Түркістан: Жетісайда шектеу шаралары күшейтілді
Түркістан: Жетісайда шектеу шаралары күшейтілді
Түркістан облысында коронавирус дертін жұқтырған 5 азамат Жетісай ауданының тұрғындары екендігі белгілі болды. Осыдан кейін аймақта сақтық әрі шектеу шаралары күшейтілді. Облыс басшысының тапсырмасымен инфекция табылған Әбдіхалық ауылы мен Жетісай қаласындағы «Садовый» мөлтекауданында карантин жарияланды.
Бұл туралы Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасаған Newsroom + ақпарат агенттігінің тілшісі хабарлайды.
Аудан әкімдігі, прокуратура қызметкерлері, полиция бөлімінің инспекторларының қатысуымен қала тұрғындарына түсіндірме жұмыстары жүргізілуде.
Қалаға кіретін күре жолдардың бойына 6 блок-бекеттер қойылып, кешкі сағат 19:00-ден кейін қалаға кіру тыйым салынды.
Бекітілген шектеу шараларына байланысты азық-түлік дүкендерінің жұмысы 09:00–21:00 аралығында, азық-түлік базарларының жұмысы 10:00–18:00 аралығында, қоғамдық тамақтану орындарының жұмысы 10:00–21:00 аралығында, банктер мен почта байланыс және жекеменшік нотариустардың жұмысы 10:00–16:00 аралығында, дәріханалардың жұмысы 09:00–21:00 аралығында, шаштараздар мен сән салондары және техникалық қызмет көрсету орындары 10:00–16:00 аралығында, жанармай құю бекеттері 10:00–18:00 аралығында ғана жұмыс істейтін болады.
Сонымен қатар, 2020 жылдың 1 сәуірінен бастап сағат 19:00–06:00 аралығында қала ішінде көлік және адамдардың жүрулеріне шектеу қойылды. Тәртіпке бағынбаған азаматтарға ҚР ӘҚБтК-нің 476-бабымен хаттама толтырылып, 20 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қаланың көшелері күнделікті дезинфекцияланатын болады.