Коронавирусқа тест тапсырмаған алматылық әйел үйінде босанған
Коронавирусқа тест тапсырмаған алматылық әйел үйінде босанған
Алматы қаласының тұрғыны коронавирусқа тест тапсырмағаны үшін перзентхана қабылдамай қойған. Сөйтіп жүкті әйел түн жарымда өз үйінде босануға мәжбүр болды. Көмекке жедел жәрдем қызметкерлері келген, қазір бала мен ана дін аман деп хабарлайды Newsroom+ тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Үйде босанған алматылық Марина Пушко сол уақытта қандай күйде болғаны туралы сөз қозғады. "Тест қорытындысы болмаса, қабылдамайтынын айтты. Мен сынама тапсыруға қаражатым жоғын түсіндірдім. "Ақшасыз қалай бала туайын деп жатырсың?" деп айтты.
Жылы жауып қоя салсам, бұндай жағдайға басқа келіншектердің тап болуы мүмкін. Егер қан кетіп немесе балам бір жамандыққа ұшыраса, не болар еді? Бұны ойлаудың өзі қорқынышты", - деді Марина Пушко. Телеарна таратқан ақпаратқа сәйкес, толғағы қысқан әйелді перзентхана қызметкерлері коронавирус бар-жоғын анықтайтын тест қорытындысы болмаған соң, екі рет кері қайтарған. Марина Пушконың мекенжайы бойынша тіркелген емханасы жүктілерге арналған тегін тесттің таусылғанын жеткізген көрінеді. Осылайша, Алматы қаласының тұрғыны түн жарымында жедел жәрдемнің көмегімен ауласында босанды.
28 жастағы келіншек өмірге ұл бала алып келген. Бұл Марина Пушконың үшінші перзенті. Ал жүкті әйел тіркелген №19 емхана қызметкерлері сол кезде қаладағы барлық сынама орталықтарының жұмысы бірнеше күнге тоқтаған болатын деп отыр. Медицина қызметкерлері бас санитардың қаулысына бағынуға тиіспіз дейді. Видеодан кадр/КТК Осы жағдайға қатысты гинекология және перинатология ғылыми орталығының баспасөз хатшысы пікір білдірді.
"Қазақстанның Бас мемлекеттік санитар дәрігерінің 25-маусым 2020 жылғы №43 қаулысына сәйкес, жоспарлы және шұғыл түрде стационарға жатқызу кезінде науқатсар, сондай-ақ жүкті әйелдер мен жаңа туған сәбилер профилактикалық мақсатта ПТР-тестінен өтуі тиіс. Біздің орталыққа жатқызылмас бұрын пациентке өзінің тіркелген емханасында бас мемлекеттік санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, Covid-19 сынамасы бойынша зерттеуден тегін өтуге кеңес берілген", - деді ол.