2021 жылдан бастап Қазақстанда білім беру саласында өзгеріс болады
2021 жылдан бастап Қазақстанда білім беру саласында өзгеріс болады
Білім беруді басқару органдары жүйесінің дұрыс ұйымдастырылуы – білім беру тиімділігін арттырудың маңызды шарттарының бірі, деп жазды Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің инстаграм парақшасында.
Сарапшылар аудандық, қалалық және облыстық білім басқармаларының өзара байланысы мен жұмыс жүргізу жүйесіндегі кемшіліктер туралы ұзақ уақыт бойы айтып келеді.
Президенттің тапсырмасы бойынша тиісті Заң қабылданды.
Енді 2021 жылдан бастап аудандық және қалалық білім беру бөлімдерін қаржыландыру және басқару құзыреті облыстық білім беру басқармаларына беріледі, яғни бұл мектептер мен балабақшаларға да қатысты.
Бұл – жалпы білім беру саласы үшін өте маңызды қадам.
Халықаралық зерттеулер аймақтардағы білім сапасының әртүрлі екенін көрсетті. Елімізде бірыңғай нормативтік құқықтық актілер, бірыңғай стандарттар мен талаптар болғанының өзінде өңірлердегі білім сапасындағы айырмашылық 2 жылдан асады.
Егер білім беру ұйымдарын қаржыландыру мәселесіне көз жүгіртсек, онда да бір облыс ішінде диспропорцияны байқауға болады.
Бұл, әсіресе, мектептерді жылыту маусымына дайындау, оқулықтармен қамтамасыз ету, жөндеу жұмыстары мен жаңа білім беру ұйымдарын салу кезінде байқалады.
Бүгінгі жағдай мынадай: мектептер мен балабақшалар аудандық және қалалық білім беру бөлімдеріне бағынады, ал білім бөлімдері өз кезегінде аудандық немесе қалалық әкімдіктерге бағынышты.
Ондағы басшылар аудан немесе қала әкімдерінің шешімі бойынша жұмысқа тұрады, қызметтен босатылады және мекемелер қаржыландырылады.
Ал облыстық білім беру басқармаларының заңды түрде және іс жүзінде де ешбір қаржылай, әкімшілік құзыреті болмағандықтан мектептер мен балабақшалардың дамуына айтарлықтай әсер етпейді.
Облыстық Басқармалардың құзыретінде колледждер, дарынды балаларға және ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 5-10 мектеп, балалар үйі, ПМПК бар. Бұл басқармалар өңірлердегі әкімдерге бағынады, әкімдіктерден қаржыландырылады. Сәйкесінше, басшыларын да облыс әкімдері тағайындайды.
Білім саласындағы мұндай басқару жүйесі кері байланысқа, білім саласындағы саясаттың тиімді имплементациясына кедергі келтіреді.
Нәтижесінде қаржыландыру бойынша сәйкессіздіктер кездеседі, жөндеу жұмыстарына, апатты жағдайлар.