Шағын бизнес өкілдері: Шығынға шаш етектен баттық

Шағын бизнес өкілдері: Шығынға шаш етектен баттық

ашық дереккөзі

 width= Қойылған талаптың бәрін сақтауға дайынбыз дейді. Бізден де қауіпті ошақ болатын нысандар жұмыс істеп тұрғанда, неге рұқсат бермейді деп налиды. Қалыптасқан жағдайға қатысты әкім пікір білдірді. Бұл туралы Newsroom.kz+Ақпарат Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. https://youtu.be/s0_uTqS2RQI Екі апталық карантин екі ай төтенше жағдайдан кейін есеңгіреп қалған кәсіпкерлерді әбден сұлатуы мүмкін. НҰРЖАН БИЯҚАЕВ, ТӘУЕЛСІЗ САРАПШЫ: "Қазіргі карантин ең әуелі туризм саласына ауыр тиюде. Шекара жабық десе де болады, отандастарымыздың саяхат жасауға құлқы да жоқ қазір. Әзірге есеңгіреп тұрған сала қашан ес жияры белгісіз. Көп уақыт қажет етеді деп санаймын". "Қазір біз ағылшын тілінің орталығында тұрмыз. Осы бөлмеде 5 баладан артық емес, балалар орналасады". Карантин кезінде шектеу қойылған нысандардың бірі. Қосымша білім беру орталығы. Қаңырап тұрған бөлмелерді иесі көрсетуде. Кез келген санитарлық талаптарды орындауға әзірміз деп сендірді. Әр топта жоқ дегенде бес баладан әкелуге рұқсат етсе, аренда ақысын өтеп, кәсіпті қалай да ұстап тұруға сеп болар еді дейді. Қазір осындай мекеме ашқандар бірігіп, бірлестік құрмақшы. Топ болып арыздансақ, бір шара болар деп үміттенеді. МАРХАБА ҚҰРМАНОВА, ОҚУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ: "Банкрот дегеніңіз бер жағы. Шығынға шаш етектен батып жатырмыз. Үкіметтен біз секілді шағын орталықтарды қолдауын сұраймыз. Қажетті қауіпсіздік талаптарын сақтауға дайынбыз. Бірақ бізді елеп отырған ешкім жоқ. Асырап отырған отбасымыз бар, балаларын дамытқысы келетін ата-аналардың да өтініші осы". Баласын орталыққа әкеп жүрген ата-ана да осында. Екі баланың әкесі. Үлкені мектепте. Онлайн оқимын деп үлгерімі күрт төмендепті. Бірінші сыныпқа барғалы тұрған кенженің де жайы қиын. Тым құрығанда қосымша білім беру орталығына әкелсек, ақыл-ойының дамуын қамтуға болар еді деп алаңдайды. ДАНИЯР ОМАРОВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ: "Қауіпсіздік жағынан қорықпаймын. Өйткені, осындай кішкентай орталықтарда көбінесе бір группада 5 адамнан аспайды. Сондықтан санитарлық нормалар сақталады деп ойлаймын". Шектеудің де логикасы болуы керек. Сән салонының иесі осылай дейді. Роза Сайрасанқызы бұған дейінгі төтенше жағдайдан келген шығынды әлі өтеп болмағанын айтуда. Нысанды жалға беріп тұрған тұлға оған 50 процент жеңілдік берсе керек. Оның өзін қалай төлеймін деп бас қатыруда. РОЗА САЙРСАНҚЫЗЫ, СҰЛУЛЫҚ САЛОНЫНЫҢ ИЕСІ: "Менің ең бірінші сұрағым, неге летниктер жұмыс жасайды? Біздің салонның қасында летник бар, ол жерде адамдар отырады. Парктерде адамдарға рұқсат берді жүруге. Неге салондарға рұқсат бермейді? Бізде барлығы алдын ала жазылумен келеді клиенттер. Сантиарлық нормаларды қолданамыз. Сонда менің ең басты сұрағым, неге бізге рұқсат бермеді. Хотя бы 3-4 адам келіп, по записи жұмыс істей берсек. Бізде жағдай өте қиын". Елорда әкімі карантиндік шаралар мемлекеттік органдардың ермегі емес дейді. Бұл кезеңде қала қазынасы да шығын көріп отырғанын жеткізді. АЛТАЙ КӨЛГІНОВ, НҰР-СҰЛТАН ҚАЛАСЫНЫҢ ӘКІМІ: " Карантин кезінде, төтенше жағдай кезінде біздің қалалық бюджет 60 млрд-тан астам қаражат түспеді биылғы жоспарға сәйкес. Ол кәсіпкерлерге де қажеті жоқ, азаматтарға да қажеті жоқ. Егер біз тәртіпті сақтап, бір-бірімізге көмектесіп, дәрігерлерге қол ұшын бергеніміз, ол тәртіпті сақтағанымыз. Соны ұмытпасақ, біз міндетті түрде бұрынғы қалыпқа бірте-бірте келетін боламыз". Брифинг барысында жеке сервистік қызмет көрсететін мекемелерге рұқсат беру мүмкін бе деп сауал қойылды. Оны жекелей қарастыруға болады дейді Алтай Көлгінов. Қалай дегенмен, бұл карантиннен қанша кәсіпкер экономикалық тұрғыда аман шығатынын болжау қиын болып тұр.

Жүктелуде...