Шымкентте алаяққа алданған тұрғындардың үйлері кепілде кетті
Шымкентте алаяққа алданған тұрғындардың үйлері кепілде кетті
Шымкентте бір топ отбасы далада қалғалы тұр. Үйлерін кепілге қойып, несие алмақшы болғанда алаяққа алданып қалған екен. Енді баспаналарын несие ұйымы тартып алмақшы. Сотқа барып сазайын беруді сұрағанда, олар да сандалтып қойған. Қара қылды қақ жарады-ау деп барған қазылары қайта қарашаны қапа қылғанға ұқсайды. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
"Жалғыз баспанамыз. Бала-шағамның баспанасы. Осы жерден шалым шығып еді".Алаяққа алданып қалған жанның бірі - Клара Қалиева. Ол жеке шаруашылықпен айналысып жүрген ұлына 7 пайыздық несие алып бермекші болып, «Қазығұрт несие» ЖШС-не үйін кепілге қойған екен. Алайда, серіктестік басшысы Нұрмұханбет Ермекбаев 32 млн 582 мың теңгені кейуанаға берместен, өзі жаратып жіберген. Енді кепілге қойылған баспананы банк тартып алмақшы. КЛАРА ҚАЛИЕВА, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
"Өзім сүйретіліп барсам да үйімді бермеймін. Соған маған жәрдем беріңдер балалар. Мені танитын адамдар көріп отырсаңдар шығыңдар мені қорғауға".Клара әжей секілді 20-дан астам отбасы дәл осы Нұрмұханбет Ермекбаевқа алданып қалғандарын айтады. Бүгінде ол алаяқтық әрекеті үшін түрмеге жабылған. Тергеу материалдарына сәйкес, сотталушы 359 миллионнан астам ақшаны жеп қойғаны анықталған. Оны сотта мойындапты. Бірақ, судьяның неліктен кепілге қойылған үйлерді заңды иелеріне босатпай жатқаны түсініксіз. БАҚЫТЖАН АКБАРОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
"Оны судья деп айта алмаймын. Судья деген атқа қарсы келетін адам. Әлде біздің Шымкентте басқа заң ба?".СЕРІК ҚАСЫМБЕКОВ, ЖӘБІРЛЕНУШІ:
"Енді бір тиын алмаған болса, мына тұрған 18-20 адамның барлығы үйсіз-күйсіз қалуы керек пе, мен түсінбедім. Үкімет, Заң қайда қарап отыр?".Жәбірленушілердің сөзінше, бірінші сатылы сот тек үш отбасының баспанасын кепілден босату жөнінде шешім шығарыпты. Алайда, банк бұған көнбестен аппелациялық шағым түсіріп, соңында сотта жеңіп шыққан. Мұны судья да растап отыр. СӘБИТ ТӨРЕХАНОВ, ӘЛ-ФАРАБИ АУДАНДЫҚ СОТЫНЫҢ СУДЬЯСЫ:
"Аппелациялық сатыда қаралған. Күшінде қалған. Қазіргі кезде келіспеген жағдайда сотқа қатысушылар кассациялық шағым жасауға құқылы".Шымкенттен әділдік таппаған азаматтар енді жоғарғы сотқа үміт артып отыр. Бірсыпырасы кассациялық шағым түсіріп те үлгерген. Фемида өкілдері қандай шешім шығаратыны әзірге белгісіз. Сондай-ақ, олар Президент Әкімшілігі мен Бас прокуратурдан да көмек сұрауға мәжбүр. https://www.youtube.com/watch?v=VY-uwR6T1Jg