Арман Рахмет: «Жұмыс ұйымдастыру деңгейі нөл!»
Арман Рахмет: «Жұмыс ұйымдастыру деңгейі нөл!»
«12 сағаттық түнгі сменнен шықтым. Мұнайлы астананың облыстық ауруханасының қалай жұмыс істеп жатқанын айтайын ба?» деген жазба қалдырған желі қолданушысы Арман Рахмет Атырау қаласы, облыстық ауруханадағы болып жатқан жағдайды жеткізген.
Жұмыс ұйымдастыру деңгейі нөл!
Неге бәлен айдан бері жеткілікті түрде ИВЛ аппараттарын алып қоймадыңдар, ковид шыққаннан бері 7 ай өтті емес пе?
Жақсы, ИВЛ жоқ екенін білесіңдер, демек кислород балондарын пайдаланатындарың айдан анық, олай болса неге төмендегі мәселерді алдын ала шешпедіңдер:
1. Кислород балондарын аурухана есебінен алдын ала сатып алып, олардың күнделікті түрде ауамен толтырылып, тоқтамай келіп тұруын қамтамасыз ету. Қазір білдей облыстық аурухана қайыршы құсап кәсіпкерлердің балондарына қарап отырсыңдар, олар кислород әкелмегенде не болатын еді? Ойлау қорқынышты.
2. Балондарды даладан ішке кіргізіп, науқастарға уақтылы жеткізіп тұратын жалақы төленетін жұмыс күшін алу.
Олардың графигін 6 сағат сайын ауысып тұратын қылу. Себебі жұмыс ауыр және басқаларына қарағанда вирус жұқтыру қаупі жоғарырақ (Мысалы балон тасығанда ауа өткізбейтін киімнен теріңіз көзіңізге құйылады, оны сүртесіз)
3. Кислород балондарға көптеп механикалық бәсеңдеткіштер алып қою. Осыған дейін бәсеңдеткіштерді біздің еріктілер өз ақшаларына алып жүрді.
4. Әрбір бөлімге жұмыс ұйымдастырушы координаторлар тағайындау, міндетті түрде медициналық білімі болуы шарт емес. Ол адам балондардың кислородпен толтырылып әкелуін, оларды таситын жігіттердің жұмысын ұйымдастырып, бақылап және механикалық бәсеңдеткіш сияқты керек-жарақтың үзбей жеткізіліп тұруын қамтамасыз етуі тиіс.
5. Түн мезгілінде кезекші дәрігер таппайсыз, ал аурулар әдетте түнде қысылады. Сондықтан түнгі кезекте дәрігерлерді көбейту.
Қиын ба? Жоқ. Көп ми керек пе? Жоқ.
Ал сіздер бұлардың бірін де жасамағансыздар!!!
Сіздер мысалы 90 кг ауыр балондарды жоғарыға тасуды, науқасқа отыз екілік кілтпен жалғауды, босаған балондарды төменге түсіруді өрімдей жас медбикелердің мойындарына іле салғансыздар. Қалай ғана дәттерің барды бұған? Мен, спортпен шұғылданатын мығым жігіт қазір шаршап, талып отырмын. 12 сағат балон тасудан! Мүмкін 3 медбике жабылып жүріп жоғарыға бір балон әкелді делікші, ал қалған науқастар ше? Өле ме? Ол жердегі науқастардың көбінің кислород балонысыз 5 минут отыра алмайтынын білмейсіз бе?
Бүгін мысалы жансақтау бөліміне қарт әжей түсті. Дәрігерлер дереу құтқару шараларын бастап кетті. Кенеттен әжей демалып жатқан орталық кислород жүйесінде қысым азайып кетіп, әжей дем ала алмай қалды. Бір ғана амал қалды- кислород балонына қосу. Қосайын десем балон бар, бәсеңдеткіш (редуктор) жоқ. Дереу шаруашылық бөліміне соғып механикалық бәсеңдеткіш жеткізуін сұрадық, ал олар қойманы кілттеп кетіп қалған (!) Әжей ауа жетпей қиналып жатыр, не істейміз? Мен бірнеше жүз метрдегі басқа ғимаратқа жанталасып жүгіріп барып, өзім бұрын көріп кеткен бәсеңдеткішті алып келіп жалғадым, әжей бір өлімнен қалды-ау деймін. Ал қоймада бәсеңдеткіш толып тұр (!)
Енді ойлап көріңіздерші, қаншама адам осындай ұйымдастырудың нашарлығынан ауа жетпей өліп жатулары мүмкін? Ал бұл менің тек бір түнде көргенім!
Енді бізге, яғни еріктілерге келейік.
Біз қазір 2 жігіт күндіз, 2 жігіт түнде 12 сағаттан ауысып істеп жүрміз (Кислород балонын тасу, жалғау).
Елестетіп көріңіз күн сайын оттегі балонын ауа өткізбейтін киіммен демалмастан 12 сағат тасуды. Енді қалай ойлайсыз біз енді қанша күн шыдаймыз? 5 күн, 10 күн? Ал ресми ақпаратқа сенсек ковид әлі бірнеше айға созылмақ. Мысалы жақында менің кезекті өзімнің жұмысым басталады, демек мүлдем ерікті болып істей алмаймын. Сонда мен кислород апарып жүрген науқастар не болады? Тұншығып өле ме?
Қаншама үндеулер, жиналыстар, статистикалар, бәрі жақсы деген ақпараттар... Ал іс жүзінде әжей бәсеңдеткіш жоқтан өліп кете жаздады!
Жоғарыда жазғандарымды қорытындылай келе айтарым, сіздер қаңтардан бері ковидқа емес, «дәрігерлердің көңіл күйін көтеретін» салютқа дайындалғансыздар!
Және бірнеше күн ортасында болған адам ретінде астын сызып айтарым: Дәрігерлер мен медбикелер, санитарлар өз жұмыстарын жанкештілікпен атқаруда, бүкіл проблема ұйымдастыруды білмейтін басшыларда!
Ең болмаса дереу менің жоғарыда жазған іс-шараларымды жасаңыздар, қаншама адам өлімнен аман қалады!
Автор сөзі соңын «біздің елде осындай ауруханалар көп шығар» деген сөзбен аяқтаған.