Карантин кезінде сайт арқылы танысу көбейді
Карантин кезінде сайт арқылы танысу көбейді
Анасын емес авасын көріп, қызын ал! Пандемия кезінде онлайн таныстық белең алып кетті. Жасы да жасамысы да карантинге жабылып, артық жүріс-тұрыс шектелгенде бойдақтар қайтсін?! Ғаламтордағы бір ғана танысу сайты 70 жұптың бағын ашыпты деген ақпарат бар. Қыр астында қызды ауыл бар десе құнанына қамшы басатын қазағым қазір сәйгүлігін емес, смартфонын ерттейтін болған. Жорғаның емес, желінің жалына жармасып, атқа емес, чатқа қонғандар жайлы NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Иә, аты-жөнін білмей, бет-жүзін көрмей танысу үнемі сәтті аяқтала бермейді. Әсіресе, бесіктен белі енді ғана шыққан жас жеткіншектердің жалған қиялдың жетегінде кететіні бар.
ГҮЛЗАТ ТӨЛЕГЕНОВА, ПСИХОЛОГ: «Толық ақпарат алу мүмкіншілігі болмайды. Онлайн танысатындар 18-19 жастағылар, олар әлі оңды солдысын білмеген, әлі жан-жағын танып болмаған. Сондықтан кішкене шектеу қою керек». Өмірлік таңдаудың маңыздылығын Ермек Алпысбекұлы бір кісідей түсінеді. Алайда амал жоқ. Карантинге байланысты қосағын ғаламтордан іздеп жүр. Одан қалды жасының келіп қалғаны тағы бар.ЕРМЕК АЛПЫСБЕКҰЛЫ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: «Кейбір кезде қызығамын. Достарым жартыларымен қыдырып жүреді. Соларды көресің, қонаққа бірге барасың, ал мені іздейтін кісі жоқ. Туыстар туралы айтпай-ақ қояйық».
Инстаграм желісіндегі танысу сайтының админы Нағима Сыздықова пандемия кезінде отбасын құруға ниетті жандардың қарасы көбейгенін айтады. НАҒИМА СЫЗДЫҚОВА, ТАНЫСУ САЙТЫНЫҢ АДМИНЫ: «Бұл танысу сайтын ашқаныма 3 жыл болды. Мұнда адамдар танысып, сосын үйленіп жатады. Карантинде өзінің екінші жартысын іздеген жандардың саны айтарлықтай өсті. Індет уақытындағы жалғыздық көп адамның жанына батты. Онымен қоса осы күзден қалмай үйленемін, тұрмысқа шығамын деген жандардың саны артты».Сайт арқылы 2400 адам бақытын тапса, карантиннің өзінде 70 жұп отбасылық өмірге аяқ басыпты. Бұл 140 адам өзара жарасты деген сөз. Осы ретте психолог Гүлзат Төлегенова адамдардың танысу сайттарын жағалап кеткені - жалғыздықтың белгісі дейді. Онымен қоса, көңіл көтеру орындарының жабық болуы да өз әсерін тигізбей қоймапты.
ГҮЛЗАТ ТӨЛЕГЕНОВА, ПСИХОЛОГ: «Осы карантинге дейін адамдарда мынадай миф болды. Онлайн танысуға жүгінетін адамдар ұялатын және жеңілтек адамдар деп ойлайтын. Қазір сол миф өзгерді деп айтуға болады». Дегенмен мамандар интернеттің шырмауына шырмалып, алданып қалмаудың да қамын жасау керек екенін айтады.