Жаңалықтар

COVID-19 жұқтырған 112 медицина қызметкеріне біржолғы төлем тағайындалды

COVID-19 жұқтырған 112 медицина қызметкеріне біржолғы төлем тағайындалды

Ақшалай қаражат қазірдің өзінде 73 медицина қызметкеріне аударылды, тағы 39-ына төлемге жіберілді. 24 шілде сағат 18.00-дегі жағдай бойынша COVID-19-пен күреске тартылған 112 медицина қызметкеріне Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан (бұдан әрі – МӘСҚ) коронавирустық инфекцияны немесе вирустық пневмонияны жұқтыруына байланысты 2 млн теңге мөлшерінде біржолғы әлеуметтік төлем тағайындалды, - деп хабарлайды NewsRoom+ Ақпарат тілшісі zakon.kz порталына сілтеме жасап. Ақшалай қаражат қазірдің өзінде 73 медицина қызметкеріне аударылды, тағы 39-ына төлемге жіберілді. Жоғарыда көрсетілген төлемақы алуға құқығы бар медицина қызметкерлерін облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың денсаулық сақтау басқармаларындағы арнайы комиссиялар ауру жұқтыруын тексеру нәтижелері бойынша анықтайды. Барлық өтінімдерді Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі (бұдан әрі – ДСМ) жинақтайды. ДСМ-ден МӘСҚ-ға төлемге барлығы 123 өтінім келіп түсті. Өңірлер бойынша ең көп өтінімдер Алматы қаласынан (46), Алматы (38) және Солтүстік Қазақстан облыстарынан (10) келіп түсті. Қалған 11 өтінім бойынша деректерді ДСМ қосымша тексеруде. Нақтыланған мәліметтерді ұсынғаннан кейін бұл медицина қызметкерлеріне дереу төлем тағайындалады. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі мен ҚР Денсаулық сақтау министрінің 9 сәуірдегі "Денсаулық сақтау ұйымдарының COVID-19 коронавирустық инфекциясына қарсы күрес жөніндегі эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған қызметкерлері аталған инфекцияны жұқтырған немесе одан қайтыс болған жағдайда оларға біржолғы әлеуметтік төлемді жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" бірлескен бұйрығына ағымдағы жылдың 22 шілдесінде енгізілген өзгерістерге сәйкес жоғарыда көрсетілген төлем: – коронавирустық инфекция немесе вирустық пневмония жұқтырған медицина қызметкерлеріне – 2 млн теңге; – COVID-19 коронавирустық инфекциясын жұқтырғаннан, вирустық пневмониямен ауырып қайтыс болған жағдайда олардың отбасына – 10 млн теңге көлемінде төленеді. Коронавирустық инфекциядан, вирустық пневмониядан медицина қызметкерінің қайтыс болу жағдайлары бойынша МӘСҚ-қа өтінімдер түскен жоқ.