Көз жұмған 51 дәрігерге өтемақы төлене ме?
Көз жұмған 51 дәрігерге өтемақы төлене ме?
Елде коронавируспен күрес барысында көз жұмған дәрігерлердің саны 51-ге жетті. Басым бөлігі мемлекеттік наградаға ие болды. Оны марқұмдарының туыстары алып еді. Естеріңізде болса, қызмет бабында науқастанған, көз жұмған ақ халаттыларға өтемақы қарастырылады делінген болатын. Бірақ күні бүгінге дейін әлі төленбегенге ұқсайды. Неге? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасына Newsroom+Ақпарат агенттігі сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғыдан қабырғасы қайысқан қария, өксігін тыя алмай тұрған ана. Аты жаман індет айналып өткен әулет қалмады. Марқұмдардың арасында кеселмен күрескен дәрігерлер де бар. Соңғы деректерге қарағанда көз жұмған ақ халаттылардың саны 51-ге жеткен. Оның 42-сі мемлекеттік наградаға ие болды. Шымкент әкімдігі медаль-орденімен бірге марқұмдардың жақындарына 1 млн теңгеден жәрдемақы беріпті. Бұл мемлекеттің өтемақысы емес, бата түріндегі көмек, дейді.
МҰРАТ ӘЙТЕНОВ, ҚАЛА ӘКІМІ:
"Бата ретінде көмек ақша. Оны енді үлкен көмек деп айта алмаймыз, бірақ, қолдан келгеннің бәрін жасап жатырмыз. Ия, мемлекет тарапынан қайтыс болған дәрігерлерге заң бойынша ақша беріледі".Ақтөбеде де марқұм болған дәрігерлердің жақындары наградаларын алуда. Оңдасын Оразалин облыстық инфенкциялық аурухананы басқарған Қалихан Қозбағаровтың "Алтын жұлдыз" бен "Отан" орденін жұбайына табыстады. Коронавирустан көз жұмған Байғанин ауданының дәрігері болса, "Құрмет" орденін алды. Награда Күлай Егеубайдың қызына табысталды. ӘСЕЛ БАҚЫТЖАНҚЫЗЫ, МАРҚҰМ К.ЕГЕУБАЙДЫҢ ҚЫЗЫ:
"Осы медицина саласында 35 жыл тынбай еңбек етіп, абыройлы болды. Бұл бірінші алып жатқан медалі емес. Жалпы, медицина саласына көп еңбегі сіңді. Еңбегін бағалағанына үлкен рақмет. Өте сыйлы, абыройлы азаматша болды. Орны толмас қайғы".Өзгенің өмірі үшін басын бәйгеге тіккен жандар қандай да марапатқа лайық екені даусыз. Осыдан үш ай бұрын жұмыс бабымен жүріп, науқастанған, мерт болған дәрігерлерге өтемақы қарастырылатыны туралы айтылып еді. Дәрігердің нақты науқасты емдей жүріп, дертке шалдыққаны не көз жұмғаны дәлелденуі керек.Оны арнайы аймақтарда құрылған комиссия анықтайды екен. Денсаулық сақтау министрлігінің ішіндегі комитет төрағасы бүгін брифингке келген. Қанша дәрігер өтемақы алғанын сұрағанда тосылып қалды. Сөзінен түсінгеніміз, әлі бірде бір дәрігер өтемақы алмаған. Оны төлеу туралы бұйрық Денсаулық сақтау және Еңбек министрлігіне ортақ құжат. Сондықтан ведомство басқаратын Біржан Нұрымбетовтен бір қайыр болар деп тағы сұралды. БІРЖАН НҰРЫМБЕТОВ, ҚР ЕҢБЕК ЖӘНЕ ХАЛЫҚТЫ ӘЛЕУМЕТТІК ҚОРҒАУ МИНИСТРІ:
6 Аймақтан 123 өтініш келіп түсті. Тәртіпке сәйкес, үш жұмыс күні ішінде Әлеуметтік сақтандыру қоры науқастанған дәрігерлерге ақы төлейтін болады. 123 өтініштің ішінде мерт болғандарға қатыстысы жоқ. Әзірге ондай құжат түспеді".Демек, 123 дәрігер жақында 2 млн теңге алады. Ал көз жұмған ақ халаттылардың расымен жұмыс бабында дертке душар болғаны әлі тексеріліп жатыр ма? Бұны да біле жатармыз. https://www.youtube.com/watch?v=Iuh1fwWFn3Y