Кентаулық шаруалар "Сыбағалы" болды

22 Қараша, 2018 959 0

Етті мал шаруашылығын дамыту, оның генетикалық әлеуетін, өнімділік сапасын жақсарту – ауыл шаруашылығының негізгі бағыттарының бірі. «Сыбаға» бағдарламасы бойынша мал басын көбейту, мал басын асылдандыру жұмыстары Кентау қаласында кеңінен жүргізілуде. Мұндағы «Жаннат» шаруа қожалығы Ресейдің Челябинск облысынан 52 бас асыл тұқымды герефорд сиырын сатып алды. Бұл туралы newsroom порталы өңірлік БАҚ-қа сілтеме жасай отырып хабарлайды. 

Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында шаруаның көзін тапқандар несие алып, өз істерін бастап, мал санын көбейтіп отыр. Солардың бірі – Сабыржан Анарбаев. Ол Кентау қаласы Қарнақ ауылдық округінде орналасқан «Жаннат» шаруа қожалығын 5 жылдан бері дөңгелетіп келеді. Етті бағыттағы ірі қара мал басын көбейтуде шаруа «Сыбаға» бағдарламасына жүгінді. Жылдық сыйақы 14%-дық мөлшерлемесімен несие алып, еңбегінің жемісін көріп отыр. Бағдарлама бойынша несие 10 жылдан 15 жылға дейін қаржыландырылады. Сондай-ақ, 2 жылдық жеңілдік кезеңі бар.

Сабыржан Анарбаев – «Жаннат» шаруа қожалығының басшысы

- Герефорд тұқымынан 52 бас мал келді Ресейден. Соны қазір бағып жатырмыз. Өзіміз мал басын көбейтіп жатырмыз. Өзімде 10 жылқы, 13 бұқа бар. Тағы 52 бас малға жер дайындап қойдық. Осы шаруа қожалығымен айналысып келеміз.

Герефорд – етті бағыттағы мал тұқымы. Ет өнімділігі мен репродуктивті қасиеттері үшін жоғары бағаланады. Қожалықта жұмысшылар үшін шопанның үйі, асхана, мал шаруашылығы фермасы салынған. Сондай-ақ, мал азығына арналған жем-шөп қоймасы да бар.

Кәрімжан Гайбишов – «Яссы» несие серіктестігінің төрағасы

- Жалпы, беріліп жатқан несиеміз 14%-бен берілуде. Оның 10 пайызына субсидия беріле бастады. Қазір шаруа қожалықтарымыз алып жатыр. Герефорд тұқымына келсек, әр басына 225 мың теңгеден субсидия беріледі. Қазіргі таңда құжаттар дайындалуда.

 «Сыбаға» бағдарламасы ет бағытындағы ірі қараның экспорттық әлеуетін дамытуға күш салады. Бұл өз кезегінде ауылдағы мал баққан  ағайынға берілген зор мүмкіндік.

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.