Жаңалықтар

40 градус ыстықта ауыз сусыз отырмыз

40 градус ыстықта ауыз сусыз отырмыз

Аңқамыз кеуіп тұр! Қырық градус аптапта шөліркеген ақтөбеліктер ауыз суды сатып ішіп отыр. Қырсыққанда, қаталаған қалың бұқараға құдайдың қара суы да қат көрінеді. Басқа-басқа, шіліңгір шілдеде дәл тіршілік нәрінен тарығу - тірі адам үшін тозақ екенін түсіндірмей-ақ қояйық. Бұл туралы NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. ЛИДА ОМАРОВА, ТҰРҒЫН: «Не сұмдық? Су берсе біз 1 минутта тұрмаймыз. Бәрімізге су керек!». Бұл жалғыз Лида Омарованың ғана жанайқайы емес. "Бауырластар-1" тұрғын алабындағы 300-ге жуық түтіннің ауыз сусыз отырғанына 10 күнге таяпты. Ақтөбенің тап іргесінде отырып, суды сатып ішіп отырғандарын айтады. БОТАГӨЗ САҚАҒАРАЕВА, ТҰРҒЫН: «Ішетін суымды сатып алып отырмын. 600 теңгеге. Ол не болады? Түскі, таңертеңгі, кешкі шай бар дегендей. Кейде магазинде су болмай қалады. Қаланың ішіне бару керек. Қайдан жеткіземіз, ойлаңдаршы? Ең болмаса, 1 тамшы су болса, үнемдеп ішер едік». Қанша үнемдеп ішуге тырысқанмен, 38-39 градус аптап шыдатпай барады. Елді мекендегілер суға шомылып, кір жуып, бау-бақша суғару дегенді тіпті ұмыттық дейді. Өйткені, ішетін қарасудың өзіне зар болып отыр. Қай үйге бармаңыз, бұранданы бұрасаңыз, тамшы да тамбайды. «Міне, бір тамшы да жоқ». Сусап, ішетін түк таппай қалған сәтте, амалсыз жуынуға деп жинаған мына суды қайнатып ішетін де сәттер болады, дейді жұрт. РАХАТ ТАКЕШОВ, ТҰРҒЫН: «40 градус ыстық болғанда су жоқ ғой. Әр жақтан тасып әкелген суды құйып-құйып қойдық. Керек кезінде пайдаланамыз. -          Жуынуға да ма? -          Бәрі осы, шөлдеп бара жатсақ, ішеміз, не істейсің басқа?!»)) Елді мекен тұрғындары мамыр айының соңында судың қысымы азайған сәтте әкімдікке шағымданыпты. Тілшілер келіп тіршілік нәрінің мәселесі шешілді-ау дегенде, жағдай тағы қайталанып отыр, дейді. КҮЛӘШ ЕСІРКЕПОВА, ТҰРҒЫН: «Напорды күшейтсін ең болмаса. Таңертең 1 сағат, кешке 1 сағат берсін. Ұят емес па! Не деген масқара? Үйде немерем бар. Оның құйрығын жууға да су жоқ. Памперс кигізіп қоямыз.» НҰРТАЙ ЫБЫРАЕВ, ТҰРҒЫН: «Пандемия уақытында қазір тазалық керек. Бала-шаға бар үйде. Талабымыз- бізге су керек!». Ал, әкімдіктегілер жылдың 3 мезгілінде тұрғын алабында ешқашан ауыз су тапшылығы туындаған емес. Тек жазда, бау-бақша маусымы кезінде осылай су торабының шамасы жетпей қалады, дейді. Оған - елді мекендегі тұрғындар санының күн санап артуы да себеп көрінеді. СЕЙТМАҒАМБЕТ ШІЛМАНОВ, АҚТӨБЕ ҚАЛАСЫ АСТАНА АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ: «Запказнедра» деген мекеме су қойнауын іздеу мәселесін жүргізіп жатыр. Болғаннан кейін сессияда ақша қарастырамыз. Тағы да қосымша 2 резевуар, 1 скважина салу жоспары бар. Биыл үлгермсек, келесі жылы мүмкіндік болса көктемде болады деп ойлаймыз)) Қосымша резервуар мен ұңғыны қондырғанша әкімдік ауыз суды уақытпен береміз деп отыр. Ол үшін арнайы кесте жасаған. Сол кестеге сай тұрғындар күніне үш мәрте су жинап алулары тиіс.