Карантин еңгізгелі Open Almaty-ға тұрғындардың 306 мыңнан астамы өтініш берген
Карантин еңгізгелі Open Almaty-ға тұрғындардың 306 мыңнан астамы өтініш берген
2020 жылғы қаңтар-маусым аралығында Алматы қаласы әкімдігінің "Open Almaty" қоғамдық қабылдау бөлмесіне тұрғындардан 306,5 мыңнан астам өтініш түсті. Бүгінде олардың 0,3%-і қаралу үстінде, қалғандары бойынша жауап берілді. Бұл туралы zakon.kz.сайтына Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда өтініштер саны 518%-ке артты. Көрсеткіштің өсуіне Алматы қаласында карантин режимінің енгізілуі себеп. 16 наурыздан бастап Open Almaty қала тұрғындарына коронавирустық инфекцияның таралуына қарсы іс-қимыл бойынша билік тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы жедел консультация беретін байланыс орталығы ретінде жұмыс істейді. Бұл ретте қаланың тыныс-тіршілігінің түрлі бағыттары бойынша өтініштерді қабылдау және тіркеу тоқтатылмады: абаттандыру, ағаш кесу мен қоқыс жинау, жол жөндеу мен инженерлік желілерді ауыстыру, балабақшаға жолдама алу мен қала әкімдігінің құзыретіне кіретін басқа да өтініштер.
Өтініштер жалпы санының 90%-і Open Almaty байланыс орталығы (1308, 338-33-88) арқылы түсті, қала тұрғындарының әлеуметтік желілер мен open-almaty.kz порталы арқылы берген өтініштері тиісінше 6,4% және 3,2%.
Топ-5 өтініш келесідей: тұрғындардың азық-түлік және дәрі-дәрмек түріндегі әлеуметтік көмек алуға өтінімдері (76,6 мың), Алматыға келу/кету (36 мың), Алматы бойынша жүріп-тұру (22,2 мың), жәрдемақы алу (22,1 мың) және коммуналдық қызмет ақысын өтеу (22 мың) мәселелері бойынша түсініктемелер.
Қала аудандары бөлінісінде ең көп жазбаша өтініштер Бостандық ауданы әкімі аппаратының атына келіп түсті – жартыжылдықтағы барлық жазбаша өтініштер жалпы санының 8,2%-і. Одан кейінгі кезекте Әуезов (6,5%), Алмалы (5,1%), Медеу (4,2%), Алатау (2,2%), Жетісу (2,2%), Түрксіб (2,2%) және Наурызбай (2,1%) ауданы әкімдерінің аппараттары.
Алматы әкімдігінің басқармалары мен ведомстволық қарасты ұйымдары бөлінісінде жазбаша өтініштердың көбі Қалалық мобилділік басқармасына (19,2%), Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасына (8,9%), сондай-ақ Алматы Қала Жарық (4,8%), Алматы жылу жүйесі (2%) және Алматы Судың (1,4%) атына келіп түсті.
Бүгінде қала тұрғындары мен қонақтарына Open Almaty-ға өтініш берудің келесі тәсілдері қолжетімді: 1308, 338 33 88 байланыс орталығы, open-almaty.kz порталы мен Instagram, Facebook, Twitter әлеуметтік желілері (@openalmaty.kz). Фронт-офис карантин режимі кезінде жұмыс істемейді.
Аудан әкімдерінің аппараттары мен жекелеген басқармаларға бағытталған сауалдар (қала нысандарын күтіп ұстау, аулаларды абаттандыру, аумақтарды жинау, арықтарды тазалау және т.б.) авторлықты белгілеу талабынсыз қаралады.
Тексеру жүргізуді талап ететін құқық қорғау органдары мен бақылау органдарына бағытталған (мысалы, Полиция департаменті, Әкімшілік полиция басқармасы, Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, Экология департаменті, Мемлекеттік кірістер департаменті, Алматы қаласы қала құрылысын бақылау басқармасы және т.б.), авторын белгiлеу мүмкiн емес, қолтаңбасы, оның iшiнде электрондық цифрлық қолтаңбасы, өтініш берушiнiң пошталық мекенжайы жоқ өтiнiштер заңнамаға сәйкес анонимді өтініштерге жатады және қаралмайды. Мұндай жағдайда өтініш берушілер open-almaty.kz порталындағы онлайн-форманы толтыра алады, өтінішті растау үшін "ЭЦҚ қол қою" тәсілін таңдау қажет.