Жолдас Өрісбай: «Министрлік ашық статистиканы күн сайын бере алмай отыр»
Жолдас Өрісбай: «Министрлік ашық статистиканы күн сайын бере алмай отыр»
АҚШ-та білім алып жатқан журналист әрі қоғамдық проблемаларады көтеріп жүрген Жолдас Өрісбай өзінің Facebook парақшасында белгісіз пневмонияға және елдегі түсіндіру жұмыстарына байланысты жазба қалдырған.
«Белгісіз Пневмония» тарап жатыр – деп еліміз әлемнің авангард медиа ресурстарының басты беттеріне шықты. Өкінішке қарай, ЭКСПО-да, Астананың Нұрсұлтан болып өзгеруі де, 80 жылдық отшашу да, шетел туристері мен инвесторларын тартуға жұмсалатын миллиардтаған қаржы да бізге мұндай триумф алып келмеді. Кейде осылай фиаско «жеңіс» алып келетіндей парадокс та болып тұрады екен.
Қытай елшісінің дәл осылай «дабыл» қағуына екі себеп бар. Бірі – пандемияға қатысты Қытайды ассоциациялауды азайту немесе Қытайды айыптауды аз болса да доғару. Себебі Қытай елшісі Қазақстанда белең алып жатқан «белгісіз пневманияны» COVID-19-дан да қауіпті деп сипаттайды. Сосын бұл пневманияның «белгісіз» деп аталуы да бекер емес. Қазақ медицинасы пневманияның себебін анықтай алмай әлек. Айтайын дегенім, жаппай тарап жатқан қандай пневмания екені белгісіз. Ол коронавирус жұқтырғанынан болып жатыр ма әлде науқастарға жаппай антибиотик қабылдауынан бактериялық пневмания өршім жатыр ма, бізге қараңғы.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (WHO) ресми сайтында антиобиотиктердің коронавирусқа қарсы күреспейтіні жазылған. Олар нақты бактерияларға қарсы қабылданады. Мысалы, жөтелді басатын дәрілерді де қабылдамау керек. Себебі адам жөтелу арқылы өкпедегі вирустарды кеңірдекке қарай шығара алады. Сол шыққан вирусты шаю үшін жиі қайнатылған су ішіп тұру керек. Сосын бумен демалу арқылы да өкпеге барған буды суға айналып, аздап болса да, вирусты шаю мүмкіндігі бар.
Антиобиотиктер жағдайды қалай қиындатып жіберуі мүмкін? Мысалы, адам коронавирусты жұқтырған кезде өзін әлсіз сезініп, жөтел пайда болып, ыстығы көтеріледі. Сол кезде антиобиотик қабылдаса, ол адам денесіндегі вирусқа әсер етпей, пневманияға алып келетін бактериялардың қарсы тұру қабылетін күшейтеді (антиобиотиктердің бактерияны жоя алмауы иммунитеттің нашар болуына байланысты). Нәтижесінде, адам өкпесінде коронавирусқа қоса, бактериялы пневмания пайда болады.
Мұнда дәрігерлерді де айыптауға болмайды. Себебі олар коронавирус жұқтырған адамдарды қалай емдеу немесе қандай профилактика жасау керек екенінен хабарсыз. Оларды аз болса да дайындықтан өткізу үкіметтің міндеті еді. Өкінішке орай, ешқандай тренингтер, онлайн түсіндіру видеолары жасалмады.
Қазіргі қиын жағдайдағы үкіметтің позициясына келсек. Мұнда президент болсын, үкімет басшысы немесе министрліктер болсын халықпен нақты коммуникациялық арналарды ұйымдастыруы тиіс еді. Тоқаевтың «тыңдайтын үкіметі» өкінішке орай дәрменсіз. Қаржыны флешмобтарға жұмсамай, халыққа түсіндіру жұмыстарын жасауы тиіс еді. Мысалы, мамыр айының соңына дейін халықтың басым бөлігі вирусқа мүлде сенбей келді. Оған да үкімет өзі қаржыландыратын мемлекеттік арналар мен медиа ресурстар, тендер арқылы мақала жазуға міндеттейтін басқа да жартылай еркін медиа ресурстар арқылы түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс еді. Батыста соңғы 10 жылда «түсіндірмелі журналистика» (explanatory journalism) деген сала қалыптасты. Халыққа күрделі болған мәселелерді журналистер оңай тілмен, визуалды түрде жеткізіп отыруды айтады. Бұл әсіресе, видео ресурстар арқылы тиімді іске асырылып келеді. Адамдардың сенімді медиа ресурстарға сүйенбей, әлеуметтік желілер арқылы расталмаған/провокацияға толы немесе мотиві бизнес болған ресурстарды іздеуі де осы коммуникациялық каналдардың жоқ екенін білдіреді. АҚШ-та құдайдың құтты күні Ақ Үйде пресс-брифинг болып жатады. Аймақтағы губернаторлар баспасөз мәслихатын жиі ұйымдастырады. Ал журналистер министрліктерге хат жолдап, жауабын айлап күткенше, сол жиындарда халықтың көкейінде жүрген сұрақтарға лезде жауап ала алады. Ал бізде, өкінішке қарай, денсаулық сақтау министрлігі коронавирус пен пневмания статистикасын ашық түрде күн сайын бере алмайды. Егер нақты статистиканы осындай қиын жағдайды жылдам ұйымдастыра алмасақ, «Диджитал Қазақстан» деп әлемге жар салғанымыз бен Елбасы, арнайы Елбасы үшін, басқа ешкімге емес, инновациялық көрмелерді ұйымдастырғанымыз көк тиын.
Ашық статистикалық мәліметтердің дер кезінде шығуы неге керек? Адамдар әр аймақта вирустың қалай таралып жатқанын, аймақтың ішіндегі аймақ, яғни аудандар мен ауылдарда вирустың қаншалықтың белең алғанын статистикалық карталардың көмегімен біліп, өздерін кейбір әрекеттердің шектейді. Сосын мұндай деректер қолжетімді болса, журналистер де, датаны нарративке сүйемелдеп, халықтың санасына жеткізуге тырысады. Дәл осылай мыңдаған кейстер мен өлімдердің алдын алуымыз мүмкін еді.
Дәл қазір қазақтар жағдайы ауыр туыстарын емханаларға апаруға да қорқып отыр. Себебі ол жақта барлық нәрсе тапшы. Сосын ол жерде жақсы күтім болуы да екіталай. Себебі ауырған адамдар көп. Оларға қарайтын медицина қызметкерлері аз. Сондықтан үйде аса мұқияттықпен емделуі тиімдірек болып отыр.
Кез келген профилактиканың 1-2 айға дейін үзбеу керек. Себебі бір туысымыз бір аптада емделгендей болып, жұмысына шығып кеткен еді. Тағы бір аптадан кейін қайта жатып қалды. Сондықтан жұмысқа қайта оралуға, тіпті үйдегі азды-көпті шаруаларды жасауға асықпау керек. Күтіну керек.
Аман болыңыздар! Осындай жазып, кеңестеріңізбен бөліскен барлықтарыңызға рақмет. Туыстарыңызқа қамқор болыңыздар!