Қытай коронавирусты қалай тізгіндеді?
Қытай коронавирусты қалай тізгіндеді?
2020 жылдың басында Қытайдың Ухань қаласында коронавирус індеті тіркеліп,қауіп барша адамзатқа ортақ болғандықтан, жаһанда оқшаулану шаралары басталды. Індеттің талайлардың өмірін жалмап, әлі де жалғасып жатқаны рас.
Бірақ бұған біржақты көзқарас танытып тек коронавирусты я ол таралған аймақты ғана айыптай беру пайда әкелмейді. Себебі адамдардың сақтық шаралары, үкіметтің жұмысты дұрыс ұйымдастыра білуі мен бастысы санитарияның қатаң сақталуы ауадай қажет.
Сәуірде Қытай үкіметі қытай халқының коронавирустан толық айыққанын хабарлап, Ухань қаласының есігі қайтадан айқара ашылды. Осы орайда Қытай коронавирусты қалай жеңді деген заңды сауал туындайды.
Соңғы деректерге сүйенсек құрлықтық Қытайда қаңтарда 80 мың адам індет жұқтырып, үш мыңнан аса адам көз жұмған, шамамен 60 мыңы емделіп шыққан. Вирусқа қарсы тұру үшін оның ошағына айналған Хубэй провинциясында карантин жарияланып, бар-жоғы 10 күннің ішінде емхана салынды. Бірқатар стадиондар мен көрме орталықтары уақытша емхана ретінде қолданылды.
Қытайда медициналық қызмет ақылы, алайда науқастар тегін ем-дом шараларын қабылдады. Дәрігерлер мен медибекелердің жалақысы үшін Қытай үкіметі ауқымды сома яғни 15 миллиард доллар бөлді. Әлемдік сарапшылардың пікірінше, Қытайдың індетті тез еңсеруіне бірінші кезекте олардың жеделдігі, ара қашықтықты сақтауы, тәртіпке бағынуы және айналасындағыларға деген жауапкершілігі сеп болған.
Мәселен BBC-ге берген сұхбатында Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы басшысының аға кеңесшісі дәрігер Брюс Эйлворд Қытайда індеттің таралып кетпеуіне олардың жеделдігі себеп болды деген пікір білдіреді. Эйлвордтың өзі коронавирустың ошағы Хубэй провинциясындағы жағдайда жіті зерттеген екен. «Мұндай індеттердің алдын алуда бірінші кезекте жағдайды бақылауға алып, вирус жұқтырғандарды жекешелеп, байланысқа түскен адамдарын анықтап, оларды да жекешелеу керек. Олар мәселенің күрделі екенін түйсініп, билікпен бірлесе жұмыс істеп, аталған шараларды орындауы тиіс», - дейді дәрігер.
Эйлворд мұнда Қытай билігі мен оның қоғамының бірлесіп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара алуының арқасында індетті тез ауыздықтау мүмкін болды деген ой айтады. «Адамдар үкіметтен емес, вирус пен оның салдарынан сескенді. Яғни қажетті шараларды жасай алмай қаламыз ба деп қорықты. Мақсатқа жетуде Қытай билігі басты рөл ойнады, алайда халықпен ортақ күш біріктірген еді», - дейді ДСҰ өкілі.
Расында індет таралған күннен-ақ Уханьннің шекарасын көлікпен де, жаяу да я қоғамдық көлікпен де ешкім кесіп өте алмады. Мектептер, университеттер, кинотеатрлар, кеңселер т.б қоғамдық орындардың бәрі жабылды, тек дәріхана мен азық-түлік дүкендері ғана жұмыс істей берді. Аймақтағы әр тұрғынның үйін арнайы комиссия аралап, вирус жұқтырғандар бірден емханаға жеткізілді.Қоғамдық орындарда медициналық бетпердесіз жүруге қатаң тыйым салынып, бұл мақсатта тұрғындарды бақылау үшін тіпті дрондар қолданылған.
Әр отбасынан тек бір ғана адам екі күнде бір рет қана далаға шығып, қажетті заттарды алып келе алды. Бұл әлемдік қауымдастық пен бұқаралық ақпарат құралдарында біраз даулы пікір тудырғаны да жасырын емес. Мәселен, белгілі америкалық басылым «The New York Times» Қытайдың адамдарды осындай қатаң тәртіппен оқшаулауының құны вирусқа қарсы науқанда оны ауыздықтауда сеп болғанын жазады.
Ал батыс сарапшылары болса, коронавирустың Хубэй экономикасын дағдартқанын, оның экономикалық салдары адамдарға вирустан қарағанда ауыр тиетінін алға тартты. Қытай жедел қимылдап, қатаң шаралар енгізсе, Еуропа мемлекеттері осы себепті біраз баяу әрекет етті. Бірақ оның салдары біраз адамның көз жұмуына түрткі болды. Ухань вирусты қалай жеңді деген сауал сол сәтте желдей ескен еді.
Оған тағы бір мысал келтірейік. Ресейлік сарапшы Алексей Масловтың сөзінше, Қытай билігі өз халқынан ештеңені жасырып, әспеттеген жоқ. Ақпаратты қалай бар солай жеткізді. Ал Қытайда әрбір тұрғын WeChat мессенжерін қолданады. Сәйкесінше, елде болып жатқан жағдайға байланысты әр тұрғын оқиғаның қаншалықты күрделі сипат алып жатқанынан хабардар болып отырды.
Қытайдың денсаулық сақтау бойынша мемлекеттік бюросы мен ірі емханалар тікелей эфир арқылы науқастардың саны, қанша адам сауықты немесе қаза тапқанына байланысты ақпаратты бүкпесіз жариялады. Бұл да бір шетінен адамдардың қорғаныш инстинктін тудырды. Тағы бір атап өтерлігі әлбетте коронавирус індеті экономиканы да айналып өтпейді.
Бұл тек Қытайға ғана емес, барша әлемде болып жатқан картина. Айталық, Қытайдың жергілікті билігі елдегі шағын және орта кәсіпті сақтап қалу үшін оларға белгілі бір сомада өтемақы төледі. Себебі қытай бизнесінің 80 пайызы осы бизнес түрімен тығыз байланысты.Сондай-ақ ресми Бейжің сақтандыру мен медициналық қорлардың кірістерін қайтаратынын оларға қосымша төлемдер жасайтынын хабарлады.
Тағы бір атап өтерлігі, Қытайдағы ірі бизнес өкілдері коронавирус індетіне қалыпты көзқарас танытып, ұлттық элиталар медициналық бетперде сатып алу, шағын және уақытша емханалар салу ісін қаржыландырды. Ал мемлекеттік қызметкерлер болса, науқастарға арнайы барып, карантинге жабылған провинцияларда жұмыс істеп, індет уақытында тұрғындарға өздерін қалай ұстауға байланысты кеңестерін аяған жоқ.
Сондай-ақ вирус жұқтырып, емделіп шыққандарды бақылау үшін қытайлықтар арнайы қосымша ойлап тапқан. Мәселен, егер адам Шанхайда болып, науқас адамдармен қатынас жасамаса, оның телефоны жасыл түсті көрсетеді. Егер провинцияға науқас адаммен бірге келсе, онда сары түс жанады. Онда ол адамға біраз уақыт карантинде болуға тура келеді. Өз кезегінде волонтерлар үйлерге тамақ, жеміс-жидек, көкөніс таратады. Тамақты пакеттерге орап, тұрғындарға жеткізеді, ал үйлердің аулаларына арнайы палаткалар құрылған, онда кез келген адамның дене қызуы тексеріледі.
Айталық Қытайға жақын орналасқан Вьетнам да коронавирусты жеңуде жақсы көрсеткіштер көрсетті. Онда 90 миллионға жуық адам бар, ашық деректер Вьетнамда бар-жоғы 38 адамның ауырғанын жазады. Олардың тең жартысы айыққан екен. Вьетнам тұрғындары мұнда үкіметтің өте қатал екенін, коронавирус індеті таралған сәтте-ақ қытайлықтар мен корейлер үшін визаның бар түрін кейін шегергенін алға тартады. Вирустың күшейген сәтінде Вьетнамға Еуроодақ елдерінің бірде-бір азаматы табан тірей алмады. Себебі талап сондай.
Ал Қытайдың ең басты көзіріне телефондағы жоғарыда аталған қосымша болды. Осы қосымша арқылы адамдардың денсаулығы бақылауға алынып, «денсаулық коды жасақталды». Яғни «денсаулық кодын» адамдар дүкен мен дәріханаға кірмес бұрын көрсетеді. Вирус Хубэй провинциясынан таралғандықтан, алғашқы сәттерден-ақ барша Қытайдан шамамен 42 мыңға жуық ақ халатты аттанған, олардың 19 мыңы – реаниматологтар.
Коронавирустан сақтанудың қарапайым шарттары медициналық қорғаныш перделерін тағу, қолғап кию болса, Қытайда медициналық бетперде саудасы қатаң бақылауға алынды. Мысалы, бір адамға бес қорғаныш пердесі сатылған, одан артық алуға болмайды. Бұл бетпердені әр екі сағат сайын ауыстыру мүмкін болмағандықтан, адамдар бейсауыт далаға шығуды да доғарады. Елдің ішінде медициналық бетперде сатуға тыйым салынды, әлеуметтік желіде де артық махинацияларға жол берілмеді. Ондай қасаң әрекеттерге барғандарға ауқымды айыппұл салынды.
Қатаң тәртіп, оған бағыну, үкімет пен қоғам арасындағы байланыс пен өзара қолдау, сондай-ақ заңға бағыну Қытайдың коронавирус індетін аз уақытта жеңіп шығуына ықпал етті.
Автор: Еркін ЕЛЕС