Жаңалықтар

Жапония Қазақстанға коронавирусты анықтауға арналған тегін тестілер жібереді

Жапония Қазақстанға коронавирусты анықтауға арналған тегін тестілер жібереді

Жапонияның инфекциялық аурулардың ұлттық институты қазақстандық зертханаларға коронавирусты анықтауға арналған тестілерді тегін тапсырады, - деп хабарлайды NewsRoom+ ақпарат агенттігінің тілшісі «Хабар 24» сайтына сілтеме жасап.

Қазақстан елшілігінің өкілдері Күншығыс елінің дәрігерлерімен кездесу өткізіп, осындай келісімге келген. Елімізге Жапонияда тұратын отандастарымыз да көмектесіп жатыр. Осы ретте «Марби Трэйдинг инк» компаниясының бас директоры Әбдібек Қалыбек Қазақстанға 200 қорғаныс костюмі мен 5 мыңнан аса медициналық маска беріп жіберді. «Парс Ауто» компаниясының менеджері Еркебұлан Әпсемет те Отанына 4 мыңнан аса бетперде жөнелткен. Гуманитарлық жүкті «Токио – Нұр-Сұлтан» тікелей рейсімен қазақстандық әуе компания тегін жеткізіп салды. Сонымен қоса, республикамыздың Жапониядағы елшілігінің өкілдері бейнеконференция ұйымдастырған. Оған Қазақстанның Денсаулық сақтау министрлігі мен Жапонияның инфекциялық аурулардың ұлттық иснститутының қызметкерлері қатысқан. Тараптар коронавирусты емдеу әдістерімен алмасып, онлайн консультацияларды жалғастыруға келісті. Бұл жағдайға байланысты, Жапонияның ауруларды бақылау және алдын алу орталығының директоры Норио Омагари:"Бүгінде Жапонияда коронавирусты жұқтырғандардың саны мыңнан асады. Инфекцияны шетелден алып келгендер көп. Алдағы бірнеше апта Жапония үшін күрделі кезең болуы мүмкін. Өйткені бұл вирустың жаңа түрі. Сондықтан онымен қалай күресетінімізді білмейміз. Әр ел тиісті шараларды қабылдап, зерттеулер жүргізіп жатыр. Осы ретте біз ортақ консультациялар өткізіп отыруымыз керек", - дейді.