Жаңалықтар

Рашид Аюпов:"Басымнан өткен қиындықтар, тірі жанның басына бұйырмасын"

Рашид Аюпов:"Басымнан өткен қиындықтар, тірі жанның басына бұйырмасын"

 width= Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов екі апталық үзілістен соң, алғаш рет Instagram парақшасында жазба жариялады. Ол осы уақыт бойы нағыз дұшпан COVID-19 ауруымен күрескенін айтқан деп жазады NewsRoom+ақпарат агенттігі.
"Ардақты ағайын! Зұлым індетке шалдығып, мен біраз уақыт араларыңызда бола алмадым. Ең алдымен жақындары бақилық болған отандастарыма қайғырып, көңіл айтамын. Қысқа мерзімде қатарымызды жалмап бара жатқан мына індеттің салдарын көріп, көңілім құлазыды. Алла баршамызға медет болып, қайтыс болған жандарды жәннаттық еткей! Осы екі апта ішінде дұғада болған әрбіріңіздің арқаңызда, Алланың қалауымен, ел қатарына қайта оралуға мүмкіндік бұйырып отыр",-деп жазды ол.
Сондай-ақ ол тез арада асқынып кеткен аурудан, қолдарынан келгенше, барын салып, аман алып қалған дәрігерлерге алғысын білдірді. Сонымен қатар әкім аурудың салдарсыз өтпегенін айтып,әлі де қалыпқа келу үшін оңалу шараларын жасайтынын айтқан.
"Соңғы тест нәтижесі де коронавирустың ағзамнан кете қоймағанын көрсетті. Бірнеше ішкі мүше жұмысын тоқтатып, енді қайта қалпына келтіру керек. Дәл қазіргі жағдай ешкімге оңай болып тұрған жоқ. Басымнан өткен қиындықтар тірі жанның басына бұйырмасын деп тілеймін. Барынша сақтық шараларын ұстайық. Ең маңыздысы бетперде. Арақашықтық! Тазалық! Өтініш, "сақтанғанды сақтайды" демекші сақ болыңыздар! Жасы үлкендерді барынша сақтап қалайық! Еліміз аман, халқымыз тыныш болсын!",- дейді ауруынан айыққан қала әкімі.
Еске сала кетсек, Түркістан қаласының әкімі Рашид Аюпов 22 маусымда тест қорытындысынан коронавирус індеті анықталып, оқшаулануға кететінін айтқан болатын.