Ешкім танымайтын тағы 17 адам көп кешікпей Парламент Сенатына қонжияды. 12 тамызда сайлау. Жоғарғы палатадағы депутаттардың ішінен 17 адамның өкілеттік мерзімі аяқталыпты. Солардың орнына жаңа кандитаттар сайланады. 58 адамның депутаттықтан дәмесі бар. Берік Имашев, ҚР ОСК төрағасы:"Бізде бірден ешкім танымайтын адамды қонжитады сенатор қылып. Ол ештеңеден хабары жоқ. Ол қайдан келген адам. Біз танымаймыз".
Әзірге сенаторлар бұрынғы тәртіппен сайланады. Ал қызықтың көкесі алда. Арман Қырықбаев, "Нұр Отан" партиясының хатшысы:"Сенат депутаттығына 58 кандидат тіркелді. Орташа алғанда бір орынға үш үміткер. Өңірлер арасында ең көп кандидат Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысында. 5 адам тіркелді".
Осы Мәжіліс пен Мәслихаттың сайлауына "Нұр Отан» партиясы дайындықты бастап кетіпті. Бірақ жаңа жүйені енгізбек. Бұрынғыдай пропорционалды, яғни іштен өздері іріктеп, партиялық тізіммен үн-түнсіз кандидаттарды өткізе салмайды. Ел алдында, әлеуметтік желіде, тікелей эфирде өзінің бағдарламасын дәлелдеген тұлға өтеді. Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:"Біздің еліміздегі саяси күштердің барлығы біледі, жылдың соңы ма, келесі жылдың басы ма, өзінің Конституциялық мерзімінде елімізді үлкен сайлау күтіп тұр. Себебі, тек мәслихаттар емес, Мәжіліс, барлық деңгейдегі өкілетті билік органдарының бір мезетте сайлауны, бұл біздің тарихымызда бұрын соңды болмаған нәрсе".
Халық тікелей эфирде қатысқанымен, қай кандидаттың сайлауға түсетінін партия басшылығы жабық түрде шешеді. Егер ел-жұрттың көңілінен шыққан кандидат өтпей қалса, партияға сын. Депутаттықтан үміттенген белсенділерге қойылатын бір ғана талап - саяси додаға түспес бұрын Нұр Отанға мүшелікке кіруі тиіс. Қазбек Майгелдинов, саясаттанушы:"Праймеризде кез-келген Қазақстан азаматы , қоғам белсендісі болсын немесе әрбір аймақта түйткілді мәселені шешуге атсалысып жүрген азаматтар қатыса алады. Праймериздің айырмашылығы яғни кез-келген кандидат өзінің бағдарламасын, өзінің ұстанымын ашық түрде, дебаттар өткізу арқылы өзінің қарсыластарына негізгі тұжырымдарын ұсынатын болады. Халық оған онлайн түрде қатыса алады".
Егер праймериз жүйесі енгізілсе, өңірлердегі жылдар бойы Мәслихатта қол көтеріп отырған депуттарға да тықыр таянды. Ректор, кәсіпкер, шаруа қожалығының басшыларына енді бәсекелес белсенді жастарға орын беруге тура келеді. Жұмамұрат Шәмші, қоғам белсендісі:"Праймеризді өткізу тек Нұр Отан партиясына тиесілі, қатып қалған нәрсе емес. Мәселен Ақжол бар, Ауыл партиясы бар. Бұларда осындай жүйені енгізуге құқылы".
Праймериз жүйесі АҚШ-та басталған, кейін Еуропа елдері қолданды. Ресейде тәжірибе жасап көрді. Ал еліміздегі жаңа саяси бетбұрыстардың нәтижесін уақыт көрсетеді."Нұр-Сұлтан қаласындағы мәслихаттардың тізімін айтайын. ЕНУ ректоры Е.Сыдықов, аграрлық университет ректоры А.Күрішбаев, А.Мұсаходжаева Шабыттың ректоры, өңкей ректор, проректор, бизнесмен, байланған сыбайлас жемқорлық демей немене. Мәслихат депутаты дегеннің беделін көтеру керек. Айлық тағайындау керек".