Бүгінгі Қазақстан және әлемдегі жаңалықтар | Newsroom.kz RU search
8 шілде, 2020 / NewsRoom / Жаңалықтар

Мектептердің қабырғалары жарылып, едендері шіріп жатыр

Мектептердің қабырғалары жарылып, едендері шіріп жатыр

Мектептердің қабырғалары жарылып, едендері шіріп жатыр
ашық дереккөзі
 width= Алматы облысында апатты мектептер мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, бір ғана Панфилов ауданының өзінде 3 білім ордасы құлайын деп тұр. Атап айтқанда Шежін, Басқұншы және Аққұдық ауылдарындағы оқу ғимараттары әбден ескіріп, тозығы жеткен. Қабырғалары жарылып, еден ағаштары шіріп кеткен. Бір жаны қисайып тұрғандықтан, қарсы бетіне тіреу қойып, уақытша ұстата салыпты. Ол жерде оқымақ түгілі ішіне кірудің өзі қорқынышты. Бұл туралы Newsroom.kz+Ақпарат Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап хабарлайды. https://youtu.be/wJLKli31G4k Әйгілі қылқалам шебері Әбілхан Қастеев дүниеге келген Шежін ауылы жаңа білім ордасына жарымай отыр. Жауаптылар аппатты мектеп мәселесін жапсарлас нысан салып, шешпекші. Алайда, бұған шежіндіктердің көңілі толмайды. Өйткені, іргесі 1936 жылы қаланған білім ордасына 1983 және 2005 жылдары да осындай іргелес ғимарат салған. ЖЕКСЕНБАЙ ЖҮНІСОВ, ШЕЖІН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Бос тұр. Мына жер ажырап кеткен. Қаңылтырмен құр жауып қойғанбыз ғой. Әй, егер бір жағдай болатын болса, бұған сенуге болмайды". 85 бала білім алатын бұл мектептің қос ғимаратты қазір қауіпті жағдайда тұр. Жапсарлас салынған нысандардың арасы ажырап, қабырғалары жарыла бастаған. Ішке қарай опырылып кетпес үшін сыртынан тіреу бағанамен ұстатып қойған екен. Оның өзіне еш кепілдік жоқ. ҚАЙСАР ҚҰДАЙБЕРГЕНОВ, ШЕЖІН ОРТА МЕКТЕБІНІҢ ДИРЕКТОРЫ: "Апатты деген ғимаратта бізде 1936 жылы салынған ғимарат. 2014 жылы «Алматы құрылыс экспертизасының» құжаттары бар. Ол жерде мектептің кітапханасы, медициналық пункт бар және орынбасарларға арналған кабинет орналастырылған. Бірақ, оқушылар ол жерде оқымайды". Ескі ғимаратта оқушылар оқымайды дегенмен, мұнда олар кітапханаға келеді. Медициналық тексеруден өтеді. Ең бастысы - нысан әлі де қолданыста. Сондықтан, қауіп басым. ЖҰМАҒАЗЫ НҰРҒАЗЫҰЛЫ, ШЕЖІН АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "4 немерем оқиды. Екеуі бітіріп кетті ол. Енді, солар үшін алаңдаймыз. Ана мектеп бір күні құлап кетсе, кім жауап береді? Актовый зал керек мысалы балаларға. Қыстың күні спорт зал жоқ. Балалар ойнамайды. Енді, балаларға ыстық тамақ береміз деп әзір үкімет қолдап жатыр. Ал, ыстық тамақ беретін орын жоқ бізде". Аққұдық ауылындағы мектепке негізделген ескі ғимараттың да жағдайы мүшкіл. 120 бала оқитын білім ордасы қауіпті жағдайда тұр. Төбесі опырылып, қабырғалары жарылған нысан 2011 жылы апатты деп танылған. Тек арада 9 жыл өткеннен кейін ғана мәселе шешімін тапты. Бірер күнде жаңа мектептің құрылысы басталмақ. Алайда, осы өткен оқу жылында СЭС мамандары нысанды жарамсыз деп жауып тастаған екен. Мектеп директоры бар жауапкершілікті өзіне алып, қайта аштырыпты. АЛМАБЕК ОСПАНОВ, Ш.БАЙБАТШАЕВ АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕП ДИРЕКТОРЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ: "Директор барып, гарантийный письмо беріп, өз жауапкершілігіне алып, 31 мамырға дейін деп рұқсат алған, эконом соттан. Соған жеткізді. Келесі жылға қорқамыз енді. Қорықсақ та, мектеп басталса, шыдайық. Шыдаймыз енді". Жаңа мектеп 2 кезеңмен бой көтермек. Яғни, келесі жылы бірақ қолданысқа беріледі. Ал, бұл мәселе ата-аналардың үрейін тудырып отыр. ШОЛПАН НҰРАҚЫНҚЫЗЫ, АҚҚҰДЫҚ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ: "Қыркүйек айында қайтадан балаларымыздың мектепке қайта кіруіне біз қорқамыз. Өйткені, үрейленеміз. Тіреумен тұрған нәрсе. Балаларымызды басып қала ма, Алла өзі сақтасын. Денсаулықтарына да сондай қауіпті". Апатты мектептер кезек күттірмейтін мәселе болғанымен, оны бірден шешуге қаражат жағы қолбайлау болып тұр, - дейді жауаптылар. ТАЛҒАТ ӨМІРӘЛИЕВ,  ПАНФИЛОВ АУДАНЫНЫҢ ӘКІМІ: "Бізде допустим ондай апатты жағдайда Басқұншыда да бар. Оған да қазір ақша сұрап отырмыз. ПСД жасау үшін. Ол мәселелер бар. Шетінен-шетінен ретімен өзі келеді. Бірақ, оның расчеты ПСД жасалғаннан кейін ғана белгілі болады".