Жаңалықтар

Депутат: Мені сайлаған сендер емес !

Депутат: Мені сайлаған сендер емес !

"Сендерге есеп беруге міндетті емеспін! Мені сайлаған сендер емес!". Қоғам белсенділерінің «демалыс кезінде немен айналысып жатырсыз?» - деген сауалына Мәжіліс депутаты Владимир Божко осылай жауап берген. Әлеуметтік желіде азаматтар «ханның баласы» болса да, қараша халыққа дұрыстап жауап берсін деп сын айтуда. Иә, халық қалаулылары қазір демалыста. Десе де өз уақытын қиып, қоғамдағы өзекті мәселелердің басы қасынан табылып жүргендер де жоқ емес. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды. Жалпы жағдай түсінікті болсын, айтайын. Құқық қорғаушы Бақытжан Төреғожина карантин кезінде халық қалаулылары нендей шаруа тындырып жатқанын білмек болып көбіне хабарласыпты. Бірі жауап қатқан, екіншілері телефонын көтермеген. Владимир Божко болса, фейсбук арқылы былай депті. «Сіз құрметтім бір нәрсені шатастырып отырған сияқтысыз. Маған дауыс берген жоқсыз, сәйкесінше сайлаушым емессіз. Жұмыс берушім де сіз емес». Айгүл Өтепова «сенген қойым сен болсаң» дегеннің керісі екенін айтады. Ассамблея атынан мәжіліске өтіп, төрағаның орынбасары болған Божко өзіне қатысты ешқандай шараның қолданылмайтынынын білген соң, осылай қыр көрсетті, дейді. АЙГҮЛ ӨТЕПОВА, ҚОҒАМ БЕЛСЕНДІСІ: «Сіздің айлығыңыз халықтың салығынан құралады. Салық халықтың ақшасынан құралады. Сондықтан сұрауға менің қақым бар дедім. Мемлекеттік қызметкердің этикасы бар. Ол документ ретінде шыққан.  Божко оны оқымаған шығар, менсінбейтін шығар». Ашығын айтайық. Күнұзақ депутаттың өзіне де, көмекшісіне де қоңырау шалдық. Телефондары сөніп тұр. Владимир Божконың қоғаммен диалог құру стилі көпке белгілі. Осыған дейін әлеуметтік төлем үшін тізерлеп тұрып алғыс айтыңдар дегені әлі күнге ел есінде. Мәжілістің вице-спикері осылай қыр көрсетсе де, өзге депутаттар қайнаған тірліктің бел ортасында жүрміз, дейді. Төменгі палатадағы 107 депутаттың бірерімен тілдестік. Мысалы, Магеррам Магеррамов коммунист әріптестерімен біріге отырып карантин кезеңінде республика бойынша 8000  мыңға жуық аз қамтылған отбасыға азық-түлік таратыпты. МАГЕРРАМ МАГЕРРАМОВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Бірнеше күн бұрын ғана тағы бір мәрте біріге отырып қаражат аудардық. Мұқтаж отбасыларға қолдан келгенше қолғабыс тигізіп жатырмыз. Көптеген өтініштер түседі. Бірі жерлеу рәсімімен мәселе бар дейді. Тағы бірі пәтерақысын төлей алмай жатыр. Барлығына көмектеуге тырысамыз. Жақында қарттар үйі, балалар үйі сияқты нысандарды аралап, ол жерге де керек жабдықтар жеткіздік». Нұржан Әлтаевпен де байланысқа шықтық. Мәжіліс депутаты дәріханаларды аралап, бағаларын салыстырып, халықпен тілдескен. Парламент өкілінің айтуынша 99 пайыз дәріханаларда вирусқа қарсы препараттар жоқ. Емханалардағы жағдай да мәз емес екен. НҰРЖАН ӘЛТАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ: «Туысқандарына айтады екен дәрілерді өздерің сатып алыңдар деп. Мына жақта СК Фармация да басқасы да айтып жатырбіз толығымен қамтамасыз етіп жатырмыз, ол жерде тапшылық жоқ деп. Тапшылық болмаса неге азаматтар неге қалтасынан сатып алуы керек? Көптеген шенеуніктер айтатын мед.страховка төлеңдер, төлесеңдер ертең сендерді тегін емдейді дәрілерді тегін береді деп. Ал енді халық, кәсіпкерлер соны төледі. Ал ақша қайда?». Құрамында 49 депутаты бар Сенаттың да өкілдерінің нендей шаруа тындырып жатқанын бағамдадық.  Жоғары палатаның төрағасы Мәулен Әшімбаев сенаторлардың бәрі елде екенін жекізді. Ал, Дана Нұржігіт сияқты белсенді азаматтар ел арасында жүріп, өткір мәселелерді көтеріп жүр. ДАНА НҰРЖІГІТ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ: «Жемқорларды соншалықты жек көретініміз ашық айтылса. Қол бермейтіндей, араласпайтындай, сүйекке таңба болатындай. Сен сол кезде окопта жатып оқ атқансың! Жау келе жатыр дегенде саудаласып тұрғансың! + Алыпсатарлардың аты белгілі болса. Мынадай кішкентай аппаратты бейбіт күнде 10 мың теңгеге сатып, соғыс болып жатқанда 30-40 мыңға саудалап. Өлейін деп жатқан адамның кислородын өлшеуге бермей отырғандардың есімі белгілі болуы керек». Саясаттанушы Қазбек Майгельдинов дәл қазіргі кезеңде барлық деңгейдегі мемлекеттік қызметкерлер өздерінің қолдарынан іс келетінін дәлелдеуі керек екенін айтады. Халықпен диалог құру маңызды болып тұр. ҚАЗБЕК МАЙГЕЛЬДИНОВ, САЯСАТТАНУШЫ: «Шенеунік болсын, депутат болсын, мемлекеттік қызметкер болсын олар халық үшін жұмыс істеп жүр. Халықтың мұң мұқтажын шешіп жүрген адамдар. Қазіргі таңда пандемияның өршуіне байланысты, экономикалық дағдарыстың өршуіне байланысты халықтың билікке деген сұранысы, халықтың биліктен күтетін үміттері артып отыр. Бұл жерде ел президенті айтқандай  естуші мемлекет. Билік пен халық арасындағы диалогты жандандыру керек». Жалпы алғанда Парламент мүшелері қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп жатқанын жеткізді. Естуші мемлекет дегеннің бір көрінісі осы болар. Тек Божко сынды мырзалар халықпен сөйлескенде өзінің депутат екенін, ұмытпаса екен.