Жаңалықтар

Жанашырлардың ерлігі, еріктілердің еңбегі

   width= Біз дана елдің ұрпағымыз. Бабаларымыз «Жайылымы болмаса, мал азады, мейірімі болмаса, жан азады» деп ұрпағын қайырымдылық пен мейірімділікке тәрбиелеген. «Байлық – мұрат емес, жоқтық – ұят емес» дегендей байлықты мақсат-мұрат санамаған, оны тек басқаға жанашырлық танытып, көмек көрсету мүмкіндігі деп қарайтын жандар арамызда көптеп кездеседі. Елдің ертеңіне алаңдап, болашағы үшін барын беретін аптал азаматтар жетерлік ортамызда. Бүгін соның тағы бір куәсі болдық. Тарқатып айтайын. Киелі Сайрам ауданының жанашырлары, ерікті, белсенді жастары, алдыңғы буын ағалар мен кейінгі толқын бауырлар қайырымды тірліктің басы-қасынан табылды. Яғни, ортадан қаржы жиып, мұқтаж жандарға үлестірді. Ірі қара мал сойып, етін халыққа таратты. Азық-түлік заттарды үйіне жеткізіп берді. Жалпы 50 отбасыға арналып жасалған дүниелер толықтай егелеріне (аз қамтамасыз етілген, көп балалалы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі, асыраушылары жоқ жандар, шындап келгенде шын мұқтаж азаматтарға) таратылды. Осылайша қазіргі жағдай кезінде Сайрам тұрғындары елге көмек көрсету арқылы басқаларға үлгі болуда. Осындай қайырымдылықтың бәрін ізгі іс санайтын жастар алдағы уақытта да қол ұшын созуды тоқтатпақ емес. Оларға алғыс айтып, батасын берген жандардың да қатары көп. Біреуге қол ұшын беріп, қолдау көрсету, көмек қолын созу – жүрек қалауы дейтін жастардың жарқын ісі жалғаса түссе нұр үстіне, нұр болады. «Қолы ашықтың – жолы ашық» деген жақсы сөз бар. Қайырымдылық жасау – имандылықтың нышаны десек, оның шартының өзі адал және әділ болуға, әлсізге, жоқ-жітікке, кемтарға қайырымдылық ету, қол ұшын созу болып саналады. P/S. Бір қол бірген садақаны екінші қол білмеу керектігі рас. Дегенмен жариялауымыздың да нақты себебі бар. Біріншіден, жомарт жандардың бұл ізгілікті ісі басқараларға өнеге болса, жақсылық жасауға мұрындық болса дейміз. Екіншіден, есеп беру десек те болады. Себебі, бұл көпшіліктің қаржысы, ортадан жиналған дүние. Оның ішінде мен бармын, сіз де бар шығарсыз (мүмкін келесі жолы боларсыз).

ЖАҢАБЕК Хамраев Сайрам аудандық «Жастар ресурстық орталығының» басшысы.