Орташа жалақы 200 мың теңге
Орташа жалақы 200 мың теңге
Қазақстандықтар орта есеппен айына 200 мың теңгенің көлемінде жалақы алады. Бұл - Ұлттық экономика министрлігі жариялаған ақпарат. Және бұл тек маусым айының көрсеткіші екен. Ал іс жүзінде қалай? Қараша халықтың айлығы шайлығына жете ме?
Бұл туралы NewsRoom+Ақпарат тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Отандастарымыздың орташа жалақысы 200 мың теңгеге аз-ақ жетпей тұр дегенді естіген һәм оқыған жұрттың реакциясы шамамен осындай. Күні кеше Ұлттық экономика министрлігінің статистикасын брифинг барысында Біржан Нұрымбетов растаған еді. Еліміздегі орташа еңбекақының нақ мөлшері қандай екенін жұрттың өзінен сұрадық.
«Жалпы адамдарды көбісі 100-120 мың көлемінде алады. Орташа».
«Облыстар, оның қасындағы ауылдарды алатын болсақ, көбінің жалақысы 70-90 мың арасында. Ол енді көп дегенде».
«100-150 шығар. 190-ға жетпейді. Мемлекеттік қызметкерлер алатын шығар. Бірақ, олардың да жалақысы төмен ғой».
Соңғы 25 жылда еліміздегі орташа жалақы қалай өзгерді? 1995 жылы еңбекақы 4600 теңге болған. Араға 5 жыл салып халықтың орташа табысы 14 300 теңгеге жетті. 2005 жылы - 34 000 тг, 2010 жылы екі есеге артып 77 600 теңгеге өсті. 2015 жылы жалақы мөлшері 126 мың болған. Биыл қазақстандықтар орташа есеппен 196 992 теңге жалақы тауып отыр.
Еңбекақының көлемі 197 мың теңге деген цифр аспаннан түскен жоқ. Еліміздегі ең төмен және ең жоғары жалақының бел ортасы шамамен осыған саяды. Экономистер халықаралық статистикалық өлшем қалай жасалатынын, одан бөлек номиналды, медианды, реалды жалақы деген ұғымдардың да барын айтты.
ЗИЯТ ҚОЖАХМЕТОВ, ЭКОНОМИКА ҒЫЛЫМДАРЫНЫҢ КАНДИДАТЫ
«197 болғанымен, қазір медианды жалақы ары кетсе 145-147 мың.Әртүрлі азық-түлік, басқа да тауарлар алған кезде оның бағалары бәрін есепке алады. Қолымыздағы ақшаға қанша зат келе алады, сол заттардың құны шын мәнінде жалақы деңгейін көрсетеді».
Статистика комитетінің есебіне сүйенсек, елімізде жоғары жалақы шамамен 360-400 мың теңгеге тең. Алайда, азаматтардың дені 58 мың теңгенің көлемінде де еңбекақы алатыны қосымша нақтыланған. Ресми есеп пен нақты төлемнің арасындағы алшақтықты осыдан-ақ байқауға болатындай.