Жаңалықтар

«Тұтқыннан оралған әкесін күтіп алған балалар»

«Тұтқыннан оралған әкесін күтіп алған балалар» атты осы фото үшін 1974 ж. «Associated Press» ақпараттық агенттігінің фотограф Слава Ведер Халықаралық «Пулитцер» сыйлығын алды. Фотода 5 жарым жыл Вьетнам тұтқынында болып, Отанына оралған АҚШ Әскери-Әуе күштері ұшқышының балаларымен кездесу сәті бейнеленген. Құшағын жая ұмтылған тұңғышы 15-те, одан кейін 14 жасар ұлы мен 12 жасар кенже қызы. Ал олардың артында жымиып келе жатқан келе жатқан сол балалардың анасы. Бірақ, ол енді ұшқыштың жұбайы емес... 3 күн бұрын ғана тұтқыннан босап шыққанда 39 жастағы подполковниктің қолына бір хат тиді. Хат әйелінен екен. «Мен өзгердім. Мүмкін есейгендіктен болар сені сүймейтінімді түсіндім. Өмір қысқа, менің өмір сүргім келеді. Сен соны түсінуге тырыс. Екеуміздің ренжісе беретініміз есіңде шығар? Сенің кінәң емес, бірақ екеуміз бір бірімізге сай емеспіз. Біз сенімен мақтанамыз. Балалар мен бірге күн сайын сенің оралуыңды құдайдан тіледік. Сенің фотоларың мен марапаттарың үйдің барлық жерінде ілулі тұр. Балаларың сені ұмытпауы үшін қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Мен сенімен кездесер едім, бірақ сен кездескің келмесе оны түсінемін». Ұшқыштар мектебін жаңа бітрген Роберт Стерммен танысқанда, Лоретта сұлудың жасы 19-да еді. Көп ұзамай екеуі үйленді. Өмірге 4 бала келді. Екеуі ел қатарлы өмір сүрді, кейде үйде ыдыс-аяқ сылдырлап та қалатын. Бірақ ажырасу ойларына кіріп шықпаған еді. 1965 жылы Вьетнамда соғыс басталды да ұшқыш Роберт соғысқа аттанды. 1967 ж. 27 қазан күні оның ұшағын Ханой аспанында атып түсірді. Парашютпен секіріп үлгерген ұшқыш вьетнамдықтардың қолына түсті. Тұтқын азабын әбден тартқан Стерм 1973 ж. 14 наурызда тұтқыннан босағанда салмағы бар болғаны 50 кг еді. Отанына беттеген Стерм құжаттарын дайындау үшін алдымен Филиппин аралдарындағы АҚШ әскери базасына жеткізілді. Жоғарыдағы хат тура осы жерде қолына тиген Роберт есеңгіреп қалды. Тұтқында оны азапқа мойытпай аман алып қалған күш әйелі мен балаларына деген махаббат еді. Иә, кейде екеуі қатты ренжісетін, бірақ кім ұрыспай жатыр? Тұтқында болған 5 жарым жыл ішінде келіншегімен өткізген әрбір сәтті ой елегінен сан рет өткізген Роберт еліне аман жетіп, отбасына қосылса бәрі тамаша болатынына сенімді еді. Болашаққа жетелеген сол сенім бір-ақ сәтте тас-талқан болды. Мынау фото түсірілген соң көп ұзамай ұзаққа созылған ажырасу процесі басталды. Роберт балаларының бәрі өзімен қалғанын қалады. Сот барысында айтылмаған ақиқат қалмады. Роберт тұтқынға түскен соң бір жыл өтпей-ақ әйелі өзге еркектермен кездесе бастапты. Осы жылдар ішінде ол 3 еркектен күйеуге шығу туралы ұсыныс алыпты. Бірақ оның бәрін балаларынан құпия ұстаған екен.  width= Ұшқыш сотта ұтылып қалды. Балалары экс-жұбайлар арасында теңдей бөлінді. Әйеліне үй, машина кетті. Оған қоса айына 300 доллар алимент және әскери ұшқыш ретінде алатын пенсиясының 40%-ы әйелінің пайдасына шешілді. Калифорниядағы әскери базаның әуежайында түсірілген көпке мәшқұр осы суретті Роберт кейінгі отбасына жолатпаған деседі. Ұшқыш Лореттаны кешіре алмапты. Роберттің тағдыры туралы оқып отырып, Б. Майлиннің «Күлпаш» атты белгілі шығармасындағы Күлпаштың сіңлісі Раушанның әпкесіне кедей байыңды тастап басқа байға тиюге үгіттейтіні түсті. «Күлпаштың көңілін аудару үшін Раушанның ұсынатын адамы Жұмағазы. – 40-50 қарасы бар. Бір ауылдың байы. Бұрынғы қатынынан бала қалған жоқ. Жасы биыл тап 40-та. Оған тисең, өзің би,өзің хан боласың!... — дейді Раушан». Роберттің басында болған жағдайға ұқсас оқиға біздің әулетте де болған. Ашаршылықтан әупірімдеп аман қалған бір біріне немере туыс болып келетін 2 жігіт 1941 жылы соғысқа аттанды. Екеуінде өзге ет жақын туыстың бәрі ашаршылықтан аман қалмады. Екі жігіттің бірі соғыстың алдында аяқтанып үлгерген еді. Соғысқа үйленбей кеткені бауырынан ертерек елге оралады. Келсе бауырының әйелі көрші ауылға күйеуге шығып кетіпті. Бауырынан «қарақағаз» келмеген. Яғни өлді деген жаманат хабар жоқ. Келіншек сонда да шыдай алмаған. Әлде Күлпаштың сіңлісі секілді біреу азғырды ма кім білсін?! Кеткен келіншектің артынан іздеп барып, отбасылық реликвия кебежені алып қайтқан менің әкем еді. Сол кебеже біздің қара шаңырақта әлі тұр. 2 оқиғаның арасы бар болғаны 30 жылға жетпейтін уақыт.. АҚШ Қазақстаннан қаншалықты алыс болса, адамдарының түсінігі де мүлдем алшақ. Тек пендешілік қана барлық адамзатқа ортақ секілді. Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ