Дархан Қыдырәлі: Елбасы мақаласы - түркі жұртының адастырмас темірқазығы болары анық

22 Қараша, 2018 998 0

Елбасының «Егеменде» жарық көрген «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласы көпшіліктің көңілінен шығып, жұртшылық жүрегіне жол тапты. Қазақ елінің ғана емес, бүгінде Ұлы даладан тамыр тартқан туыс халықтардың да көшбасшысы ретінде мойындалып, ортақ мақтанышына айналған Қазақстан Президентінің тарихи санаға сілкініс әкелген, дәйекті деректері мен мәйекті мазмұны үйлескен маңызды мақаласы түркі әлемі үшін де байламды сөз, бәтуалы бағдар болды, деп жазады «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі.


«Өткенге үңілсек, тарихты жасайтын да, жазатын да бірегей тұлғалар болғанын байқаймыз. Олар - әйгілі Білге қаған, Тұран әміршісі Темір мен оның ұрпағы Бабыр, Мұстафа Кемал Ататүрік пен Уинстон Черчилль секілді адамзат тарихында елеулі із қалдырған біртуар қайраткерлер. Саусақпен санарлықтай бұл тізімге Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты да қосуға болады», - дейді Дархан Қыдырәлі.

«Егемен Қазақстан» басшысы өз сөзінде тамырлы тарихымызды түгендеуге толайым табыс әкелген бағдарламаларды айта келе Ұлы дала ұғымы бүгінде Қазақстанның ұлттық кодына айналып үлгергенін атап өтеді.

«Мақалада Мемлекет басшысы Ұлы даланың қастерлі қасиеттеріне, сан түрлі қырына айрықша тоқталыпты. Шынтуайтында, Ұлы дала - кеңістіктің атауы, оның ауқымы өте кең. Алтайды кіндік жұрт санайтын алтай тілі тобына жататын ұлыстардан бастап, Байкалдан Балқанға, Мажардан Моңғолияға дейінгі алып аумақты жайлаған халықтардың бәрінің дерлік түп-тамыры, генезисі Ұлы даладан бастау алып жатыр.  Сонымен қатар Ұлы дала - өркениеттің атауы! Ал өркениеттің қатпары мен қыры, қасиеті мен қазынасы көп болары анық. Ендеше, Елбасы мақалада қазақ халқы қастерлі санайтын «жеті» санын ырымдап, символикалық мағынада қолданғандай әсер қалдырды. Көкті - жеті қат аспанға, текті - жеті атаға, байлығы мен мұрасын - жеті қазынаға, жаһанды жеті жұртқа теңейтін бабаларымыздан жеткен жеті саны мақалада Ұлы даланың жетістіктері мен адамзат тарихына қосқан сүбелі үлесін әдемі жүйелеп тұр», - дейді Дархан Қыдырәлі.

Халықаралық Түркі академиясының президенті атап өткендей, тарихқа еуроцентристік көзқараспен қарайтындар көшпелілер туралы жаңсақ ұғым қалыптастырған, шынтуайтында, мақалада айтылғандай, «біздің жеріміз - материалдық мәдениеттің көптеген дүниелерінің пайда болған орны».

«Елбасының Ұлы даланы түркі әлемінің киелі бесігі деуі - заңдылық. Расында, тақтары тұрмақ, аттары да алтынмен апталған қаһарлы қағандар мекені саналатын Берелден бастау алатын асқақ Алтай - күллі түркінің бағзы замандарда кіндік байлаған кен ордасы. Батыстағы Сарайшық пен Сығанақтың арасы, күңіренген қобызымен тіршілік атаулыны ұйытқан қасиетті Қорқыттың қонысы - бүгінде Түркия, Әзербайжан, Түрікменстанда мемлекет құрған оғыздар әулетінің берекелі бесігі. Оңтүстіктегі әзірет қонған әз қала - Түркістанға ислам дінін қабылдаған күллі түркі жұртшылығы тағзым етеді. Ертегіден басталып, Едігемен жалғасатын Ұлытау жері - кезінде Дешті Қыпшақ аталған Ұлы даланың алтын ордасы. Осы төрт қақпаның тура төрінде, Сарыарқаның белінде самұрығы самғаған, мәңгілік мұраты айқындалған Астана төрт құбыласы тең қазақ елінің ғана емес, түгел түркінің тегеурінді байтағына баланып отыр. Осының бәрі шабыты шалқар Мағжан ақынның: «Көп түрік енші алып тарасқанда, қазаққа қара шаңырақ қалған жоқ па?» - деген сөздерінің шындыққа айналғанын айғақтайды», - делінген «Егемен Қазақстан» басшысының мақаласында.

Елбасының Ұлы дала халқының этногенезіне, Ұлы дала фольклорына назар аударуын тілге тиек еткен Дархан Қыдырәлі қазақ даласында байырғы бабалардың өнегелі ізі мен өміршең сөзі сайрап жатқанын жазады.

«Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы болашақта ұлттық коды мен түпкі тарихы бір, тағдыры мен тамыры ұқсас, мақсаты мен мүддесі бір бауырлас халықтар арасын жақындастыратын, ағайын арасына алтын арқау болатын іргелі жобаға айналады деп сенеміз. Алаштың ақ парағына жазылған Елбасы мақаласы түркі жұртының рухани ұстыны, адастырмас темірқазығы, Ұлы Даланың Ренессансы болары анық!» - дейді Дархан Қыдырәлі.


Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.