Жаңалықтар

Адамзат тарихындағы ең бай адам кім?

Адамзат тарихындағы ең бай адам кім?

 width= Forbes журналының рейтингі бойынша 2019 жылдың ең бай адамы деп «Amazon» компаниясының иесі Джефф Безос танылды. Осылайша Джефф Безос өзінің 131 млрд долларымен қазіргі замандағы ең бай адамдардың көшін бастады. Бірақ ол адамзат тарихындағы ең бай адам емес. Money.com порталының 2015 жылғы есебі бойынша адамзат тарихындағы ең бай адам орта ғасырларда Африкадағы қазіргі Мали мемлекетінің аумағында аса қуатты империя құрған манса (император) Мұса (1280-1337). 1312 жылы таққа отырған Манса Мұса жерінен өндірілетін алтын мен тұзды сатып өзі де байыған, елін де байытқан. Ол байлығының денін өз елінің ғылым-білімі мен мәдениетін көтеруге жұмсаған. Мұсаның тұсында ел астанасы Томбукту керуен жолдары түйісетін аса ірі сауда орталығына айналды. Мұса дарынды билеуші ғана емес, тілінен бал тамған мәмілегер болған. Айналасындағы ешбір елді жаулап алмаған. Бәрі өз еріктерімен кірген. Бағынбай қойған асаулау бір тайпаның көсемімен келіссөз жүргізіп, кен орындарына күзетші етіп қойған. 1324 ж. Мұса Мекеге 10 мың сарбаз, 30 мың күтуші, 12 мың құл мен күң, алдыға озып кімнің келе жатқанын хабарлап отыратын 500 жаршы ертіп қажылық жасауға сапарға шығады. Жол шығындарына деп 12 тонна алтын ала шығады. Құлдардың қолындағы аса таяқ саф алтыннан жасалған деседі. Әр елді мекенге тоқтағанда бір құлына бостандық беріп отырады. Мұса өткен елдердің бәрінде алтынның құны түсіп инфляция басталады екен.. Бірақ Мұсаның бәйбішесі байына айтқанын істетін кесір екен. Бірде Сахараның қақ ортасында суға түсемін деп шолжаңдайды. Мұса керуенді тоқтатып құлдарына шөл далада бассейн қаздырып, суға толтырады.. Ерке қатынның мауқы басылған соң сапарын жалғастырады. Қажылық сапар аттай бір жылға созылып, алып шыққан алтын тауысып, Мұса еліне қайтуға өзге билеушілерден қарыз алуға мәжбүр болады.. Манса Томбуктуға оралғанда өзімен бірге жүздеген ғалым, инженер, сәулетшілерді ала келеді. Жүздеген түйеге артқан кітаптары және бар. Еліне оралған соң жағдайын тез түзеп алған ол зәулім мешіттер мен медреселер, сауда бекеттерін салады. Мұса 1337 жылы қайтыс болды... Өкінішке қарай, ұлдары империяны ұстап тұра алмай, ыдыратып алады. Қазір Мали Африкада ауданы жағынан 8, халқы жағынан 20, ЖІӨ бойынша 50 елдің арасында 41 орында..

 width= Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ