Мәселен Семейлік мүгедектер осы шектеулердің кесірінен тіпті дүкенге барудан қалған. Себебі біреудің сүйемелдеуінсіз жүріп тұра алмайды. Ал, жағдайын жасау үшін бекітілген әлеуметтік қызметкердің еңбекақысын да әкімдіктегілер жыр қып, дұрыс төлемейді екен. Сондықтан мамандар ақшасын ала алмай жұмыстан кетіп жатқан көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына
Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Атқамінерлер карантинді жақсы сылтауға айналдырды. Осылай деген бір топ мүмкіндігі шектеулі жан бүгін қалалық әкімдік алдына жиылды. Олар көмекшілерінің жалақысының дұрыстап төленгенін қалайды. Әлеуметтік қызметкерлердің еңбекақысы жырымдап берілгендіктен жүріп тұрулары қиындаған.
БӘТЕС АМАНТАЕВА, ҚАЗАҚ СОҚЫРЛАР ҚОҒАМЫНЫҢ ТӨРАЙЫМЫ:
«Мына жерде бірінші топтағы мүгедектер тұр. Солардың көмекшілері тұр. Ай сайын көмекшілердің уақытын кесіп тастайды СОБЕС. Сондықтан олардың ақшасы да кесіліп қалады. Не себеп болып тұр? Соны бізге түсіндірсін. Ай сайын келіп, СОБЕС-ке ұрсып ұрсып кетеміз. Ал, ешқандай нәтиже жоқ".
Аптасына 40 сағат. Бұл әкімдіктің мүгедектерге бөліп берген уақыты. Осы аралықта зағип жандар барлық шаруаларын аяқтаулары тиіс. Күнге шаққанда 5-6 сағаттан ғана тиеді екен. Өздерін сүйемелдеп жүретін қызметкерлердің еңбекақысын жұмыспен қамту бөлімі дұрыс төлмейді, - дейді тұрғындар. Одан қалды ай сайын мүгедектігі үшін алатын зейнетақысынан да қаржы ұстап қалатын көрінеді.
МАРЖАН ТӨЛЕГЕНОВА, БІРІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:
"Ай сайын жегенде, бұл енді 5-6 мың деген мягко сказано. Шындап келгенде, бұлар даже 20-21 мыңнан көп помощниктердің ақшасын жеп жатыр. Бұл ақша қайда кетіп жатыр Үкіметтің ақшасы? Қайда кетіп жатыр? Даже мынау, санаторияға бармаған ақшалардың барлығы қайда кетіп жатыр? Неге бұны инвалидтерге бермейді? Сол санаторияға бармаған ақшаның өзін, неге дәрілерге бермейді бірінші группаларға? Помощниктердің ақшасын жемесін, инватаксиімізді қысқартпасын".
Жергілікті билік қаладағы онсызда саусақпен санарлық арнайы такси көліктерінің санын да қысқартпақшы екен. Бұл жығылғанға жұдырық болды, дейді зағып жандар.
ӘСЕЛ БАҚАЖАНОВА, БІРІНШІ ТОПТАҒЫ МҮГЕДЕК:
"Бізге дәрі керек. Көздің дәрісі өте қымбат. Біз соқырмыз, мен қалай барамын? Мені міндетті түрде көмекшім әкелуі керек".
Ал, қалалық әкімдік өкілдері, карантин біткен соң мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесін шешеміз, - дейді. Жоғарыда аталған ережелер алынып тасталады деп сендірді. Жұрттың талабы бойынша, зағип жандарға аптасына шаруаларын бітіруге 56 сағат беру көзделіп отыр екен.
ҚАНАТ НҰРХАНОВ, ҚАЛАЛЫҚ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ ЖӘНЕ ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ БӨЛІМІ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:
"Зағип жандар, өздерінің тиісті ай сайынғы қаражаттарын алып отыр. Көмекшілері жөнінде де сұрақтар қойып жатыр. Көмекшілері де 2 тамыздан бастап, карантин біткеннен кейін, олармен жеке келісімшарт жасалады. Ай сайынғы пособие дейміз ғой, оларды да алып отыр. Бұрын аптасына 40 сағат болатын, қазір 40 сағаттан көп уақытқа да рұқсат етілген".
Жалпы, қалалық соқырлар қоғамына 563 зағип жан мүше. Оның әрқайсысы әлеуметтік қызметкердің көмегіне зәру. Бірақ, Семейде мұндай мамандар жетіспейді. Себебі, мүгедектерге 24 сағат бас-көз болғаны үшін берілетін еңбекақы 47 мың теңге ғана екен.