Жаңалықтар

МАҚТААРАЛДЫҚ ДИҚАНДАР МЫҢ ТОННА ҚАРБЫЗДЫ ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРДЫ

МАҚТААРАЛДЫҚ ДИҚАНДАР МЫҢ ТОННА ҚАРБЫЗДЫ ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРДЫ

 width= Мақтаарал ауданы – еліміздің ең күнгей аймағында орналасқан диқаншылыққа өте қолайлы аймақ. Ерте көктемнен егістікке кірісетін шаруалар бақша дақылынан алғашқы өнімін экспортқа шығарып үлгерді. Атап айтқанда, бүгінге дейін өңірде қарбыздан 1000 тонна және қауының 20 тонна өнімі ТМД елдеріне тасымалданған. Бұл туралы Мақтаарал аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ғалым Дүйсенбеков мәлім етті. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеевтің тапсырмасына сәйкес, 1 алқаптан 2-3 өнім алу жобасы аясында Мақтааралда атқарылып жатқан жұмыстар өз нәтижесін беруде. Жамбыл ауылдық округіне қарасты Жалын елдімекенінде орналасқан «Жорабек» шаруа қожалығы ерте піскен өнімін Белоруссия еліне экспорттап жатыр. Қожалықтың басшысы Райымбек Қалдыбаев қарбыздың «Долби» атты сұрпын егіп, 60 күнде өнімін жетілдірген. Бүгін 1 жүк көлігімен 25 тонна өнімді шетелге жөнелтпекші. Диқан қарбыздан соң егістік жеріне мал азықтық дақыл түрлерін егіп, бір жылда екі рет өнім алмақшы. Жалпы аудан бойынша биыл 10 667, 3 гектар жерге бақша дақылы егілген. Оның ішінде пленкалы қауын 3 535,7 гектар, ашық топырақта егілген қауын 5867,6 гектарды құрайды. Сондай-ақ, пленкалы қарбыз 831 гектарды, ашық топырақта егілген қарбыз 433 гектарға жетіп отыр. Айта кетейік, өткен 2019 жылы Мақтаарал ауданында 300 мың тоннаға жуық бақша өнімдері өндірілген болатын. 12 айда ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 44,9 миллиард теңгені құраған еді. Түркістан облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі