдің өзін және оқулық жазатын мамандарды, тиісті салаларды тегтей кетсеңіздер, өтініш!  

Құрметпен,

Жанарбек ӘШІМЖАН, «Ана тілі» газетінің бас редакторы, Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.