Сауд арабиялық әйелдер хиджаб киюге қарсы наразылық акциясын бастады

20 Қараша, 2018 829 0

Сауд арабиялық әйелдер бүтін денесі мен бет-аузын тұмшалаған киімдерге наразылық акциясын бастады. Олар бұл киімдерге деген наразылығын көйлектерін аударып  (астарын сыртына қаратып) кию арқылы және оны әлеуметтік желілерге тарату арқылы көрсетуде. Осыдан кейін мыңдаған сауд арабиялық «Твиттер» қолданушылар бұл киімдерге деген наразылығын ашық білдірді.

Тақ мұрагері жол ашты Сауд билігі неше ондаған жылдан бері қоғамдық орындарда әйелдердің бет-аузын толық жауып тұратын «никаб» немесе «хиджаб» киюін міндеттеп келген. Алайда, биыл наурыз айында Сауд патшалығының мұрагер ханзадасы Мұхаммед бин Салман Сауд Арабиясының заңында әйелдер міндетті түрде мұндай киімдерді киеді деген ереженің жоқ екенін, әлеуметтік ортада әдепті көрінетін қандай көйлекті кисе де болатынын айтқан болатын.

«Аятта анық жазылған, әйелдер мен еркектер лайықты, сыйлы киінуі керек. Бұл жерде «абайя»  немесе қара түсті паранжа туралы айтылмаған. Бұны әр әйел өзі шешеді», – деген Мұхаммед бин Салман.

Наразылық акциясы Наразылық акциясына қатысушы Howra атты «Твиттер» пайдаланушы өз парақшасына астарын сыртына қаратып киген киімімен фото жариялайды және: «Мен мемлекеттік және салттық ережелерге қарсы шығып жатырмын. Бірақ, шын есімімді жария ету қауіпті. Біз жұмысқа «абайя» мен «никаб» киіп барамыз. Олай киінбесек басқаларға (еркектерге) ауыр болып қалуы мүмкін деп айтылады», – деп жазған.

Наразылық акциясы тұсында сауд арабиялық әйелдер түрлі реңдегі киімдерді де кие бастады. Бұған дейін тек қана қара түсті көйлектерді ғана киген. Былтыр Сауд Арабиясында әйелдердің көлік жүргізуіне құқық берілген. Алайда, әйелдердің құқығын қорғауға тырысқан белсенділердің көбі қамауға алынды.

Соңғы жылдары Сауд әулеті билеген елде әйелдерге белгілі дәрежеде құқықтар беріле бастады. Соған қарамастан, отбасында әйелдердің өзіндік шешім қабылдау құқығы жоқ. Заң жүзінде рұқсат берілген кейбір істер отбасында салттық ережелерге байланысты ешқандай орындалмайды. Әйелдерге берілген аз ғана құқықтардың қысқаша тізімі мынадай:

Паспорт (төл құжаттан тыс) алуына;

Шетелге шығуына;

Тұрмысқа шығуына;

Банкте жеке есебін ашуға;

Кәсіпкерлікпен айналысуға;

Кейбір медициналық операцияларды жасауына;

Түрмеден шығуына (жаза мерзімін өтеген әйелдерді күйеуі немесе баласы алып кетуі керек) рұқсат беріледі делінген.

Осының өзі елдегі әйел құқығының қай дәрежеде екенін көрсете алады. Дегенмен, былтыр ғана елдің тақ мұрагері «2030 жылға қарай әлеуметтік және экономикалық реформалар концепциясын» жария еткен еді. Онда әйелдерге қаратылған биліктің шектеулері біршама азайған. Сауд жұртында патша әулетінен құралған билік жүйесі және діни институттар Исламның «Ваххабизм» деген атпен танылған тармағымен жүреді. Сондықтан да елде жүріп-тұрудан тартып, киім мәдениеті де қатаң бақылауға алынған. Ең қатаң шектеулерге, әрине Ваххабизм ағымының ықпалында әйелдер тап болған. Қазірге дейін Сауд Арабиясындағы реформалар экономикаға басымдық беруде. Оның себебі әлемнің мұнай бағасының құлдырауына тікелей байланысты. Қазір ел экономикалық кірістің өзге қайнарларын іздестіре бастады.

 

Дереккөз: The Qazaq Times

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.