Қазақтың сан ғасырлық ғұмырын өз бейнесіне сыйғызған картина
Қазақтың сан ғасырлық ғұмырын өз бейнесіне сыйғызған картина
Атамекен - ұлы сөз. Әнұранмен пара-пар келетін Атамекен әнін барша халық жатқа біледі.
Бұл сөздің мағынасын 5 жастағы бала мен 50 жастағы егде азаматтан сұрасаң да бір тіркесті, бір пікірді қайталайды. Ал бұл сөздің ақиқаты Қанапия Телжановтың 61 жылдық тарихы бар өнер туындысында бейнеленген.
Қасқалдақтай тарихымыздың тар жолы мен кең байтақ жеріміздің қадірін түсіндіреді. 1958 жылы жарық көрген «Атамекен» полотносы бар қазақтың сан ғасырлық ғұмырын өз бейнесіне сыйғызған картина. Сол кезде арыстарымыз өз толғауларын дүйім жұртқа ой салу, қоғамдық сананы қозғау тақырыптарында жырлап, абақтыға қамалса, қылқалам иелерінің ақиқатын жоғары шендердің түсінбегені қуантады.
Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне өрмелеп шығып күн болам», Дулатовтың «Оян қазағын», Мағжанның «Сағынышын» бір арнаға тоғыстырғанда дәл осы сурет. Суық түсті бояулармен салынса да жанарға жылу ұялататын қасиеті – суреттің нақты аргументі.
Суреттегі сары түс жасандылықты аңғартады. Қиямет пен қайғыға толы қазақ ғасыры ат үстінде тұрған қарияның келбеті іспеттес. Бұл келбет қиын-қыстау кезеңдегі бір шені өссе қойшы, одан қалса үйір бағар малшының азаттықты аңсаған,еркендіктің, елдіктің келерін сезер бейне. Суретпен сырласу – құдірет. Туынды суретшінің ғана емес, барша халықтың тұтас бір тағдырын бейнелеп тұр. Ақиқатпен алысқан төл тарихымыздың ашылмаған тұстары дәл осы картинадай.
Атамекен полотносы 550 жылдық қойнауды суреттесе, қазіргі Тәуелсіз еліміздің қылқалам иегерлері не саларын білмей жүр ме? Тіл бостандығына шектеу қоятын еді, ал қазір суретке де сөйлеуге мұрша жоқ. Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз тәуелсіз ел болмайды» дегені шындық. Бір ғана бояумен де бүкіл халық болмысын бейнелер суретшілер Кеңес үкіметі кезінде көп болды. Олардың салатын тақырыбы үнемі күйініш, қайғы. Өйткені заман ағымы солай. Қазір, әрине, еркіндік алаңында өмір сүріп жатырмыз. Алайда түрлі ағымның ағысымен кеткен адамдардың санасына ой саларлық суреттермен өзгерту әдісін неге қолданбасқа?! Бұл да бір дерт емес пе? Бар қазақтың сұлбасын бір шаршы метрге сыйғызған суретшінің өз ғұмыры да «Атамекен» картинасында.
Сіз болып, біз болып тамыры тереңге жайылған қазақ тарихын бір ғана суретпен түсіндіре алатын туындының бар екендігін жеткізсек, ұлттық рухтың жаңғыруын өзімізден бастаймыз!
Інжу Өмірзақ