Жаңалықтар

Түркістан: "Біз Біргеміз!" акциясымен 1500 отбасыға көмек берілуде

Түркістан облысында "Nur Otan" партиясы қолға алған "Біз біргеміз!" акциясы жалғасуда. 20 наурызда басталған акция аясында өңірдегі аудан, қалаларда 690 тұрғынға, яғни, осыншалық отбасыға әлеуметтік көмек көрсетілді.

Партияның "Кедергісіз келешек", "Бақытты отбасы" және "Ардагерлерді ардақтайық" жобалары арқылы жалғызілікті қариялар, мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар және әлеуметтік жағдайы өте төмен тұрғындарға қолдау көрсетілуде. Коронавируске қарсы күрес, тұрғындардың әл-ауқатын көтеру мақсатындағы акцияға партия филиалдары, аудан, қала әкімдері, "жасотандықтар", ерікті жастар және жомарт кәсіпкерлер мен мәслихат депутаттары белсенді атсалысып жатыр. Бастапқыда 1300-дей отбасыға көмек беру жоспарларған. Алайда тұрғындардың өтініштері бойынша бұл тізім 1500-ге ұлғайып отыр. "Nur Otan" партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бейсенбай Тәжібаев: "Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев төтенше жағдай кезінде аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға қолдауды күшейтуді тапсырды. "Nur Otan" партиясы акциянынегізгі үйлестіруші ретінде осы бағытта жұмысты жандандыра түсті. Ел азаматтары, кәсіпкерлер, депутаттар мен ерікті жастар тарапынан қолдау көрсетілуде. Мұндай қиын сәтте біз бірге болып, қолдан келгенше елге көмектесуіміз керек. Облыс әкімі Өмірзақ Естайұлының тапсырмасымен өңірде бұл акция жоғары деңгейде өтіп жатыр" дейді. Мерекелік демалыс күндері де жұмысты тоқтатпаған жастар мен еріктілер, партия өкілдері бүгін арнайы қоймада бас қосты. Олар демеушілер, ел азаматтары тарапынан түскен қаржыға алынған азық-түлікті жүк көліктеріне артып, ол көмек аудан, қалаларға жөнелтілді.