Жаңалықтар

Сарапшылар: COVID-19 жұқтырғандар саны үш миллион болуы мүмкін

Елімізде ковид жұқтырған науқастар саны үш миллион болуы мүмкін. Сарапшылар мен қоғам белсенділері осындай пайым жасап отыр. Олар халыққа жарияланып отырған ресми деректердің дұрыстығына күмәнмен қарауда. Себебі ПТР тест тапсырғандардың саны небары 1 миллион 700 мыңның айналасында. Дәрігерлер мен полицейлердің бірнеше мәрте тестен өтетінін ескерсек, нәтиженің көңіл көншітпесі анық. Көңілді күпті еткен тағы бір дерек. Бір аптада 210 отандасымыз індеттен көз жұмған. Олардың 114-і елорда тұрғындары. Бұл туралы NewsRoom+ Ақпарат тілшісі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. COVID-19 көрсеткіші бойынша еліміз 29-шы орынға тұрақтады бүгінде. Ресми мәліметтер 70 мың адамның коронавирус жұқтырғанын айтады. Шілденің 13-і мен 19-ы аралығында пандемиядан 210 адам көз жұмса, өткен сенбі-жексенбінің өзінде 121 отандасымыз індетті жеңе алмай, бақилық болған. Олардың 114-і  елордадан. Алматы облысында 19 науқас қайтыс болса, қаралы үштікті Түркістан облысы түйіндеп тұр. 13-19 шілде аралығында 210 адам көз жұмған Сенбі-жексенбі күндері 121 адам қайтыс болды Нұр-Сұлтан қаласы  114 Алматы облысы  19 Түркістан облысы  18 Осы орайда коронавирусқа қатысты жалпылама деректердің дұрыстығына күмәнмен қарайтындар да бар. «Ауруға шалдыққандардың саны 70 мың емес, 1,5 млн болуы ықтимал. Тіпті 3 миллионға жетуі ғажап емес»,  дейді кәсіпкер Айдын Рахымбаев. Осынау трагедияға қазақтардың «ұят болады» деп, жиын-тойдан қалмауы себеп болды, дейді. «Біздің мақтан тұтатын қонақжайлылығымыз осындай ауыр жағдайға әкеп соқты. Мен айтып отырған 1,5 миллион науқас бұл жай ғана болжам. Шын мәнінде бұл сандар одан да жоғары болуы мүмкін. Өйткені ешкімнің індетпен ауырмаған танысы қалмады». КӘСІПКЕР АЙДЫН РАХЫМБАЕВТЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІДЕГІ ПАРАҚШАСЫНАН Денсаулық сақтау министрлігінің ресми дерегін сынға алғандардың бірі экономист Олжас Құдайбергенов. «Елде коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастардың жалпы санында жаңылыс бар» деп кесіп айтқан ол, жоқ дегенде 1 млн-ға жуық адам вирусқа шалдықты деп сөзін сабақтаған. «Бұл жерде ПТР-тестілеуден өткен, ауруханаға өздері барған адамдарды айтып отырмыз. Әрине, үйінде емделген адамдар бар, бірақ оларға қатысты қандай сан шығатыны әзірге белгісіз. Ауруханаға індеттің белгілері бар науқастар хабарласқанын, ал 85%-і симптомсыз ауырғанын ескерсек, 2 миллионға жуық қазақстандық жазылған немесе ауырып жатыр». ЭКОНОМИСТ ОЛЖАС ҚҰДАЙБЕРГЕНОВТЫҢ FACEBOOK ПАРАҚШАСЫНАН Осылайша, Мемлекет басшысының бұрынғы кеңесшісі "Вирус пен пневмониядан қайтыс болғандардың көрсеткішін біріктіру  дұрыс шешім болды" деп есептейді. Айтпақшы, бұрынғы кеңесші деп отырғанымыз Олжас Құдайбергенов бүгін түске дейін қызметінен босатылды. Егер экономистің болжамы расталса, Қазақстан ковид бойынша әлемдік қаралы тізімнің ондығынан бір-ақ шығады. Өйткені ковидты қоспағанда, жыл басынан бастап 15 шілдеге дейін елде 234 мыңнан астам адамның пневмонияға шалдығып, 3327-сі көз жұмған. МЫҢЖЫЛҚЫ БЕРДІҚОЖАЕВ, ОРТАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАНЫҢ НЕЙРОХИРУРГИЯ БӨЛІМІ МЕҢГЕРУШІСІ: «Коронавирус 2020 кз сайтын қарасаңыз, ондағы вирус жұқтырғандар мен ауырғандар саны мардымсыз болғандықтан, бірақ мемлекетімізде қандай да бір өкпенің ауруы пайда болып, содан адамдардың қырылып жатқандығы көзге таңба басқандай байқалып тұр. 01:27 Оның барлығы коронавирус екені анық.01:36 Оның белгілерінің бәрі вирусқа тән болғандықтан, ПЦР тестісіз ақ бұл коронавирус деп айтуға мүмкіндік бар». Айтпақшы ашық дерек көздерінде небарі 1 миллион 737 мың 546 тұрғынның ПТР тестен өткені жазылған. Бұл ел тұрғындарының бар-жоғы 9,25%-ына тең. Егер осы санға қызмет бабы бойынша бірнеше рет тестілеуден өтетін дәрігерлер, полицейлер мен еріктілерді ескерсек,  шын мәнінде тест тапсырған қазақстандықтар саны тым аз екенін аңғаруға болады.