Түркістан облысында Евро - 5 стандартына сай отандық өнім, АИ-92 маркалы бензин, дизель жанармайы мен бензол, толуол, ксилол және үлгілі мазут өнімдері шығарылады. Бірегей жобаның ерекшелігі - бұл өнімдер көмірден өндіріледі. Әлемде теңдесі жоқ жобамен облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев арнайы танысып қайтты. Ордабасы ауданы, Бадам ауыл округіндегі «Стандарт Ресурсис» ЖШС көмір - химиялық комбинаты жылына 30 мың тоннаға дейін шикізат өндіруге қауқарлы.
1,5 млрд. теңге инвестиция құйылған жоба
аясында 100-ге жуық жаңа жұмыс орны ашылмақ. Мемлекет тарапынан «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында инфрақұрылым желісі жүргізіліп, 3 шақырым жерде темір жол тартылған. Қазіргі таңда зауытта құрылыс жұмыстары аяқталып, іске қосылуға дайындық үстінде.
Өмірзақ Естайұлы экспериментальды жобаны кеңінен жүзеге асыруды қолға алу керектігін айтты. Ол үшін теңдесі жоқ технологияның қыр - сырын жаппай үйретуді тапсырды. Өнім тек ел көлеміндегі нарыққа ғана емес, ТМД елдеріне экспортталмақ. Негізгі мердігері-мұнай химиясы саласындағы нарық көшбасшыларының бірі болып табылатын ресейлік «ЭТН Циклон» компаниясы.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі