Онлайн сот отырыстарында заңсыздықтар орын алуда
Онлайн сот отырыстарында заңсыздықтар орын алуда
Әуелі төтенше жағдай, кейін карантин дегелі біраз қызметтің онлайн форматқа өткенін білеміз. Сан салаға шектеу қойылғанымен азаматтар арасындағы дау тыйылған жоқ. Сондықтан сот процесстері де қашықтан өткізіліп жатыр. 4 айдай уақыт ішінде тек Елордада әкімшілік, азаматтық, қылмыстық, аппеляциялық істерді қоса айтқанда, 22 мыңнан аса іс қаралған екен. Сапасына көңілі толмай жатқандары да бар. Маңызды куәгерлер де нақты жауаптан жалтарып жатыр екен. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Ермұрат Омаров жеке фирмада көлік жүргізушісі қызметін атқарады. Сәуір айында жол апатына түсіп, ісі сотқа жеткен. Өзінің кінәсіз екеніне сенімді болған. Бірақ қозғалып келе жатқан көлікті емес, жиекте тоқтап тұрғанын соқтың деп, шешім шығарылыпты. Нәтижесінде айыппұл төлеп, қызметтік машинасын өз қаражатына жөндеуге мәжбүр. Ол 600 мың теңгенің айналасы. Сөзінше, онлайн процесс болғандықтан, өз уәжін толық жеткізе алмаған.
ЕРМҰРАТ ОМАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:
"Көзқарасымды жеткізе алмадым. Ыңғайсыз. Оффлайн болса мен нақты дәлелдерімді өз позициямды айтушы едім.Бірнеше процесс болды. Сосын аппеляциялық сот болды. Оған да арыз бердік. Онда мүлдем 6 минут болды. Өзгеріссіз қалады деп айта салды болды".ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, АДВОКАТ:
"Қылмыстық істер көбінесе Турункофф арқылы қосылып отырады. Бірақ та бұл ыңғайсыз. Процесстің басталуына дейін, ортасында үзіліп кетеді. Сонымен бір сағат болатын процесс 4-5 сағатқа созылып кетуі мүмкін".Адвокат Жандос Тұяқов процесстер онлайн өте бастағалы куәгерлерден жауап алу қиындады дейді. Трибунада тұрғанның қас-қабағын бақылап, сұрақ қою мен экранның ар жағында тұрған жанмен сұхбаттасу екі түрлі дүние. ЖАНДОС ТҰЯҚОВ, АДВОКАТ:
" Мысалы, сіз сұрақ қойып жатырсыз. Мен сол сұраққа нақты қазір жауап бере алмайтын болсам, байланысқа сылтау таға салып, шығып кетіп, дайындалып, немесе басқа біреуден сұрап, ақыл-кеңес сұрап қайтадан кіріп жататын жайлар боп жатады".АЙБЕК АМАНГЕЛДИН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
" Сіз қазір маған осы жерде жеткіздіңіз не, немесе қашықтықтан жеткіздіңіз не нәтижесі бір. Өйткені ақпарат бір. Уәж бір. Одан ештеңе өзгермейді ғой".Айбек Амангельдин азаматтық істерде дауға нүкте қоятын судья. Басқасын білмеймін, әйтеуір өзім туралы айтсам айтарлықтай айырмашылық жоқ дейді. Дәстүрлі залдағы процесске жетпейтінін мойындағанымен, азаматтардың виртуалдық сауаттылығы артатынына қуанатынын жасырмады. АЙБЕК АМАНГЕЛДИН, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫ АЛМАТЫ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
" Zoom программасы арқылы өтеді. Егер оларда программа орнатылмаған жағдайда біз WhatsApp қа қосып, тыңдаймыз".Кез келген жерде отырып процесске қатысу уақыт жағынан ыңғайлы екенін барлығы мойындап отыр. Тіпті, кей санаттағы істерді үнемі онлайн түрде өткізуге болатынына сенімді. Дегенмен, адвокат Жандос Тұяқов қылмыстық істерді ретсіз созуға я болмаса, кейінге шегеруге болмайды дейді. Өйткені абақтыда үкімін күтіп отырғандар уақыт жоғалтуы мүмкін екенін айтады.