Шардараның шаруалары жемісті еңбек атқарған

12 Қараша, 2018 599 0

Шардара ауданының диқандары биыл егістің бірнеше түрінен межедегіден артық өнім алды. Ала жаздай тынымсыз еңбек еткен шаруалар 30 миллиард теңгенің ауылшаруашылық дақылын жинады. Осындай табыстың арқасында жер өңдейтін 200-дей жаңа техника сатып алынды. Бұл шаруаның жұмысын жеңілдетіп, қол күшіне тәуелділіктен арылтты. Жиналған мақта талшының жартысына жуығы комбаиндармен терілді. Бұл туралы newsroom+ порталы shymkenttv.kz-ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.

 

Айтбай Айбеков-биылғы жылдың  үздік мақташысы атанды. 12 гектар жерге шит сепкен диқан өзгелерге қарағанда екі есе көп өнім жинады. Әр гектардан 45 центнерден  мақта терілді.

 

АЙТБАЙ АЙБЕКОВ - ШАРУА

Жоғары жетістікке жету үшін күзде  жер айдалу керек. Ол міндетті түрде  култивация, тегістеуін, дәрісін уақтылы беру керек. Суы, шабығы сол кезде ғана бітік өнім алуға болады.

Мақтаны осындай тиімді әрі жаңашыл тәсілмен егетін  диқандардың қатары көбейді. 333 гектар жерге тамшылатып суару әдісімен шит себілді.  Соның арқасында қалыпты егістен бірнеше есе  көп өнім алынды. Шикізатты өңдеу ісі де жанданып келеді. Ауданда биылғы жылы мақта талшығын өңдейтін тағы екі кәсіпорын іске қосылмақ.

 

БОЛАТБЕК ҚЫСТАУОВ- ШАРДАРА АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ

Оның біреуі 50 мың тонна мақта өңдейтін болса, жоба құны 3 миллиардтан асып отыр. Және де Шардара қаласында 200 мың тонна өңдейтін  кәсіпорын  іске қосылатын болады. Оның жобалық құны 800 млн теңге. Жалпы осы жобаның өзінде 424 адам жұмыспен қамтылады

Шардаралық диқандар биыл күріштен де мол өнім жиды. Қамбаға 8 мың тоннадай «ақ маржан» құйды. Оның 40 пайызы ішкі нарықта саудаланса, қалған бөлігі  Ауғанстан мемлекетіне экспортқа жіберілмек.

 

РАҚЫМБЕРДІ АЙТМЫРЗАЕВ - ШАРУА

Экологиялық таза күріш өндіру  мақсатымен агрономиялық жолдарын есептеп, гербицид пайдаланбай, химиялық тыңайтқыш пайдаланбай таза өнім алып, өнімді негізінен шетелге өткізіп жатқан жайымыз бар.

Жиын терім науқанын табысты аяқтаған шаруалар жәрмеңке жасап,«Алтын күз» мерекесін өткізді. Дархан пейіл диханның арқасында жұрт қысқы азық-түлігін қамдап алды.Шат-шадыман күйде өткен мерекеде  «жылдың  үздіктері» анықталып, марапатқа ие болды.

Достар! Біздің телеграмма арнамызға жазылыңыздар және соңғы жаңалықтарды бірінші болып біліп отырыңыз. Жаңалықтар Сізге дереу жетеді!

Пікір қалдыру

Пікір жазу үшін сайтқа кіріп, телефон нөмірін растаңыз.