«Егіз балама әкесіндей қамқор»: Тойлары желіде қызу талқыланған келіншек өз тағдырын баяндады

27 Қараша, 2018 1828 0

Өзінен 18 жас кіші жігітке тұрмысқа шықты деп желіні шулатқан келіншек бар шындығын жайып салды деп жазады NUR.KZ.


Қанатгүл Байқұлова − Түркістан облысындағы Кентау қаласының 1977 жылы туған тұрғыны. Ол шаһардағы балабақшалардың бірінде тәрбиеші болып жұмыс істейді.

Келіншек 17 қараша күні өзінің ғашығы Абдолламен шаңырақ көтерген. Сөздерінше, жұбайымен жас аралығы жұрт айтқандай 18 не 20 жас емес, 14 жас екен.

«Жолдасым 1991 жылы туылған, қарапайым отбасында өскен, өте тәрбиелі азамат. Біз әлеуметтік желі арқылы жарты жыл бұрын танысқанбыз. Алғашқыда онымен жай дос ретінде сөйлестім. Бірақ Абдолла маған үйленгісі келетінін, отбасы болуға ниетті екенін айтып жүрді», − дейді әйел.


Қанатгүл осыған дейін тұрмыс құрмаса да, егіз балалары бар екенін жасырмайды. Бүгінде сегіз жасқа келген қос перзенті Абдолланы «әке» деп атап, жандарына жақын тартады екен.

«Абдолла кішкентайынан әкесіз өскен. Өзі жетімдіктің дәмін татқан соң, менің балаларыма қамқор болғысы келді, оларға қиындық көрсетпей өсіргісі келді. Қазір толыққанды отбасымыз бар, өте бақыттымыз», − дейді ол.

Келіншектің сөзіне сүйенсек, ол алғашында үйлену тойын жасауға қарсы болған. Тек құдалық өткізіп, некесін қидыру жеткілікті деп санапты.

«Мен той жасағым келмеді. Бірақ Абдолла «ақ көйлек кию − әрбір қалыңдықты арманы ғой» деп, мені көндірді.

Екеуміздің де туыстарымыз отбасын құруға қарсылық танытқан жоқ. Жолдасымның ата-әжесі құдалық жасап, қазақтың барлық жөн-жоралғысымен мені келін етіп түсірді», − деп ақтарылды Қанатгүл.

Сондай-ақ, ол әлеуметтік желілер мен БАҚ беттерінде өзі туралы жазып, тойларын сынап жатқандарға ренішін жеткізді. Айтуынша, ешбір адам басқа түскен тағдырын тілеп алмайды.

«Мен ешкімнің отбасын бұзып, күйеуін тартып алған жоқпын. Абдолла менімен байлық үшін үйленетіндей, соншалық дәулетті емеспін. Екеуміз де қарапайым өмір сүретін, жұмысы бар адамдармыз.

Күйеуге шықпай-ақ егіз бала туғанымда сыртымнан әңгіме еткендер көп болды. Осы тойдың да суреттерін таратып, дүйім жұртқа жария етіп жатқан адамдардың кім екенін ішім сезеді.

Бірақ бізді сынайтындар алдымен өздеріне қарап алсын. Әр адамның тағдыры әртүрлі.

Осыған дейін мені Абдолладай жақсы көріп, сыйлайтын адам кездескен емес. Оның түсінігі өте мол, қайырымды адам. Ең бастысы, біз өз бақытымыз үшін өмір сүреміз», − деп сөзін қорытты ол.




Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.